ТҰРМЫСТЫҚ, ШАРУАШЫЛЫҚ САЙМАНДАРЫ
- Құрал-сайман – шаруашылықта қолданылатын еңбек құралы.
- Айыр – шөп үюге, жинауға арналған 3-4 тісті темір сапты ағаш.
- Күрек – темірден жасалған ағаш сапты күреу аспабы.
- Тоқпақ – қазық қағатын ағаш құрал.
- Керме – ат байлайтын керме арқан.
- Кетпен – жер қазатын құрал.
- Орақ – егін оратын құрал.
- Бел орақ – шөп, қамыс шабатын құрал.
- Арба – жаз көлікке жегетін 2-4 дөңгелекті тасымал құралы.
- Шана – қыс көлікке жегетін тасымал құралы.
- Күймелі арба, күймелі шана – адам отыратын жабық арба немесе шана.
- Ат шана – жеңіл және әдемілеп жасалған шана.
- Мала – шөп, қамыс таситын шананың бір түрі.
- Қорап – шыбықтан тоқылған шанаға салып зат т.б. таситын құрал.
- Мосы – шәйнек іліп отқа қоятын үш аяқты мүлік.
- Темірошақ – қазан асатын үш үш аяқты темір мүлік.
- Жер ошақ – жерден қазылып қазан асатын орын.
- Диірмен – ұн тартатын тас құрал.
- Еркек тас – диірменнің астыңғы беті.
- Ұрғашы тас – диірменнің үстіңгі беті.
- Шүлдік – еркек тас ортасындағы кіндік, темір.
- Бақалақ – ұрғашы тастың кіндік кіретін ағаш қалағы.
- Иінағаш – иыққа салып су таситын мүлік.
- Көсеу – от көсейтін темір.
- Шімшуір – шоқ ұстайтын темір құрал.
- Тұтқыш – қол күймес үшін қазан құлағын ұстайтын киіз қалта.
- Қоржын – жолаушының ат артына бөктеретін, керек-жарағын салатын қос қалталы бұйым.
- Қанар – жүн салатын үлкен қапшық.
- Сүймен – мұз оятын құрал.
- Қалжуыр – үш қармақты темір.
- Шот – ағаш шабатын үй құралы.
- Шотаяқ – шөп суыратын құрал.
- Жады – малға құрақ, сабан, жүгері турап беретін құрал.
- Келі – тары түйетін құрал.
- Келісап – келі ішіндегі тарыны түйетін құрал.
- Сақар – қурайды өртеп алатын тұнба.
- Сабын (кір сабын) – сақарға мал майын араластырып қайнатып жасайтын кір кетіргіш қосынды.
- Бұзаушық – кішкене сабын.
- Алқынды – сабынның әбден жұқарған қалдығы.
- Ау – балық аулайтын құрал.
- Қаза – қамыстан тоқып балық аулайтын құрал. Оның екі жақ басында балық тұратын қоржыны болады.
- Сүзекі – қазадағы балықты сүзіп алатын торкөз.
- Қармақ – балық аулайтын құрал.
- Жұтпа – балықты тірі шаншып шортан аулайтын қармақ.
- Қайық – өзеннен өтуге немесе жазда аудан балық алу үшін жасалған құрал.
- Қақпан – аң аулайтын темір құрал.
- Тұзақ – сымнан немесе қылдан жасайтын аңшы құралы.
- Ара, балға, балта, тістеуік – тұрмыс құралдары.
- Инелік – ау тоқитын құрал (ағаш).
- Кісен – ұры алмас үшін ат аяғына салынатын құлыптың бір түрі.
- Шошала – артық зат, құрал-жабдық қоятын үйшік.
- Насыбай тостаған – насыбай үгетін ыдыс.
- Үккіш – насыбайды үгетін шоқпар.
- Жайнамаз – намаз оқитын жайма, төсеніш.
- Тәсбиық (тәшбиық) – мұсылмандардың намаздан кейін мінәжәт ететін моншақ, тізбегі.
- Оқтау – қамыр ысатын жұмыр ағаш.
- Нантақтай – қамырды илейтін және оқтаумен ысатын тегіс, жалпақ тақтай.
- Диірмен тері – диірмен астына төсейтін төсеніш.
- Елеуіш – ұн елейтін дөңгелек жиекті, тор көзді дүние.
- Қайрақ – пышақ, балта қайрайтын тас.
- Түбіттарақ – түбіт түтетін темір тісті ағаш құрал.
- Қап, қапшық – бұйым салуға арналған жүннен, қалың матадан жасалған бұйым.
- Қырғыш – ыдыс түбіндегі қаспақтарды қыратын темір.
- Сүйретпе – екі басын ат арқасына салып, зат сүйрететін ағаш құрал. Оған адам да отырады.
- Орындық – адам отыратын отырғыш.
- Орындық – саба, мес астына қоятын төрт аяқты мүлік.
- Оттық – от шығаратын күкіртті зат.
- Шақпақ тас – бір-біріне шағып от шығаратын тас.
- Жаңғырық – ағаш шапқанда астына қоятын дөңбек.
- Істік – піскен етті қазаннан түйреп алатын қатты ағаштан, аршадан, тобылғыдан жасалған сүйрік.
- Күрсі – кітап оқығанда астына қоятын орындық.
- Сүлгі – жуынғанда сүртінетін түкті мата (орамал).
- Орамал – қол сүртетін, жуған ыдыстарды жуған ыдыстарды сүртетін мата.
- Майлық – майлы, кірлі заттарды сүртетін шүберек.
- Алмас – шыны кесетін құрал.
- Пышақ – тамақ, зат т.б. кесетін аспап.
- Лөкет – мал соятын үлкен пышақ.
- Бәкі – қалтаға салып жүретін мүлік.
- Қын – пышақ салып жүретін мүлік.
- Ұстара – сақал-мұрт, шаш алатын өткір құрал.
- Сыпырғыш – ірі құс қанатынан немесе шілік, жусаннан буып жасалған үй сыпыратын мүлік.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|