09:56 Сөз-сөйлеу сырлары | |
«ГОВОРИТ МОСКВА!» (дауыс ырғағы) Бәріміз бала кезден естіп өскен «Бауырсақ» ертегісін бір сәт еске түсірейікші: Бауырсақтың алдынан бірінші қасқыр шығады: «Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!» Бауырсақ: «Мен атамнан қаштым, мен апамнан қаштым, енді сенен де қашамын». Дәл осы картина бірнеше рет әртүрлі аңдармен қайталанады. Оқиға желісі бір ізді. Баурап алатындай ешқандай ерекшелігі жоқ. Бауырсақ шыр айналып қашып жүреді де, соңында бәрібір түлкіге жем болады. Бірақ баланы ертегіге елітіп, тыңдаудан жалықтырмайтын тұсы – ертегіні айтушының дауыс ырғағы. Бауырсақтың алдынан кездескен аңдардың даусын құбылтып айта білуіне байланысты аузы ашылып тыңдауы мүмкін. Аюдың даусын аюға сай ақырған темппен, қасқырдікін қасқырға сай жоғары дауыста құбылтып айтпасаңыз, ертегіні монотонды түрде зырылдатып айтып шықсаңыз, баланың да тыңдауға құлқы болмайды. Бала ертегінің сюжетіне қызықпайды, әр образдың құбылуын, сіздің эмоциямен жеткізе білгеніңізге қызығады. Бұл тек ертегіге ғана қатысты емес, кез келген ақпаратты өзінің характерін беріп айта білсе, сөздің мағынасы маңызды болмаса да, тыңдаушыны интонация арқылы ұйытуға болады. Көптеген адамдар дауыс ырғағына мән бере бермейді. Алайда, психологтардың пікірінше, дұрыс дауыс ырғақпен адамдар өзара жақсы қарым-қатынас орната алады. Өзара қарым-қатынас – тек екі адамның байланыс орнату құралы емес, бүкіл әлеммен ақпарат алмасу тәсілі. Өз сезімдерін басқа адамға жеткізе білуі де дауыс ырғағына байланысты. Интонацияның маңыздылығы, әсіресе, телефон арқылы сөйлескенде қатты білінеді. Телефонмен сөйлесу барысында сіз дауыс ырғағыңызды өзгерте отырып, өзге адамдардың ойында өзіңіздің қалаған бейнеңізді қалыптастыра аласыз. Дәл сол сияқты, оратордың да тыңдарманмен сенімді, мықты қатынас орнатуы үшін дауыс ырғағын меңгергені жөн. Оратор сөйлеу барысында ауызша және ауызша емес құралдарды қолданады. Мимика, жестикуляция, көру арқылы келетін сигналдар аз болған жағдайда көрерменмен коммуникацияның мәні де, сапасы да төмендей бастайды. Осы кезде дауыс ырғағын құбылту көмекке келеді. Оратордың даусы – сөзінің өтімді болуына, жақсы нәтижеге жеткізетін көптеген ерекшеліктерге ие. Басқаша айтқанда, оратор сөйлеу барысында дауыс ырғағының көмегімен аудиторияны өзіне жақын тартып немесе қашырып алуына болады. Дауыс ырғағы тыңдарманның бойында қуаныш, қорқыныш, жек көру немесе жанашырлық сияқты бірқатар сезім тудыра алады. Психологтардың зерттеуінше, адам пихикасы мағлұматтың 40 процентіне дейін тек интонациядан алады екен. Және мұндай жағдайларда сөздің құрылымы не болмаса мағынасы ескерілмей де қалады екен. Оратор сөз бастағанда анық және даусын көтеріп, жоғары тонмен бастағаны абзал. Әрі қарай дауыс ырғағын жиі өзгертіп, сөздің мағынасына сай келгенде тыңдаушы да әңгіменің қызығына тоймай, тыңдауға ынтыға түседі. Ол нәрсені жаттықтыру үшін сіз дауыс ырғағыңызды бастықтың даусына, сатушының, кондуктордың, көшіңіздің, баланың даусына салып көріңіз. Сонда даусыңыздың диапазоны кеңейеді. Қызықты бір кітап немесе шығарманы дауыстап, мәнерлеп оқуды әдетке айналдырыңыз. Мәтіндерді оқығанда мәтіннің мағынасын толық және дұрыс жеткізіп оқығанда мәтіннің мағынасын толық және дұрыс жеткізіп жатырсыз ба тексеріп отырыңыз. Мәнерлеп оқу сөйлеушіге қашан да пайдасын тигізеді. Жалықпай, өзіңізге керекті нәтиже алғанша оқи беруге болады. Адамдар қарым-қатынас арқылы энергия алмасатыны тәрізді, тыңдаушы да оратордың сөзінен, сөйлеу тонынан қуат алып, қанаттанып шығатын болсын. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
