22:56
Сөз-сөйлеу сырлары

ӘСЕРЛІ ӘҢГІМЕ ҚҰПИЯСЫ

Халықтың алдына шығып, әңгімесін әсерлі қылып айтып, ешқандай цифрлар мен даталардан шатаспай, мақалдатып-мәтелдетіп, жылайтын жерде жылап, күлетін жерде күліп, керемет етіп ойын жеткізіп жүрген адамадрға ТАҢҒАЛМАЙ-ақ қойсаңыз болады. Неге? Себебі олар – дәл сол сіз таңғалған әңгімені, сіз таңғалған мәтінді бірнеше жерде айтып әбден шыңдалған адамдар. Олардың жалғыз ғана құпиясы – осы. Тіпті ең қымбат тренер, дәрісі өте қымбат тұратын – Тони Роббинстың өзі 1987 жылы айтылған әңгімесін 2020 жылғы сұхбаттарында айтып жүр. Сіз де бір әңгімені бірнеше жыл, бірнеше ай бойы әртүрлі аудиторияда айтып көрсеңіз, «ол мәтіннің қай жері артық, қай жері кем, қай жерінде күлу керек, қай жерінде жүру керек, дауыс интонациясы қалай құбылғаны дұрыс» деген сұрақтардың жауабын біліп алғаннан кейін, барлық қате-кемшілігін жөндеп, елдің алдында кереметтей етіп айта алатын қабілетке ие боласыз. Сондықтан да ешқандай ораторға таңғалудың қажеті жоқ, мұның барлығы тәжірибемен келетін дүние. Дайындығыңыз қалай болса, көпшіліктің алдында дәл солай сөйлейсіз. Осы орайда бір әңгіме айта кетейік.

2019 жылы бірнеше айтыскер ақынның басы қосылып, «ақындар сахнаға шығып тек айтысып қоймайық, біреуді сынап, оның нәтижесін күтіп қарап отырмайық, біз де нақты бір іс-әрекеттерге көшейік» деген шешімге келді. Барлық облыстарды аралай бастады. Аралаудағы мақсаттары – рухани шығармашылық кеш өткізу, билеттен түскен қаражаттың барлығын көп балалы отбасыларға аудару немесе олардың баспаналы болуына жұмыс атқарсақ деген ниет ету мүмкін емес, оны өзіңіз де біліп, түсініп отырсыз. Бірақ бірнеше отбасы баспаналы болды. Айтқысы келгені, олар айтыстың форматын біледі, оларға ол таңсыз дүние емес. Ол жердегі аудитория, ол жердегі аура оларға мәлім. Ал концерттің форматы оларға жаңа болғаннан кейін, олар тұңғыш рет мұндай жаңашыл жаңа дүние болып көрінді. Оларда уайым, толқу көп болды да, кейбір жерде сасып қалды, кейбір жерде тоқтап қалды. Бірінші концерт өтті, екінші концерт өтті, үшінші концерт өтті. Төртінші, бесінші концерттерге келгенде кешті ұйымдастырушы продюсерлері отбасылық мәселесімен басқа қалаға кетуге мәжбүр болды, яғни барлық техникалық, ұйымдастырушылық жауапкершілікті мойнына алып жүрген адам басқа жаққа кетіп қалды. Алғашқы концерттен бері жинаған аз ғана тәжірибелері бар болса да, олар LED экранды қалай қосып-өшіру керек, қай жерде техникалық дауысты күшейту керек, қай жерде азайту керек біліп алды. Тіпті гримді де өздері жасап алатын болды. Айтқысы келгені, олар бірнеше тәжірибеден өткеннен кейін бір продюсердің орындайтын жұмысын өздері-ақ атқаратын деңгейге жетті. Сіз де бірнеше ортада сөйлеп, ысылып, тәжірибеңізді арттырып алсаңыз, қандай ортаға түссеңіз де, емін-еркін сөйлей беретін халге жетесіз.

Ойланып көрелікші, неге осыдан 20-30 жыл бұрын, я болмаса, одан да бұрын айтылған ертегілер (мысалы, «Бауырсақ», «Мақта қыз бен мысық»), қызықты оқиғалар әлі күнге дейін біздің ойымызда, әлі күнге дейін санамызда жаңғырып тұр? Бізді түнгі сағат үште оятып жіберіп сұраса, осы ертегілерді жатқа айтып бере аламыз. Ал университет қабырғасындағы профессорлардың оқыған дәрістерінің 99,9%-ы есімізде жоқ. Неге? Себебі ертегілерде, оқиғаларда нақты іс-әрекеттер, нақты кейіпкерлер бар. сондықтан қандай да бір ортаға барып, сөйлеп болғаннан кейін сіздің идеяңыз халықтың есінде сақталсын десеңіз, міндетті түрде басыңыздан өткен бір оқиғаны айтыңыз. Және жеткізгіңіз келген идеяны соған қосыңыз. Сонда ол көпшіліктің есінде міндетті түрде сақталады. Адамдар ЖОО оқымаса да, тіпті өздерінің атын жаза алатындай сауаты болмаса да, олардың тарихты есте сақтап қалатындай, қызықты оқиғаны есте сақтап қалатындай қабілеті бар. осы жерде «Мен ондай қызықты оқиғаны қайдан аламын, дәл қазір ешқандай оқиға есімде емес?» деген сұрақ туындауы заңдылық. (жалғасы бар)

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: