00:36 Сөз-сөйлеу сырлары | |
ОРАТОРДЫҢ КИІМІ 1960 жылы 26 қыркүйекте Америка тарихындағы ең алғашқы президенттік саяси теледебат өткен болатын. Бұған сол кездегі вице-президент Ричард Никсон және жап-жас сенатор джон кеннеди қатысқан. Р.Никсон теледебатқа дайындалу орнына 50 штаттың тұрғындарымен, яғни дауыс берушілермен сұхбаттасып, уақытының басым бөлігін халықпен кездесуге арнайды. Ал тікелей эфирге Д.Кеннеди өте мұқият дайындалып келеді. Кімнің дайындығы қандай екенін тікелей эфирді көргендер бірден аңғарады. Олардың отырысынан, көзқарасынан, сөз саптауынан анық байқалып тұрды. Р.Никсон отырған кезде қолын қайда қоярын білмейді, аяғы бүгулі, үстел астына жасырынған, бел омыртқасы тік емес, өзіне сенімсіз отырды. Орамалымен тер басқан жүзін сүртіп әбден әлек болады. Егер сіз өзіңізге сенімсіз отырсаңыз, күлкіңіз жасанды болса, кім сізге сеніп дауыс берсін?! Ал жас сенатордың отырысы тік, басы көтеріңкі, отырысы өзіне сенімді еді. Ең басты назар аударатын мәселе – екі оппоненттің де үстіндегі киімі. Сол уақыттағы заман талабына сай «черно-белый» теледидардан анық көрінетін түс – ол әрине қара костюм. Осыны алдын-ала білген Д.Кеннеди үстіне қара костюм, ақ жейде, қара галстук тағып келген болатын. Ал оның қарсыласы р.Никсонның «черно-белый» теледидардан бұлыңғыр көрінетін сұр костюмі оны өте сұрықсыз көрсетіп тұрды. Ең қызығы, осы дебатты радиодан тыңдағандар даусын р.Никсонға берген де, теледидар арқылы көргендер Д.Кеннедиға дауыс берген. Радио тыңдаушыларға қарағанда теледидар алдында отырғандар көп болғандықтан бұл фактор сайлау нәтижесіне қатты әсер етті. Ал тарихи нәтиженің, жеңістің кімде болғанын сіз бен біз өте жақсы білеміз. Ол – Д.Кеннеди. Мысалдардан шығатын қорытынды – оратордың киімі оың өз психологиясына да, тыңдаушының психологиясына да зор әсер етеді. Сондықтан кез келген ортада сөйлеуге шыққанда үстіңіздегі киімге баса назар аударыңыз. Көпшілік алдына шығатын адамның ойы он жаққа бөлініп тұрады. Ол уайымдап тұрады. «Мен қазір не айтамын, сөзімді ұмытып қалмаймын ба, өзімді қалай ұстаймын» деген ойлар оған маза бермейді. Сол себепті сіздің киіміңізге бір көз жүгіртіп өтетін адамыңыз болсын. Ол көмекші, сізге жанашыр дос, жұбайыңыз, аға-қарындасыңыз болсын, сізге бір назарын салып, киіміңізді сәл дұрыстап жіберсін. Уинстон Яерчилль ялтада үлкен жиналыста ел алдына шалбарының ауы ашылып қалған күйде шығып кеткен еді. Халықтың арасында отырған көмекшісі олқылықты байқап қалады. Сөйтіп сахнада тұрған Уинстонға хат жазады: «Уинстон мырза, кешірім сұраймын, сіздің шалбарыңыздың ауы ашық, көпшілікке білдірмей жауып жібіресіз бе, өте ыңғайсыз көрініп тұр», - дейді. Хатты оқыған Уинстон саханада тұрып, көмекшісіне жауап ретінде: «Еш уайымдама, өліп қалған торғай ұясынан ұшып кетпейді», - деп әзілдеген екен. Бәріміз осылай жауап бере алатындай Уинстон Черчилль емеспіз. Алла мұндай абыройсыздықтан сақтасын. Сондықтан сахнаға шығар алдында сізге назар аударатын адам болсын. Еуропада телефон арқылы сауда жасайтын үлкен фирмалар бар, ол қазір біздің нарыққа да келіп болды. Әдетте, олар шаңсорғыш, қыз-келіншектерге арналған опа-далап немесе басқа да тұрмыстық заттарды сатумен айналысады. Олар тұтынушыға кеңседе отырып телефон соғып, ақпарат беру арқылы тауарын өткізеді. Сатушыларға қойылатын қатаң талап – олар тек қоңырау шалу қызметін атқарса да, үстінде кеңселік киім болуы шарт. Яғни, ақ жейде, қара костюм-шалбар. Адамның үстіндегі киімі оның даусына, өз-өзін ұстауына міндетті түрде әсер етеді деген тұжырымға келген олар, кеңседе отырса да, тұтынушы оларды көрмесе де, даусы нық болу үшін міндетті түрде киіміне назар аударатын болған. Тағы айта кететін мәселе – көпшілік алдына шыққан кезде, әсіресе, диплом алып жатқан адамдардан – мұғалімдерден, студент, басқа да саланың адамдарынан байқаймыз, сахнаға есімі аталған кезде жүгіріп шығады. Ешқашан жүгіріп шықпаңыздар. Бұл «мен мына сахнаға, бұл деңгейге лайық емеспін, тезірек кетейін» деген психологиялық қорқыныштың салдарынан болған әрекет. Орта темппен, бел омыртқаңыз тік, өз-өзіңізге сенімді шығыңыз. Және жұртшылықтың жүйкесіне тиетіндей де жайбасар болмаңыз. Бел омыртқаның тік болуы – бұл сіздің еңсеңіздің тік болуы, іштен шығатын дауыстың анық шығуына өз септігін тигізеді. Адам баласы біреуден жасырынғанда, бұққан кезде бүгілетінін білесіз. Бел омыртқаның бүгілуі – мені байқамасын, көрінбей қалайын, осы жерде жасырына тұрайын деген қорқынышты ойлардың, өзіңізге сенімсіздіктің туындысы. Ал сіз өзіңізге сенбей тұрған кезде аудитория да сізге сенбейді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |