23:58 Сөз-сөйлеу сырлары | |
МӘТІН ДАЯРЛАУ Болам десең ақылы асқан тұлға Тырысқан жөн сөзіңді жақсартуға. Керемет сөз сөйлеудің құпиясы – Керек емес сөздерден бас тартуда. Сөйлейтін мәтінімізді қалай даярлаймыз? Мәтін даярлау үшін әуелі өзіңіз мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз.
Осы сұрақтарға жауап тауып болған соң, басты мақсатқа оралыңыз. Мақсат айқындалған соң, идеяңызды жазыңыз. Идеядан «түйін сөзіңіз» шығады. Идеяңызды халыққа ұсынған кезде оның пайдалы жақтарын айта келе, уәдеңіз де болу керек. Яғни, сіздің идеяңыз шындыққа айналған кезде қоғамқа пайда тигізетіндей болса – уәде дегеніміз осы. Халық сол идеяңыздың қашан шындыққа айналатынын күтіп, ұйып тыңдайтын болады. Мәтінді даярлау процесі сіздің ой еңбегіңізді арттырады, мәселенің мәніне терең үңіліп, өз ойыңызды нақты көрсетуге мүмкіндік береді. Алдын-ала дайындалған мәтініңіз сізге сенімділік ұялатады, сөйлеу алдындағы толқуды жеңуге көмектеседі. Мәтініңізде кейде ел арасында тарап кеткен қауесетті жоққа шығарып, басқа қырынан таныстыру болуы мүмкін. Сондай жағдайда ешқашан біреудің жеке басын сынап, тіл тигізбеңіз. Өзге адамның тек идеясын, ұсынған ақпаратын дәлел келтіре отырып сынауға болады, бірақ еш уақытта біреудің шекарасын аттамаңыз. «Түйін сөз» - сіздің мәтініңіздің іргетасы. Сол «түйінді» айнала отырып, ешкімнің шекарасына басып өтпей, өзіңіздің қызықты оқиғалараңызды қосып, сөзіңізді даярлаңыз. Егер мәтініңіз креативті болсын десеңіз, заманға сай техникаларды пайдалансаңыз болады. Презентациялар, слайдтар дайындап, LED экран пайдаланып көріңіз. Қызықты видеолар даярлаңыз. Мәтініңіз неғұрлым креативті болса, соғұрлым тыңдаушыға өтімдіріек болады. Әрбір оратор – зертеуші. Қандай тақырыпта сөз қозғап, қандай идея ұсынсаңыз да, әуелі сол тақырыпты жіті зерттеп алыңыз. Шешен сөйлеп үйрену үшін – әдемі сөйлеу жеткіліксіз, тапқырлықты да талап етеді. Тапқырлық көп оқып, оқығанды түртіп алып отыру арқылы, есте сақтау мен анализ жасай білу қабілеттерін қалыптастыру арқылы келеді. Ғалымдар зерттеу жұмысын жүргізген кезде әрбір детальға мән береді ғой. Сіз де кез келген жағдайда, кез келген кітап оқығанда детальдарға мән беруге тырысыңыз. Көре-көре көсем боласың, Сөйлей-сөйлей шешен боласың, - дейді халық мақалы. Көпті көріп, көп оқып, оқығаныңызды айналаңыздағы адамдарға айтып, бөлісіп отырсаңыз, көсемдігіңіз де, шешендігіңіз де артатыны анық. Даярлаған мәтініңізді бірнеше рет оқып шығыңыз. Артық жерін байқасаңыз, алып тастауға қорықпаңыз. «Егер осы сөйлемді алып тастасам халыққа айтар ойым толықтай жетпей қала ма?» деген сұрақ арқылы мәтіннің артық-кем жерін анықтай аласыз. Тек қана тақырыбыңызға қатысты әңгімелерді қалдырыңыз. Сөздеріңіз нақты, тиянақты болсын. Кейде керемет нәтижеге жету үшін аз ақпараттың жеткілікті екенін ұмытпаңыз. Осы орайда: «Қалай қысқа әрі нұсқа, құлаққа жағымды, халыққа өтімді мәтін жазуға болады? Неге біз ұзын-сонар әңгіме айтуға құмармыз?» деген сұрақ көкейіңізде сайрап тұруы мүмкін. Орынды сұрақ. Себебін бірге іздеп көрелік. Мектепте бізді тым қысқа шығарма үшін жазалап, екілік баға қоятын. Егер бізге 20 бетік реферат немесе өзіндік жұмыс берілсе, міндетті түрде сол 20 бетке толтыруымыз керек. Тіпті сіздің 2 бет жазған жұмысыңыз 20 бет жазылған шығармадан әлдеқайда құндырақ, ақпаратқа толы болуы мүмкін... Дегенмен берілген тапсырма бар, ойымызды барынша созбақтап 20 бетке толтыру керек. Бізді мектеп жасынан ұзын-сонар әңгімені оңды бағалауды үйретті. Өскен кезде де ұзақ әңгіме, созылған шығарманы «жақсы орындалған үй тапсырмасындай» қабылдайтынымыз анық. Әйтсе де, сабырсыздық дендеген мына заманда бұл ойдан арылмайынша, әсерлі әңгіме айту, халықтың назарын ұстап тұру мүмкін емес. Мәтініңіз неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым тыңдау да қиынға соғады. Есіңізде болсын. Ешбір тыңдарман сіздің қысқа ғана сөйлеп, уақытынан бұрын сөзіңізді аяқтағаныңызға ренжімейді. Тереңірек үңіліп, толығырақ білгісі келген адам сұрақ қояды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |