15:54 Риясыз рух | |
ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР 1. Алламен болған қарым-қатынас Қилует (оңашалану һәм оқшаулану) Адамды рухани байытып, Раббысына жақындата түсетін әдістің бірі – қилует (оңашалану һәм оқшаулану). Күнделікті күйбең тіршіліктің арасында жүріп, сәл кідіріс жасап, бір сәт дүние істерінен және адамдардан оқшауланып терең ойға бату, адамда жаңа ойлар тудырып, тың идеялардың ортаға шығуына көмектеседі. Бұлай жасай алудың өзі асылында – үлкен өнер. Оңашалану – физиологиялық, психологиялық және рухани тұрғыда жүзеге асады. Физиологиялық оңашалану – адамдардан және басқа да дүниелік істерден оқшаулану. Мәселен, көпшіліктен тасаланып, бір сәтке жеке қалып ойлану, болашаққа жоспар құру, өзіңе есеп беру және есеп алу. Сондай-ақ денсаулыққа зияны бар немесе дәрігердің нұсқауымен белігіл бір тағам түрінен бас тарту секілді т.б. амалдар (Бұл жерде ескере кететін бір мәселе, оңашалану – айлап немесе жылдап қыр асып не болмаса тау кезіп кету дегенді білдірмейді. Оңашалану – дүниенің күйбең тіршілігі мен адамдар арасында жүріп, дүниеге жүректі билетпеу және адамдар тарапынан болған кейбір жағымсыз әрекеттерге сабырлық қылу. Өзі мен өзгелерді жақсылыққа шақырып және жамандықтан тыя жүріп, адамның 24 сағатының бір бөлігін өзіне арнауы. Бұл әркімде әртүрлі өлшемде болуы мүмкін. Біреуде 15 минут, енді біреуде 30 минут, басқасында 1 сағат дегендей. Бұл жерде ескере кететін тағы бір мәселе: адам өзіне жеке уақыт арнаған кезде, оны пайдалы өткізуі тиіс. Әсіресе жаман ойға берілмей, керісінше сананы жаман ойлардан тазартуға әрекет қылуы қажет. Егер адам өзін өзгелерден оңашалап, жеке қалған уақытта жаман ойға беріліп немесе күнәлі іске барса, демек оңашалану әдісін дұры қолданбағаны. Бұл оған пайда әкелмейді, керісінше зиян береді. Бұл мәселеде сақ болған жөн. Сондай-ақ оңашалану өзгелерге ыңғайсыз жағдай тудырып немесе зиян келтірмеуі тиіс. Мәселен, жұмыс уақытында оңашаланамын деп, жұмысқа немқұрайлы қарауға болмайды. Сондай-ақ отбасына, бала-шағаға немесе өзге бір адамға жәрдем қажет кезде не болмаса бір адамның және жан-жануардың өмірін құтқару керек болған жағдайда, кісінің «мен оңашаланамын» деуі дұрыс емес. Әр нәрседе орта жолды ұстанған жөн). Психологиялық оңашалану – ойды негативті және жаман ойлардан, реніш, ыза, кек секілді жағымсыз эмоциялардан тазарту. Бір сөзбен айтқанда, бұл – ментальды хижрет. Психологиялық оңашалану санадаы процесс болғандықтан, адамдар арасында жүріп те жүзеге аса береді. Рухани оңашалану – жүректі дүниелік барлық нәрседен босатып, тек Аллаға ғана арнау. Оның ғана разылығын көздеу. Ғалымдар: «Ерте ме, кеш пе, дүние және ондағы нәрсенің бәрі сені тәрк етеді. Сенімен қош айтысып, оңаша қалдырады. Ендеше, қазірден бастап дүниені бірінші болып жүрегіңмен сен тәрк ет, онымен қош айтыс. Жүрегің тек қана мәңгі тірі болған Алла деп соқсын!» дейді. Рухани оңашалану адамның ішкі әлемінде жүріп жататын процесс. Сол себепті физиологиялық оңашалануға тәуелді емес. Осы үшеуі бір мезетте және бір арнаға тоғысқан уақытта «қилует (оңашалану)» әдісі толығымен жүзеге асады. Бұл адам үшін өте маңызды. Себебі дүние тіршілігі адамды өзара бәсекелестіріп, өзі жайында терең рухани ойға берілуден тосады. Бұған көп адам алданып қалуда. Ал соның бәрінен бір сәтке оңаша қалып, оқшаулану – адамды рухани ояу халге түсіреді. Ғапылдық құрсауынан құтқарады. Өзгелерден оқшауланып, жаман ойдан арылып, өзімен-өзі жеке ақлған уақытта адам жаратылыс жайында, Жаратушы жайында терең ойға батады. Мәселен, Шәкәрім Құдайберді бабамыздың айтқан: «Мен кіммін? Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» сынды терең сұрақтардың жауабы, білім мен оңашалануды қажет етеді. Руханиятына көңіл бөлмей, өзіне белгілі бір уақыт арнап есеп алмай, күйбең тіршілікпен жүрген адамға бұл сұрақтардың жауабын табуы қиын. Тіпті мүмкін емес десек те болады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |