23:02 Риясыз рух | |
ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР 3. Адамның өзімен болған қарым-қатынасы 6. эмоциялық даму қыры және эмоциялық жетілу Эмоционалды жетілудің мақсаты – эмоциялық сезімдер өз шегінен шыққан кезде оны ауыздықтай білу. Мәселен: Ашу қысқан кезде, ашуды бұқтыру немесе қорыққан кезде өз ішінде қорқынышты сейілте алу, сондай-ақ, уайымға берілмей өзін тұрақты ұстай білу. Бұл – эмоционалды жетілудің ішкі көрінісі. Эмоционалды жетілудің сыртқы көрінісі – адамның өзіне деген сенімі және соған сай батыл әрі сенімді әрекеттер жасауы; Өмір қиындықтары мен қандай да бір проблемаға кез болған жағдайда шынайылығын; шынайы көзқарасы мен шынайы дүниетанымын және шынайы іс-әрекетін жоғалтау. Дэниел Гоулман өзінің «Эмоциялық интеллект» атты танымал еңбегінде, жетістікке жету үшін адамға рационалды білім жеткіліксіз дейді. Оның айтуынша, жақсы оқып, рационалды білімде озық болған адам, егер эмоциялық білімді меңгермесе, өмірде жетістікке жетуі қиын. Сондай-ақ, ол эмоциялық тұрғыда сауатсыз адамдардың агрессияға бейім келетіндігін де тілге тиек етеді. Айтуынша, интеллектісі (IQ) жоғары (бірақ эмоциялық интеллектісі (EQ) төмен) адам – ақылды шебер қолданғанымен, қарапайым өмірге бейімделмеген адам. Оның бұл айтқан ойын ислам діні ақырет шеңберімен толықтыра түседі. Исламда эмоциялық интеллектісі төмен, кез келген оқиға мен жағдаятқа қатысты өзін ұстай алу қабілеті мен әдебі және ахлағы (мінезі) нашар адамның тек дүниеде ғана емес, ақыретте де жетістікке жете алмайтындығы айтылады. Ал өзін ұстай білетін және әдебі мен ахлағы (мінезі) жақсы адам нағыз батыр ретінде сипатталады. Мәселен, бір хадисте: «Нағыз мықты – күресте қарсыласын жеңген емес, қатты ашуланғанда өз-өзін ұстай (жеңе) білген адам» делінген. Тағы бірде Алла елшісінен (с.а.с.) бір кісі келіп насихат сұрайды. Сонда оған: «Ашуланба, жәннатқа кіресің!» деген жауап беріледі. Дэниел Гоулман шектен тыс эмоцияға берілу, адамдағы тұрақтылық пен әл-ауқатқа нұқсан келтіреді дейді. Айтуынша, адам эмоцияға берілген сәтте эмоция ақыл күшін тұмшалап тастайды. Нәтижесінде, адам толық рационалды логикаға жүгінбестен, бірден реакцияға көшеді. Бұл көбіне адамға зиян. Себебі адамның дұрыс шешімі көп жағдайда эмоциямен емес, ақылмен қабылданады. Ақылға тән сипаттың бірі – зеректік, салқынқандылық және байсалдылық. Абай мұны өлеңінде: «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» деп түсіндіреді. Ақыл суық мұз секілді. Эмоциялық толқудың қызуын бәсеңдетіп, дұрыс арнаға бағыттап отырады. Эмоциясын басқара алмайтын, яғни эмоциялық білімі жоқ адам – ашуға, агрессияға, паникаға, ұрыс-керіске, ренішке, қорқынышқа бейім келеді. Эмоциялары басқара білмейтін, ахлағы (мінезі) нашар адамның екі дүниеде де жетістікке жетпейтіндігін мына хадис арқылы да көре аламыз. Пайғамбар (с.а.с.) дәуірінде бір әйел кісі қайтыс болады. Адамдар ол кісінің құлшылығы көп болғандығын, алайда айналасына тыныштық бермей, тілімен және басқа да жолдармен зиян шектіргенін айтып еске алады. Алла елшісі (с.а.с.) ол әйелдің тозағы екендігін білдіреді. Арада біраз уақыт өткен соң тағы бір әйел кісі бақилыққа аттанады. Адамдар ол кісіні парыздардан бөлек нәпіл амалдарымен аса көзге түсе қоймағандығын, алайда адамдарға көркем мінез танытып, жақсы қарым-қатынаста болғанын айтып еске алады. Алла елшісі (с.а.с.) ол әйелдің жәннаттық екенін айтып сүйіншілейді. Хадис бізге көркем мінездің артықшылығын ұқтырып, эмоцияларын басқара білген, адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатқан адамның бұл дүниеде ғана емес, ақыретте де үлкен жеңіске жететіндігін баяндайды. Эмоциялық интеллект тақырыбын исламда ахлақ және әдеп, сондай-ақ, сопылық (тассауф) саласы қарастырады. Қазақшада бұл нәпсі тәрбиесі, әдеп және көркем мінез деп аударылып жүр. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
