10:53
Сөз-сөйлеу сырлары

КІТАПТЫ ОҚЫСАМ ОРАТОР БОЛЫП КЕТЕМІН БЕ?

«Соғыса берсең, батыр болып кетесің», «Ән айта берсең, әнші боласың» деген ұғым жоқ. Бірақ «Сөйлей-сөйлей шешен боласың, көре-көре көсем боласың» деген халық даналығы ораторлық өнерді үйрену мүмкін емес деген адамдарға тікелей жауап болары анық. Сіздерге қарапайым ғана мысал келтірейік. Қазір не көп? Асаба, шоумен көп. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап олар қайдан пайда болды бәрінің ата тегінде билер мен шешендер болған деп ойлайсыз ба№ солардың басым көпшілігі кезінде тойды сазбен әрлеп отыратын музыканттар, сол тойды архивте қалдырушы видеограф, тіпті даяшы болып мейрамханада қызмет жасап жүрген жігіттер екенін біреу білсе, біреу білмейді. Күн сайын асабалардың той жүргізуін көре беріп, олардың сөзін жаттап алып, сіздің қуанышыңызда қызмет етіп жүр. Дегенмен халық арасында осы сұрақтың төңірегінде таласты пікірлер бар. Біреулер ол – Алланың берген сыйы, таланты жаратылысынан болады десе, екіншілері шешенге қажетті қасиеттер ізденіп дамумен, тәрбиемен, көп оқумен жетуге болады дейді. Бұл – бүгінгі күннің таласы емес, шешендік өнер тарихында үнемі туып отырған сұрақ. Көне Римнің мыңдаған жылдар бұрынғы әйгілі шешені және теоретигі Цицерон: «ақын болып туады, шешен болып қалыптасады» дегенді айтқан болатын. Ұлы шешен ақындыққа талантты болып туу керек екенін, ал шешендікке көп оқып, көп ізденіп, көп сөйлеп жаттығып, күш-қуат жұмсаудың қажеттігін айтты. Бұл сөздің жаны бар. Оған дәлел ретінде әлем тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалардың алғашқы сөйлеу қабілеті қандай болғанына мән берейік.

 

ДЕМОСФЕН

Шешендік өнердің тарихына үңілсек, көне грек шешені Демосфеннің өмірі кімге де болса үлгі. Ол сөйлеген уақытта сөзін соңына дейін жеткізіп айта алмаған. Халық баяу естілетін даусы мен дикциясына наразы болып, сөзін соңына дейін тыңдамаған еді. Сөйлей бастағанда жұрттың бәрі күліп, айқайлап, наразылық білдірді. Бірнеше сәтсіздіктен кейін үйіне қамалып, тыңғылықты дайындыққа ден қойған. Аузына қиыршық тастар салып (бұл тәсілді қазір қолданбай-ақ қойыңыз, одан да жақсы әрі нәтижелі тәсілдер бар), ақындардың өлеңін оқып, әр дыбысты анық айтуға дағдыланған. Мұнымен қоса кез келген кездесуді Демосфен шешендікке жеткізетін жаттығу ретінде санаған. Жалғыз қалып, болған әңгімені, естіген әңгімені қайталап айтып шығатын болған. Ол өзге әйгілі шешендерден үйренген: оларды ынтамен тыңдап, солардың сөзіндегі логикаға мән берген, сөйлеуіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді түртіп жазып отырған. Өзгелер, не өзі сәтті қолданған сөздер мен сөйлемдерді есінде ұстаған да, кейін өз сөзінде қолданып отырған, бір ойды бірнеше нұсқада айтып жаттығу жасаған, жетілдірген, артығын алып тастаған, сөйтіп ең жақсы нұсқасын таңдаған. Нәтижесінде судай төгіліп сөйлегенде тыңдаушысын бордай үгітетін өз заманының ділмар-шешені болып тарихта қалды. Демосфен тумысынан шешен болмағанын, шешендікке еңбекқорлығының, табандылығының, қажырлығының арқасында жеткенін білуге болады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 13 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: