23:01
Шұғылалы шешендік

АСАУБАЙ ШЕШЕН       

Асаубай шешендігімен қатар қу әрі ақылды адам болған. Ол өзінің сана-сезімінің жүйріктігі арқасында бай-болыстардың атын олжалап, бермесін жеп кетеді екен. Мысалы, ол Есдәулет деген байдан айласын асыруды ойлайды. Есдәулет оны жек көріп, төріне шығармауға тырысып жүреді. Бір күні Асаубай қулығымен байды ұтып кетуді көздеп, оның үйіне келеді. Сол сәтте көп адам Есдәулеттің үйінде қонақ болып, ет жеп жатыр екен. Сонда бай қонақтарына:

- Анау қу келе жатыр, бірің де орын бермеңдер, - депті.

Есдәулеттің сөзін естіп қалған Асаубай:

Есекең мені жек көреді,

Асекең бұл етті жеп береді.

Есекең биік жар емес пе,

Мен бір ойнаған лақ емес пе,

Менің сөзімді Ескең несіне кек көреді? –

деген екен.

Асаубайдың тапқыр әрі қу болғанын Қозыбай дегенге айтқан өлеңі де аңғартады. Қозыбай оны сөйлетуді ойлап бір арық қойды алдырады да жорта:

- Асеке, бата қыл, - дейді.

Сонда Асаубай:

Қозыбай тілімді ласаң,

Бұл қойыңды сойма.

Күздігіңді ойла, -

депті.

Шешеннің бұл сөзіне қозыбай мырс етіп күледі де, лақ алдырып, тағы да бата тілейді.

Асаубай іркілместен:

Бата қыл дейсің лаққа,

Бұ бишараның екі енесін бірдей жылатпа,

Асакеме еріп май жеп,

Қайтайық деп келіп еді,

Мына балалардан мені ұялтпа,

Асаубайдың жейтіні тоқты,

Мен сұрамаймын жоқты,

Мен кетпесем соймассың боқты, -

депті.

Асаубай Айдапсалұлы – дұшпанымен де, досымен де батыл сөйлескен ақын. Оның бұл дарынын Қожық деген баукеспе ұрымен кездескендегі сөзінен де айқын тануға болады.

Асаубай бір үйде түстеніп отырғанда, үстіне Қожық келіпті. Сонда Қожық:

- Дәмге кез келдім, жолым болады екен, - деген екен.

Асаубай оған күлімсірей қарап:

- Кезеген аяқ боқ болар, - дейді.

Асаубайдың осы сөзін кектеніп біраз күннен кейін Қожық шешеннің бір үйір жылқысын ұрлап, айдап кетеді. Оның соңынан ақынның өзі қуып барады. Ұры үйінде жатыр екен, шешен есікті ашып, үнсіз тұрып қалыпты. Сонда Қожық:

- Бұ кім? – деп дауыстапты.

Асаубай тайсалмай:

Сұрасаң менің атым Асаубай,

Жақсы-жақсы сөзім бар,

Жүк қып жиған жасаудай.

Өткір-өткір сөзім бар,

Күпшекке салған қашаудай.

Жылқымды менің айдап кеп,

Шалқаңдайсың аяғыңды баса алмай,

Тауды аударған зеңбірек.

Уақыты жеткенде, ол-дағы қалады от алмай,

Атаң туған құмайдан,

Анаң туған лайдан.

Он жылқымды ұрлап кеп,

Қорықпайсың ба құдайдан?

Үнемі атың келе бермес озып.

«Ұрлық түбі – қорлық» деген халық,

Түбінде сен де кетерсің тозып, -

депті.

Ьұ жолы Қожық Асаубайдың жылқысын қайтарып бермейді. Арада біраз уақыт өтеді. Бір күні Қызылжардан ояз келіп, Қарасу деген жерге үй тіккізіп, съезд ашады. Сол съезге Асаубай шешен келіп, ояз отырған үйге кіреді де, басынан бөркін алып:

Сәлем бердік, төреміз,

Өзіңізді сырттан білеміз.

Келгенде арыз бермесек,

Жетпейді сізге өреміз.

Әділдік қылсаң, әй, тақсыр,

Қожықтан кек алып беріңіз.

Мал қоймады нашарға,

Қорыққаннан көнеміз.

Болысқа айтсақ теңдік жоқ,

Осылай болып жүреміз, -

дейді.

Сонда ояз Асаубайдың малын тез қайтартып Қожықты бала-шағасымен итжеккенге жер аударыпты. Сол кеткеннен Қожық ұры елге қайтып келмеген екен.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 41 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: