11:03
Сөз-сөйлеу сырлары

СӨЗДІҢ АДАМ ТАҒДЫРЫНА ӘСЕРІ

Шәкәрім атамыздың «Сөзіңді түзе – әдетіне айналады, әдетің – мінезіңе, мінезің – тағдырыңа айналады» деген ұлағатты сөзімен бастайық. Сөз адамның тағдырына әсер ете ме? Сөздің құдіреті қандай?

Сөз – қару, сөз – саясат, сөз – қасиет. Мәселе, сөзді қалай пайдалануда. Сөз – досқа нұр, дұшпанға – зіл, шат көңілге – шабыт, қам көңілге – демеу. Қазір осы сөзге мән беріп жүрміз бе, оны қадірлейміз бе?

Әйгілі академик, профессор, филология ғылымдарының докторы Рәбиға Сыздық апамыз өзінің 90 жылдық мерейтойында рақмет айтамын деген бірқатар адамның атын атауды ұмытып кетіп: «Келесі мерейтойымда айтармын», - деп әзілдеген екен. 90 жасқа келген адамның келесі мерейтойы бола ма, болмай ма деп халық та еріксіз күліпті. Айтақны қабыл болып, апамыз 95 жасқа дейін өмір сүріп, мерейтоында бүкіл халыққа алғысын білдіріп барып өмірден өтті...

Ал мына оқиға еріксіз таңдай қақтырды:

Елімізге белгілі дін қайраткері, Құранды жатқа білетін қари Сәдуақас олжабай ағамыздың анасы ұлшым анамыз қасиетті Мекке қаласына қажылық парызын өтеуге ниет етеді. Жасы үлкен анамыз ұлы сапардың алдында: «Меккеге барған кезде парызымыз дұрыс өтелсе екен. Біреудің сыртынан байқамай ғайбат айтып немесе бос сөз сөйлеп қоймасақ болды» деп сөз арасында айтып қалады. Айтқаны сол-ақ екен, қажылыққа барған күні миллиондаған адамның арасында адасып кетеді. Жасы егде кісіні іздеушілер әуре-сарсаңға түсіп, араға бірнеше күн салып, қажылық рәсімі аяқталатын күні анамызды кезіктірген екен. Анамыз адасып кеткендіктен бірнеше күн бойы Пәкістаннан келген қажылық өтеушілердің қасында болыпты. Өзге ұлттың тілін білмегендіктен бос сөз айту былай тұрсын, қарапайым әңгіменің өзін қолымен ишара жасап түсіндіруге мәжбүр болады. Әуелде «қажылық кезінде кісі сыртынан сөйлеп қоймасақ екен, аузымыздан бос әңгіме шықпаса екен» деген сөзі автоматты түрде жүзеге асып тұр ғой.

Бір ауыз сөздің өзі адамның тағдырын түбегейлі өзгертуге қауқарлы екенін Ұлшым анамыздың өмірі дәлелдеп тұр.

Ғалымдардың айтуы бойынша, қазіргі заманда сөз түгіл ойдың өзі материалды дүниені өмірімізге әкеліп жатыр.

Бүгінгі өміріңіз – ол кешегі сөзіңіз.

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасы барша жұрттың қабырғасын қайыстырып еді... Ол небәрі 25 жасында бұл дүниемен қоштасып кете барды. Атақты спортшы өзінің бір сұхбатында тілшінің: «өзіңді қанша жасқа дейін мұз айдынында көре аласың?» деген сұрағына: «Әзірге 25 жасқа дейін ғана...», - деп жауап берген екен.

Бүгінгі таңда психология саласының мамандары «аффирмация» деген атаумен сөз құдіреті туралы, оның адам өміріне әсер ететіні жайлы жаңалық ашқандай қылып халыққа айтып жүр. Мұны көреген қазақ халқы «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, есте жоқ ескі замандарда айтып қойған емес пе?!

Міне, бұл оқиғалар – бізге сөздің адам өмірінде алатын орны орасан екенін дәлелдейді. Әрбір сөз тыңдарманға қалай әсер етсе, тағдырымызға да солай әсер етеді екен.

Атам қазақ сөздің қадірін ертеден түсінген, сөзіне берік болған, сөзге тоқтаған. Сөзінде тұрмағандарды «ақпа құлақ», «жетесіз», «жетесізге жеті айтсаң да, желмен кетеді», «бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді», «сөзінің пәтуәсі жоқ», «оған айтсаң да бір, айтпасаң да бір» деп, бір ауыз сөзбен адамға мінездеме беретін болған.

Ерте заманда ел билеген бір патшаның баласы тілдің адамға тигізетін зияны туралы ауыл ақсақалдарынан көп естіпті. «Он күнәнің тоғызы – тілден», «Аз сөйлегеннің ақылы толысады» деген халық даналығын көңіліне түйген соң, сөйлеуді азайтыпты. Өз-өзімен тұйықталып, мүлдем сөйлеуден қалыпты. Патша «баламның тілі тартылып қалды ма, мылқау болып қалды ма» деп уайымдай бастайды.

Бір күні «баламның көңілін сейілтейін» деп аңға алып шығады. Орманға таң атпай шығып, кешке дейін жүреді. Ештеңе жолықпайды. Кешкісін шаршап, патша нөкерлері мен баласын алып қайтып бара жатқан кезде орманның ішінен сайраған құстың даусы естіледі. Патша құсты атып алады. Сонда бала: «Мына құсқа да сөйлеу пайда бермеді-ау... Құс үндемей отырғанда оны ешкім көрмес еді, атып алмас еді», - деп айтып қалады. Баланың даусын естіген патша: «Сені сөйлеуден қалды ма деп уайымдап жүрсем, сөйлейді екенсің ғой, осы күнге дейін бізді ақымақ санап, алдап келгенің бе?» - деп, бетінен шапалақпен тартып жібереді. «Мен де сөйлемегенде таяқ жемес едім», - деп ой түйеді бала.

Бұл оқиғадан айтқымыз келгені – тіл қылыш секілді. Дұрыс, орнымен пайдалана білсең, жауыңды да жоясың. Дұрыс пайдалана білмесең, ол өзіңді жояды. Тіл үнемі пайда бере бермейді. Дайындық тек сахнаға шықпас бұрын емес, әр сөзді айтар алдында қажет. Қандай ортада сөйлесеңіз де, ойыңызды жүйелеп, сөзіңізді саралап, бірнеше рет таразылап барып айту ғана пайда әкелсе керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: