22:46 Сөз-сөйлеу сырлары | |
АУДИТОРИЯНЫ ИГЕРУ. ХАЛЫҚ НАЗАРЫН ҰСТАП ТҰРУ ҚҰПИЯСЫ Тыңдаушының ойын басқа арнаға бұрмас үшін сіз үнемі қимыл-қозғалыста, динамикада болуыңыз қажет. Сіз көпшілік алдында сөйлеуді жаңадан бастап сөйлеп жүрген оратор болсаңыз да, тәжірибелі мамандай сөйлеңіз. Мұнда ол тәкаппарлық пен жасандылық туралы емес, сенімділік туралы айтқалы тұр. Бұған дәлел ретінде аға буын айтыскер ақындардан мысал келтіре кетсе. Аузынан інжу-маржан төгіліп жатса да, көпшілік есінде қала қоймаған ақындар бар. Мысалы, айтыскер ақын, талай әндердің авторы Бекжан Әшірбаев жоғары интеллектуалды ойларымен ерекшеленетін сирек ақындардың бірі болса да, әртістік қабілеті, халық алдындағы харизмасы жеткіліксіз болғандықтан, оның өнердегі карьерасы сөз қадірін терең түсінетін әдебиет өкілдерінің ғана есінде қалды. Ал аудиториямен тығыз контактіге түсе алған, сахнада еш қысылмайтын, әрбір сөзін жеткізу барысында жетсикуляцияны өте жиі қолданатын Қуаныш Мақсұтов өнердегі карьерасын аяқтаса да, әлі күнге дейін халықтың сұранысына ие. Тіпті ол өлеңін айтпай жатып, ел оған қол соққысы кеп тұратын. Мұның өзі көпшілік алдында өнер көрсетушіге тек сөз ғана емес, сахнадағы харизма мен сенімділіктің қаншалық қажет екенін анық аңғартады. Осы тұста өзі қобалжып тұрған адам қалай сенімді адамның образына кіре алады деген заңды сауал туындайды. Сенімділікті арттырудың ең қарапайым тәсілі сөз сөйлейтін орныңызға сәл уақыт болса да ертерек барғаныңыз абзал. Ол мейрамхана болсын, сахна болсын, саяси мінбер болса да ертерек барып сол ортаға бой үйреткеніңіз жөн. Мәселен, спортшылар өз алаңдарында жақсы өнер көрсетеді де, шетелге шықса, басқа ареналарда шатаса бастайды, толық мүмкіндігін аша алмайды. Өйткені ми жаңа ортамен танысу, көз үйрету процесі барысында көп энерия жұмсап қояды. Сіз де бір аудиторияда сөйлейтін болсаңыз, мүмкіндігінше сол сахнаны алдын-ала барып көріңіз. Бой үйретіп, ары-бері жүріп, толық танысып алыңыз. Аудиторияны сезініп, өзіңізді сол сахнаның қожайыны ретінде сезінбейінше, сізде өзіңізге сенімділік ұяламайды. Сіз сөйлейтін сахнаға бірінші көрермендер келіп алса, олар үйдің қожайыны сияқты болады да, сізді күтіп алады. Сіз қонақсыз. Ал қазақ «Қонақ қойдан жуас» дейді. Сіз өзіңізді қонақ ретінде сезінген соң, барынша аудиторияның дегеніне көнесіз, қысыласыз, тезірек ол жерден шығып кетуге тырысасыз. Ал көпшіліктен бұрын бірінші келіп алсаңыз, ол сахнаның иесі сіз, қожайыны сіз. Қонақтарды күтіп алып, қалай қожалық етсеңіз де өз еркіңіз. Өзіңізді емін-еркін сезініп, өзіңізге сенімділік осы жерден бастау алады. 8 наурызда концерт беретін кәсіби әншілердің өзі 5 наурыздан бастап сол сахнаны жалға алатыны да сондықтан. Қазір адамдар барлығын өз бетінше өздері қадағалап, бақылап үйреніп келеді. Өз өмірлеріне жауапкершілік алып, барлық саласын өздері басқарғысы келеді. Әлеуметтік желілерде ойын ашық айтып, қалаған нәрсесін жазады, қалаған нәрсесін жариялайды. «егіз лебіз» немесе «Екі жұлдыз» сияқты телешоуларды көріп, дауыс беріп, жеңімпаздың тағдырын шешеді. Солайша, шоудың көрермені ғана емес, жарысқа қатысушының жеңімпаз болуына ықпал ететін күш екенін сезінеді. Диалог орнатушы серіктесі болады. Ал жиналысқа келгенде немесе аудиторияда отырғанда ондай құқықтан айырылады. Барлық билік спикердің қолына көшеді. Ол жерде сөйлемейді, пікір айтпайды. Сол себепті, сөзге қызығушылығын жоғалтып, телефонына үңіліп, ойының терең тұңғиығына кетіп қалады. Осындай оқиғалар орын алмас үшін, аудиториямен қарым-қатынасты үзбеңіз, үнемі кері байланыс орнатып отырыңыз. Аудиторияда отырған адам жауап бермесе, сахнадағы сөз жалғаспай қалатын сияқты, сөйлемесе, сценарий бұзылып кететін сияқты – маңызды адам екендерін сездіріп отыру керек. Аудитория өзінің осы аудиторияға керек екенін толық сезінсін. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |