12:40 Риясыз рух | |
ӨЗГЕЛЕРГЕ ДЕГЕН МАХАББАТ Бала ес біліп, өзге де балалармен араласа бастаған уақытта жүрегінде оларға деген махаббат сезімі оянады. Олармен қарым-қатынасы артқан сайын, бойындағы махаббат сезімі де арта түседі. Сонымен қатар өзі де өзге балалар тарапынан жылулық пен махаббат сезіміне бөленеді. Мінеки, осы тәжірибе арқылы бала өзге ададмармен жақсы қарым-қатынаста болу керектігін, ол үшін ең әуелі өзіндегі эгоистік түсінікті жойып, өзгелерге махаббат танытып, қиын-қыстау кезде көмек қолын созып жәрдемдесудің шарт екендігін үйренеді. Адамның бұл өлшемді орынды қолдана білуінде, діндарлық мотивінің үлкен септігі бар. Құранда мұһажирлер тарапына шынайы махаббат танытып, қиын-қыстау кезеңде мұқтаж бола тұра оларды өздерінің ас-суына ортақ етіп, төрден орын берген ансарлардың махаббаты мен ерлігі және жомарттығы баяндалады: «Олардан бұрын Мәдинаны мекен етіп, иман құшағына оранғандарға келсек, олар өздеріне Алла жолында қоныс аударып келген мұһажирлерді шын жүректен жақсы көреді және оларға берілген олжаны немесе басқа да дүниені іштей қызғанбайды һәм қажетсінбейді. Тіпті өздері мұқтаж бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім нәпсісінің сараңдығы мен ашкөздігінен сақтана алса, мәңгілік азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткен бақытты жандар, міне, солар» («Хашр» сүресі, 9-аят). Құран мүміндерді әрдайым бауыр болуға, бір-бірін жақсы көруге үндейді. Бұған жетудің негізгі жолы – адамның өзін жақсы көруде шектен шықпай, орта жолды ұстанып, өзге де бауырларына махаббат танытуында жатыр. Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр...(«Хужурат» сүресі, 9-аят) Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне шын жанашыр дос («Тәубә» сүресі, 71-аят). Пайғамбар (с.а.с.) бұған қол жеткізудің негізі қайда жатқандығын үмбетіне былай деп баян етеді: «Толық има келтірмейінше, жаннатқа кіре алмайсыңдар. Ал бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, толық иман келтірген болып саналмайсыңдар. Бір-бірлеріңді жақсы көру үшін не істеу керектігін айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді жайыңдар». Хадис бізге адамның өзін жақсы көрумен қатар өзгені де жақсы көруі және өзіне қалаған жақсылықты өзгелерге де қалауы – иман кемелдігінің белгісі екендігін баяндайды. Ал бұған қол жеткізудің жолы ретінде өзара жақсы қарым-қатынас орнату мен көрген жерде сәлем беріп амандық-саулық сұрасуды өсиет қылады. Амандық-саулық сұрасудың ар жағында адамның көңілін аулау, кісіге оның сіз үшін үлкен құрметке ие екендігін білдіру ишараты бар. Амандық-саулық сұрасып сәлемдесу – бейбітшілік нышаны. Асылында, сіз бір адамға көңіл қойып, құрмет танытсаңыз, ол адамның да сізге құрмет көрсетіп, белгілі бір деңгейде махаббат танытары анық. Ондай адам сізге жамандық қаламайды, тек жақсылық тілейтін болады. Сонымен қатар адам бейсаналы түрде өзін құрметтейтін адамнан айырылғысы келмейді. Ондай жандардың көп болғанын және әрдайым қасында жүргенін қалайды. Себебі бұл нәрсе оған өмірге деген құлшыныс береді. Адамға құрмет көрсетіп, көңіл бөлу арқылы оның өмірге деген құлшынысын арттырып, онымен жақсы қарым-қатынас құруға болатындығына қазіргі психологтар да өз еңбектерінде жиі тоқталған. Мәселен, Дейл Карнеги «Қалай дос тауып, адамдарға ықпал етуге болады?» атты еңбегінде: «Адал әрі шынайы құрмет көрсетіңіз. Адамның тілін табудың құпиясы міне осында» дейді. Оның айтуынша, қадір-қасиетінің лайықты бағалануына ынтық жанға шынайы құрмет көрсетсеңіз, не болатынын елестете беріңіз. Айтқаныңызды тыңдау түгілі алдыңызда құрдай жорғалайды. Карнегидің бұл тәсілін қазақ халқы «Адам сыйлағанның құлы» деген бір ауыз сөзге сыйғызып жіберген. Карнеги осыған дәлел ретінде чарльз Швабтың мына сөзін келтіреді: «Адамдардың ықыласын оята білу – бұл менің ең құнды қасиетім. Құрмет көрсетіп, қолдап отыру адам бойындағы барлық жақсы қасиеттерге жол ашады». Қорыта келе айтарымыз, бүгінгі таңда технология мен ақпараттық құралдардың дамуы, әлеуметтік және психологиялық ілімдердің суырылып алға шығуы, бізге Құран мен хадистерді және ондағы адам болмысы мен рухани әлемі жайында айтылған ғажайыптарды зерттеп, терең түсінуге мүмкіндік туғызып отыр. Ендігі кезекте біз осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, адамның рухани әлемін, эмоциялық қырлары мен психологиялық және әлеуметтік тәжірибесін байытуға, оны дұрыс жолға салуға борыштармыз. Әрбір жеке тұлға бұған жауапкершілікпен қарауға тиіс деп ойлаймын. Себебі бұл: біріншіден, адамның өзіне пайдалы; екіншіден, қоғамның да дамуына негіз болып табылады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |