10:29 Риясыз рух | |
ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР 1. Алламен болған қарым-қатынас Тәфәккур (терең ойға берілу) Тәфәккур жасау арқылы адам рухани тұрғыдан мына деңгейлерді өтеді: 1. Әлсіздік Терең тәфәккур жасау барысында адам өзінің әлсіз әрі көптеген мұқтаждықтары барын түсінеді. Абсолютті Құдірет пен ілімнің Иесі – Алла тағала екендігіне көз жеткізеді. Сенімі нығаяды. Рухани әлемі – кімнің мықты, кімнің әлсіз екендігін мойындайды. Шынайы мақтауға лайық кім екендігін яқини сеніммен ұғынады. «Барлық мақтау мен мадақ тек Аллаға тән! Барлық мүліктің Иесі Бір Өзі!» деген ұлы қағидаға бас иеді. Асылында, адам өзінің Құдай алдындағы әлсіздігін ұғыну арқылы ғана руханияттың нағыз дәмін татады. Пендеге тән нағыз мықтылықтың шыңына көтеріледі. Бұл – өзіңнің ешкім емес екеніңді мойындай отыра, Жаратушы алдында ең ұлы әрі қадірлі жаратылыс екеніңді түсіну қағидасы. Абсолютті Құдіретке бас ие отырып, сол Құдіреттің арқасында саған да ерекше күш-құдірет берілгендігін сезіну хәлі. Бір сөзбен айтқанда «Алла алдында барынша кішірею арқылы – күшею» принципі. Адам қашан Алла алдындағы өзінің әлсіздігі мен шарасыздығын бар жан-тәнімен ұғынады, сол кезде барып өмірінде нағыз рухани өрлеу кезеңі басталады. Себебі ондай деңгейге жеткен адам үшін Алладан биік еш нәрсе қалмайды. Бұл жерде ескере кететін бір мәселе бар. Бүгінгі таңда мотиватор мен коучтар тарапынан адамға мотивация беретін семинар-тренингтерде «Өзіңе жоғары баға бер! Сен әлсіз емессің! Өзіңді қор көрме, төмен санама, сенен артық адам жоқ! Сен мықтысың! Сендей адам әлемде жалғыз!» деген сынды тақырыптар қозғалуда. Бұл айтылғандардың адамды өмір сүруге құлшындырып, болашаққа батыл қадам жасауға серпін беретіндігі, сондай-ақ, ойын өзгертіп, жаңа бір өмір бастауға ұмтылдыратындығы даусыз. Мұның бәрі әрине қажет дүниелер. Алайда бұл айтылғандар «Адамның өзімен және өзгелермен болған қарым-қатынас» мәселесі қарастыратын тақырыптар. Ал біздің қозғап отырғанымыз адамның «Алламен болған қарым-қатынасы». Бұл екеуін шатастырмау қажет. Алламен болған қарым-қатынас мәселесінде адамға берілетін мотивацияның форматы бөлек. Ол жерде «Мен» деген нәрсе жүрмейді. «ол» деген нәрсе алға шығады. Батыстық психологиядан ислам психологиясының айырмашылығы да осында. Батыстық психология адамды Құдайдан бөліп алып зерттесе, ислам психологиясы ең әуелі адамның Алламен болған қарым-қатынасын ретке келтіруді көздейді. Мына мәселені де жақсы ұғынып алған жөн. Ислам діні де адамды өзіне деген сенімге, өзі мен басқаның алдында өзін әлсіз немесе төмен санамауға және ешкімге ар-намысы мен құқығын таптатпауға шақырады. Алайда Алла алдында адам бүтін рухани хәлімен өзінің әлсіздігін сезіне білуі қажет. Бұл руханиятқа тиесілі бөлек хәл. Адамның шынайы рухани өмірі осы жерден басталады. Адамға бірінші кезекте қажет болған нәрсе осы. Сол кезде адам өмірі шынайы әрі толыққанды мәнге қауышады. Адамдағы яқини сенім мен альтруизмнің (өзгелерге өмір сыйлау үшін өмір сүру) бастауы да осы жерде. Бұл – адамдағы жүрек тыныштығы мен қанағаттың, риза көңіл мен кешірімнің, мейірім мен кішіпейілдіктің, жауапкершілік пен еркіндіктің де бастауы. Асылында, адам өзімен және басқалармен болған қарым-қатынаста өзін әлсіз, төмен немесе қор санмауы тиіс. Өйткені олар да өзі секілді адам һәм жаратылыс. Өзгенің жасағанын сен де жасай аласың. Сенің өмірге келуің тегін емес. Сен де бұл әлемнің системасында жұмыс жасап жатсың. Демек, сен де, сенің өмірің де үлкен маңыздылыққа ие. Сенің де өмірге келудегі белгілі бір миссияң бар. Тек соны табу қажет. Сезіне білу керек. Адам өзіне берілген потенциалдарды барынша аша білсе, өзі үшін де, қоғам үшін де нағыз пайдалы адамға айналады. Бірақ адамның өзін өзгелер арасында жоғары бағалауы, оларға деген құрмет пен мейірім шеңбері аясында жүзеге асуы тиіс. Тәкаппарлық пен менмендіктен сақ болған жөн. Әйтпесе адам нағыз залымға айналып шыға келеді. Бұған мысал ретінде Гитлер мен Америкадағы қара нәсілділерді төмен санау саясаты жетіп жатыр. Осы дерттен адамзат баласын сақтандырып Алла елшісі (с.а.с.) хадисінде. «Уа, адамдар! Мынаны естеріңнен шығармаңдар» раббыларың біреу! Арабтың – араб еместен, ақтың – қарадан, қараның – ақтан ешқандай артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта. Алла алдында мәртебесі ең биік жан – тақуа болғандарың!» деген. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
