18:11 Риясыз рух | |
ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР 1. Алламен болған қарым-қатынас Тәфәккур (терең ойға берілу) Ислам ғұламалары тәфәккур мәселесіне ерекше маңыз береді. Себебі тәфәккур – сананы жаман әрі негативті артық ойлардан тазартып, адамға рухани серпін беріп, Құдайға жақындауға және іс-әрекеттерін жүйеге келтіруге көмектесетін ғажайып әдістің бірі. Тәфәккур һәм терең ойлану – үлкен құлшылық. Пайғамбарымыз: «Бір сағат терең ойлану – бір жылдық нәпіл ғибадатқа тең», - деген. Тәфәккур һәм терең ойлану – қажырлы еңбек әрі ең қиын жұмыстың бірі. Қиын болғандығы себепті де көп адам терең ойлануға, пікір өрбітуге беттемейді. Жеңіл ойдың жетегінде жүре береді. Нәтижесінде мидағы нейрондар бірте-бірте істен шыға бастайды. Ми жалқаулық дертіне шалдығады. Қазіргі таңдағы зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, ми дененің 2%-ын ғана алады. Алайда адамдағы ішкі энергияның 20%-ын бір өзі жұмсайды. Ми кішкентай болса да, атқаратын қызметі үлкен. Сондықтан сырттан келетін салмаққа энергияны көп шығын қылмай, барынша үнемдеуге тырысады. Адамның терең ойланғысы келмей, жеңіл ойға, жеңіл нәрсеге үйірсек келетін де осыдан. Бұған бүгінгі таңдағы әлеуметтік желі куә. Қазіргі уақытты «Жалқау мидың дәуірі» десек те болады. Себебі бүгінгі таңда мидың жалқауланғаны соншалықты – адамдар 15 секундтан артық мәлімет қарауға шыдамы жетпейді. 200-300 беттік кітапты оқу былай тұрсын, бір мақаланың өзін әрең оқиды. Көпшілігі оны да оқымайды. Бұл өз кезегінде адамдағы терең ойлану, анализ жасау қабілетін төмендетіп жібереді. Терең ойланбаудың нәтижесі – ғапылдық. Ондай адам айналада болып жатқан оқиғалар мен жағдаяттарға тиісінше анализ жасай алмайды. Сындарлы және креативті ойлау қабілетін жоғалтады. Өзіндік ойы жоқ, әркімнің айтқанына еріп, азғантай ғана оқыған, естіген және көріп-білген нәрсесінің әсерімен өмір сүреді. Абдул Фаттах әбу Ғудда: «Бұрынғылар том-том кітап оқып, том-том кітап жазатын. Руханиятты үнемі сапалы біліммен азықтандырып тұратын. Кітап оқу мәдениетін жоғары бағалайтын. Қазіргі таңда адамдар кішкентай газет-журналдарды, оның ішінде жазылған пайдасыз мағлұматтарды оқып, рухани азық ретінде соны қанағат тұтуда» дейді. Сондықтан миды терең ойлану, тұрақты оқу, пайдалы мағлұмат жинау, анализ жасау, жақсы нәрсені үйреніп тәжірибеге негіздеу арқылы шынықтыру қажет. Тәфәккур – миды шынықтыруға ең қажетті жаттығулардың бірі. Қазақтың «Тұра берсе су сасиды, ойланбаса ми сасиды» дейтіні де осыдан болса керек. Ойдың тоқырауы – дамудың тұрақтағанын білдіреді. Ал даму тұрақтаса, адамда жан-жақты құлдырау басталады. Сондықтан адам тәфаккур мәселесіне айрықша мән бергені жөн. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |