10:18
Сөз-сөйлеу сырлары

ӘСЕРЛІ ӘҢГІМЕ ҚҰПИЯСЫ

Қызықты оқиға бар. сіздің санаңызда өте көп. Сәл ойланыңыз, архивты ақтарыңыз, өткен күндерге көз жүгіртіңіз. Өйткені адам баласы 6 түрлі көңіл-күй әсерін бастан кешеді:

  1. Таңғалу;
  2. Жиіркену;
  3. Ашулану,
  4. Мұңаю;
  5. Қорқу;
  6. Қуану.

Сіз қорқасыз адам болған соң, қорықпайтын адам жоқ немесе таңғаласыз. Сіз қуанасыз, сіз мұңаясыз, кейде жиіркенесіз, кейде ашуланасыз. Міндетті түрде осы 6 көңіл-күй әсері сіздің басыңыздан өтеді. Егер басыңыздан өткен қандай да бір оқиға сіздің есіңізге түссе, сол оқиғамен байланысты көңіл-күйіңіз де өзгереді. Мысалы, дүкенге барып бірдеңе сатып алу күнделікті әрекетіміх болғандықтан есімізде қалмауы мүмкін. Бірде дүкенге барғанда бала кезден тай-құлындай тебісіп өскен, сағынысып жүрген досыңызды көріп қалдыңыз. «Ооо, бауырым, қалайсың?» - деп, бет сүйістіріп, төс түйістіріп, құшақтасып, үйге шайға шақырасыз. Қуандыңыз. Дәл сол күні дүкенге барғаныңыз есіңізде қалады. Себебі сіз досыңызды жолықтырып қалғансыз, қуанғансыз. Тіпті сол күні дүкенге киіп барған киіміңіз де есіңізде қалады. Есте сақтау қабілетіңіз жақсы болса, сол күні не сатып алғаныңыз да есте қалады. Егер сізге қандай да бір ортада сөйлеу уақыты аз берілсе, екі-үш минут қана сөйлейтін шектеулі уақыт, еркін форматтағы жиналыс болса, қызықты оқиғаңызды айтыңыз да, соңынан айтқыңыз келген идеяны сонымен байланыстырыңыз. Мәселен, ютубты аштыңыз, кез келген сіз таңғалып жүрген кәсіпкердің сұхбатын қарасаңыз, бәрінің әңгімесі бір қызықты оқиғадан басталады. «Басында... өте қиын болды. Алматыға келгенде бір чемоданмен келгенмін» - деп бастайды. Ол бір чемодан ақша ма, немен келгенін, Құдай білсін?! Кейде көпшіліктің енді не болар екен деген қызығушылығын тудыру үшін: «Қауын-қарбыз келетін көлікті жолда тонап кетті; көліктің дөңгелегі жарылып Санкт-Петербургта қалып қойды; соңғы мүмкіндік – таныс тәтемнен қарыз алып, цех аштық; енді жұмыс бастағалы жатқанда цех та өртеніп кетті» деген сияқты адамның уайымын, күдігін көбейтетін әңгіме айтқан сайын, халық та «ары қарай не болды екен, мына деңгейге қалай жетті екен» деп қызыға тыңдайды.

Сіздерге бір шынайы әңгіме айтайық. Асылында, өзі футболдың жанкүйері емес. Жолдастарымен бір сәті түсіп барып, көріп қалғаны болмаса, арнайы өзі іздеп барып немесе теледидардан күтіп көрмейді. Мессидің мықты футболшы екенін біледі, бірақ қай жерде, қалай, қанша рет гол соққанын, қанша рет «Алтын доп» иегері атанғанын білмейді. Ол да оның қанша рет «Алтын домбыра» иегері болғанын білмейтін шығар. Естуінше, бала күнінде Мессидің денсаулығы нашар болған, науқас болған, бойы өспеген, тіпті дәрігерлер оған спортпен шұғылданып, футбол ойнауына тыйым салған. Бірақ Месси туралы деректі фильм көргенде ішімізде осындай денсаулықпен, дәрігерлердің тыйымына қарамастан қалайша мықты футболшы болып кетті деген сұрақ туындайтыны анық, яғни интрига. Әрі осы сұрақ бізді деректі фильм соңына дейін қызығушылықпен көріп шығуымызға түрткі болады, ұйып тыңдаймыз. Сіз де аудиторияны ұйыту үшін оқиғаңызды қызықты етіп, интригамен айта біліңіз. (жалғасы бар)

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 10 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: