09:29 Сөз-сөйлеу сырлары | |
«ГОВОРИТ МОСКВА!» (дауыс ырғағы) Бәріміз танитын Гитлердің дауысқа, адам үніне қатысты көп зерттеуі болған. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде адамдарды сөзіне сендіріп, соңынан ерте білген Левитанды зерттеуге көп ден қойған. Мыңдаған, миллиондаған адамды соғыс алаңына, өртке, өлімге алып бару көптің қолынан келмейді. Тамұқ болып жатқан жерге ешкім жетектеп, желкелеп апара алмайды, жан тәтті ғой. Осы кезде Кеңес Одағы Левитанды құрал ретінде қалай пайдаланды? Оның күн сайын, әр сәт, сағат сайын шығып: «Киелі соғысқа келіңдер!» деп шақыруы Одақ әскерінің қатарын толтырды. Левитанның даусына Гитлер үлкен мән берген, баға берген. Сталиннің басына тіккен бағадан Левитанның басына тіккен соманы үш есе арттырған. «Левитан қолға түспей, Кеңес Одағын басып алу, бағындыру мүмкін емес» деп ойлаған. Осыдан бастап дауысқа деген қызығушылық, диктаторларға деген сұраныс жоғарылаған. «Говорит Москва!» Бұл сөздерді сөйлеуші адамның даусын 80 жыл бұрын кез келген адам жазбай танитын. Бірақ жүзінен ешкім тани алмайтын. 1945 жылы 9 мамыр күні Екінші Дүниежүзілік соғыста неміс әскерін қиратып, Кеңес Одағының жеңіске жеткендігін жариялаған осы дауыс болатын. Кремльдің алдына жиналған қалың жұрт бұл дауысты естіген кезде тып-тыныш бола қалатын. Ел тек оның даусын күтеді. Тек оның даусына сенеді. Егер ол сөйлесе – ешқашан өтірікке шықпайды, айтса – айтқаны аныққа айналады. Юрий Борисович Левитан. Оның сырт келбеті қатаң құпия, сырт көзден сақталатын. Левитан – Кеңес Одағының құпия қаруы болатын. Егер ол «Отан қорғау – әр азаматтың парызы» десе, әскер саны бірден екі-үш есе арта түсетін. Дәл қазір біздің қоғамда мұндай әсерлі дауыс иесі жоқ десек те болады. Левитан – мың жылда бір туатын ең мықты дикторлардың бірі. Мектепте өте нашар оқыған. 9 жылда 7 сыныпты әупірімдеп әрең аяқтаған. Тәртібі де өте нашар, «Шалапай Левитан» деген лақап атқа ие болған. Ол 13 жасында, 1927 жылы маусым айында Прага қаласында атақты ақын в.Маяковскийдің кешіне барады. Сахнада тұрған Маяковскийдің өзін-өзі ұстауы, өлең оқу мәнері, мимикасы, жестикуляциясы – Левитанды еріксіз баурап алады. Ең басты ұнағаны – ақынның даусы еді. Осы жерде отырған кезде ғана өзінің де даусы ерекше екендігін, ешкімге берілмеген қасиет иесі екенін түсінеді. Дауыс қабілетін ашуға Мәскеуде мүмкіндік көбірек деп, сол жаққа келеді. Бірақ қалай, неден бастарын білмейді. Іздеп жүріп, бір студияға кезекші болып орналасады. Ол дегенің еден жуушымен бірдей мәртебе болатын. Левитанға ол кедергі болмады, ең бастысы, микрофон мен дикторларға жақын болса болғаны. Жұмысқа келген алғашқы күні-ақ кәсіби мамандар оның даусын аңғарады. Микрофонға шақырып, сөз сөйлеп көруді ұсынады. Таңғаларлық дауыс, басс, интонация – барлық маманды естен таңдырады. Бірақ мектепте нашар оқығандығы осы жерде көрінді: сөздерді дұрыс оқи алмайды. Орыс тіліндегі «Молоко» сөзін дәл осы қалпында оқитын. Енді ол редакторлардың берген мәтінін өзіне ыңғайлап көшіріп жазып алады. «Молоко» сөзін айтылуы бойынша «Малако» деп жазады. Осылайша, өзінің құштарлығы мен тырысқандығы арқасында қысқа тікелей эфирлерге шыға бастайды. Ал дауыс тонын жоғарылатып айтатын сөздерді қызыл қаламмен, ал көк қаламмен даусын бәсең, ақырын тонмен айтылатын сөздерді астын сызып белгілеп алатын болған. Ол өзінің 30 жыл бойғы еңбек жолында осы әдетінен таймайды. Осындай екі түс біріктірілген қарындаштың бір бумасын Левитанға Иосиф Сталин өз қолымен сыйға тартады. Бірде Сталин радио тыңдап отырып әуезді тембр, ерекше ырғақты дауысқа назар аударады. Көмекшісіне телефон соғып, ертеңгі баяндамасын дәл осы дауыс иесі оқу керектігін бұйырады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
