18:21
Сөз-сөйлеу сырлары

ДАУЫС пен ДИКЦИЯНЫ ҚОЙЫП АЛАЙЫҚ

Жаңылтпаш жаттағанда бір сөзден шатассаң, қайтадан айтасың, бір жерден жаңылдың, қайтадан қайталайсың – әйтеуір түбі сол жаңылтпашты жаңылмай, мағынасын жоғалтпай, жылдам айтып шығу керек деген түсінік баланың бойында үлкен мотивацияны қалыптастырады. Осыны біздің ата-бабамыз ежелден-ақ Тони роббинс пен Стив Джобс ақыл айтпай тұрған заманда білген. Сондықтан сіздер де жаңылтпаш жаттап жүріңіз. Жаңылтпашты тек балалар айтсын деген заңдылық жоқ, жаңылтпаш жаттап, тіл жаттықтырыңыз. Сіз дайындаған мәтініңізді диктофонға жазып, тыңдап көріңіз, қай дыбыс шықпай жатқанын өзіңіз байқайсыз. З мен С әріптерінен жиі шатасып жатады адамдар, булығып шықпай қалатын дыбыстар болады. Осының барлығын шыңдау үшін жаңылтпаштың пайдасы керемет. Төмендегідей мысалдарды көріңіз:

Кім сызғышсыз?

Біз сызғышсызбыз.

Сызғышсыздарға сызғышсыз сызғыз.

Кім өлшер?

Ол өлшер.

Сол өлшем, сол мөлшер.

Үміт түбіт түтті,

Түбітті түтіп бітті.

Қапыда ит қапты,

Қатты қапты, қапты қатты.

Қанат қанағаттанарлық баға алды ма,

Қанағат қанағаттанарлықсыз баға алды ма?

Бұл бір жылтыр шылбыр екен,

Кіл қылдан ескен қыл шылбыр екен.

Ол да Ділдә, бұл да Ділдә,

Ол Әбділдә, бұл да Әбділдә.

Тұрарбек Тұралбектер бір ел ме екен?

Тұралбек Тұрарбекті білер ме екен?

Қырық кір қыстырғыш

Қырық кір қыстырғышқа

Қырық кісі кір қыстырды.

Абалақ-сабалағы шыққан

Арланды абалатпасаңдаршы,

Абалаған арланға

Абат бақты аралатпасаңдаршы.

Аршабек арша деп шыршаны,

Шыршабек шырша деп аршаны.

Шатасты күлдіріп баршаны,

Шырша деп, арша деп шаршады.

Әжемнің «жесі әжімді емес,

Әжімді әжеме әзілкеш те

Әжімдісің деп әзілдемес.

Мықтымсынған мықты мығымсыз шықты,

Мықшыңдатып мыртық-ақ оп-оңай жықты.

Байқасаңыз, с мен з, о мен ө, р мен л және тағы да басқа айтылуы қиын дыбыстарды анық айтуға осындай жаңылтпаштар көмектеседі. Мақал-мәтелдер сіздің сөздік қорыңызды байытуы мүмкін. Ал сөздік қорыңыз бай болып, оны булығып, қате айтып тұрсаңыз, бай сөздік қор кімге керек? Кемінде он жаңылтпаш жатқа білуіңіз керек және үнемі қайталап айтып жүріңіз. Белгілі бір тойға, жиналысқа бара жатқан кезіңізде барғанша жаңылтпаш айтып, тіліңізді жаттықтырыңыз. Тіліңіз жиі қимылдасын. Сөйтіп кез келген аудиторияда сіз емін-еркін жаңылыспай сөйлеуге дағдыланасыз. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 6 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: