ҰЛТТЫҚ КИІМ-КЕШЕКТЕР
- Киім – адам киетін, денесін ыстық, суықтан қорғайтын бұйым.
- Тымақ – аң, мал терісінен жасалған қыстық бас киім.
- Бөрік – жиегіне аң терісін салған бас киім. Оны ерлер де, қыздар мен жас келіншектер де киеді. Төбесіне үкі қадап, сыртын әшекейлейді.
- Бөкебай – түбіттен тоқылған әйелдердің бас киімі.
- Тақия – қыздардың үкілеген, әсем тағымдар тағылған бас киімі.
- Қасаба – қымбат матадан тігілетін қыздардың бас киімі.
- Қалпақ – ер адамның киетін бас киімі.
- Төбетей – төбеге киетін шағын бас киім (жаздық).
- Құлақшын (малақай) – қыстық бас киім.
- Жалбағай – малшылардың жаздық бас киімі.
- Сәукеле – ұзатылатын қыздардың қымбат бас киімі.
- Сәлде – молданың басына орай салатын киім.
- Желек – сәукеленің немесе қыздар бас киімінің желке тұсынан төгіліп тұратын жібек мата.
- Жыға – дулығаның немесе бас киімнің желке тұсына мойынға су кетпеу үшін тағылған қалың мата.
- Күлапара – бас киімнің сыртынан су немесе қар түспес үшін қаптай киетін киім.
- Күндік – жаулықтың бір түрі, егде әйелдер басына орай тартады.
- Жаулық – тұрмыстағы әйелдердің басқа тартатын киімі.
- Кимешек – әйелдердің басын, иығын жауып тұратын киім.
- Біртартар – басқа тартатын орамал (әйел).
- Шалма – түбіттен ттоқылған ерлердің мойынсалғышы.
- Шәлі (салы) – әйелдердің басқа тартатын шашақты, сәндік орамал. Тоқуына қарай «бөртпе шәлі» деп те атайды.
- Жейде – іштен киетін ерлер киімі.
- Көйлек – әйел киімі.
- Киіт – құдалыққа ұсынатын киім, бұйым (кәде).
- Күрте – ерлердің жейде сыртынан киетін жұқа киімі.
- Кеудеше – жылылық үшін кеудеге киетін жеңсіз.
- Бешпет – ерлердің жазда киетін сырт киімі.
- Шапан – тізеден төмен түсетін қалың сырт киім. Қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан деген түрлері бар.
- Қамзол – әйелдердің көйлек сыртынан киетін киімі.
- Шекпен – су өтпес үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі.
- Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін, жүнін сыртына қаратып тігетін кәделі киім.
- Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан.
- Тоң – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Оның бірнеше түрлері болады. Мысалы, қырмызы тон, қамқа тон т.б.
- Тұлып – қыста тоңбас үшін киім сыртынан киетін кең киім. Қасқыр, қой терісінен тігеді.
- Ішік – қыста киетін сәнді киім. Аң терілерінен тігіледі. Сондықтан олардың қасқыр ішік, бота ішік, түлкі ішік, жанат ішік, күзен ішік, құндыз ішік, қоян ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішік т.б. түрлері болады.
- Күпі – ішіне жабағы жүн салып сырыған шапан түрі.
- Кебенек – жауынды, боранды күні киім сыртынан киетін су өтпейтін киім.
- Белдемше – үй шаруасына белден байланатын алжапқыш. Ертеде осылай аталатын әйелдердің сәндік көйлектері де болған.
- Белбеу – киім сыртынан буынатын былғарыдан жасалатын бұйым. Мата белбеу де болады.
- Шалбар – ерлердің балақты іш киімі.
- Дамбал – ұзын балақты іш киім.
- Лыпа – балақсыз іш киім.
- Жарғақ шалбар – тықыр теріден тігілген шалбар.
- Тері шалбар – қыста жүнін ішіне қаратып тігілген шалбар.
- «Иткөйлек» - жаңа туған нәрестеге кигізетін жөрмеп тіккен көйлекше.
- Етік – былғарыдан тігілетін қонышы ұзын аяқ киім.
- Саптама етік – байпақ салып киетін қысқы етік.
- Байпақ – етік ішінен киетін киізден тігілген аяқ киім.
- Жым етік – өкшесі аласа қисық табан етік.
- Шоңқайма етік – еркекке де, әйелге де арналған биік өкше түрлі-түсті жіппен әдіптелген сәнді етік.
- Ұлтарма – жұмысқа киетін оңай тігілетін етік түрі.
- Кебіс – былғарыдан қонышсыз тігілетін аяқ киім.
- Мәш (мәсі) – кебіспен киетін қонышты, өкшесіз аяқ киім.
- Шоқай етік – жұмысқа киетін аяқ киім.
- Ұлтарақ – аяқ киім ішіне жылылық үшін салынатын киіз.
- Шұлық – жалаң аяққа киетін жүннен тоқылатын киім.
- Шәрке – жазда киетін жұқа аяқ киім.
- Сандал – үсті ашық жаздық.
- Шұлғау – етік, мәсі ішінен аяққа орайтын жұмсақ мата.
- Пима – жүннен басылған жылы, қыстық аяқ киім.
- Қолғап – қоолға киетін киім (қыста немесе жұмыста).
- Түйме – киім өңірін қаусырғанда бекітетін бұйым.
- Құрысқақ – тымақ желкесін төбесіне іліп бекітетін ағаш тиек.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|