10:29 Риясыз рух | |
ҚЫЗҒАНЫШТЫ ЖЕҢУДІҢ ЖОЛДАРЫ Қызғанышты жеңудің келесі бір тәсілі – жүрек пен сананы «жеткіліктілік һм қанағат» деңгейіне шығару. Яғни, жер бетіндегі Алла тарапынан беріліп жатқан нығмет бәріне жетеді. Соны саналы түрде ойлау. Бұл жерде тек еңбек етіп, себебін орындап, өзіңе тиесілі нәпақаңды табу қажет. Қызғаныш дертіне шалдыққан адамның психологиясы «маған жетпей қалады, бұдан айырылып қалдым, мен қалып қойдым» деген деңгейдегі түсінікте. Сол себепті біреудің жетістікке жеткенін көрсе немесе естісе, бір нәрседен айырылып қалған немесе әлгі адам бәрін иеленіп кеткен секілді сезімді бастан кешіреді. Сөйтеді де, әлгі адамды қызғанады. Адам өзінің жүрегі мен санасын «жеткіліктілік һәм қанағат» деңгейіне шығара білсе, қызғаныштың қызыл итінен оңай құтылады. Бұл принцип Құранда былайша баяндалған. «Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар...» («Нахыл» сүресі, 18-аят). Бұл аятта Алла тағала адамға беріліп жатқан нығметтің шексіз екендігін баяндайды. Бұл жерде адамға «жеткіліктілік һәм қанағат» деңгейінде өмір сүрудің қағидасы көрсетілген. Демек, адамға біреуге берілген нығметтің соңына түсіп, соған бола бас қатырып, оны қызғанудың қажеті жоқ. Адам өзінде барды бағалай білсе, қызғаныш дертіне ұрынбайды. Психологтардың айтуынша, өзінде барды бағалай білу – адамның бақытты өмір сүруіне түрткі болатын фактордың бірі. Адам өзіне берілген нығметті санайтын болса, санына жете алмайды. Өйткені ол нығмет шексіз. Келесі аятта да Алланың шексіз нығметі айтылады. Алайда аяттың арғы жағында, осыншама беріліп жатқан шексіз нығметке қарамастан, адамның опасыз екендігі де баян етілген. «Ол сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрін берді. Бергені соншалық – егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында, адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым» («Ибраһим» сүресі, 34-аят). Қарап отырсаңыз, бұл аятта да нығметтің шексіздігі айтылып отыр. Бірақ соған қарамастан адам Құдайын ұмытып, шүкірсіздік танытады. Бойдағы потенциалдарды дамытпай, уақыты мен энергиясын бос нәрсеге сарп етіп, өмірін зая етеді. Өзінде барды бағалап, өз өмірімен өмір сүру қағидасын орнатпайды. Жан-жақты шыңдалу процесін өмірінің бөлшегі ете алмағандықтан, жетістікке жеткен адамды көре алмайды. Нәтижесінде, біреуді қызғану арқылы өзіне-өзі зұлымдық жасайды. Бұл күнделікті өмірде де көріп жүрген құбылыс. Аят бізге осыны ап-а йқын баяндап берді. Демек, кінә адамның өзінде. Алланың нығметі шексіз болса, бәріне жетіп тұрса, онда біреуді өлердей қызғанудың не мәні бар?! Дәл сондай жетістікке егер талпыныс қылса, уақыты мен энергиясын дұрыс қолданса, адамның өзі де жете алады емес пе?! Бұл да бір кем дүние! Құран және хадистерді оқи отырып, кейде мынадай тұжырымға келесің. Адамның өзіндегі эмоцияларды иләһи мұратқа сай қолдана білуі – дүниедегі барлық жетістіктің бастауы, ал ақыретте жәннатқа кірудің себебі. Мәселен, Алла елшісі бір күні мешітте сұхбат құрып отырғанда қасындағы сахабалардан: - Жәннаттық адамды көргілерің келе ме? – деп сұрайды. Сахабалар: - Әрине, - деп жауап береді. Іштей «ол кім екен?» деген таңданыста болады. Алла елшісі: - Дәл қазір есіктен кірген адам, міне, сол жәннаттық адам! – дейді. Сахабалардың бәрі назарын есік жаққа бұрады. Бір уақытта жүзі мен қолдарынан дәрет суы тамшылап тұрған аңсарлық бір кісі мешітке кіреді. Екі рақағат намазын оқып, дұға қылады. Ертесі күні де Алла елшісі сахабалардан: - Жәннаттық адамды көргілерің келе ме? – деп сұрайды. Сахабалар бұл жолы да таңданыспен: - Әриен, - деп жауап береді. Көп ұзамай кешегі ансарлық аам келеді. Үшінші күні Алла елшісі сахабалардан: - Жәннаттық адамды көргілерің келе ме? – деп, тағы сұрайды. Сахабалар таңданыспен бір-біріне қарап: - Әрине, уа, Алланың елшісі! – деп жауап береді. Бұл жолы да аңсарлық адам келеді. Сахабалар: «бұл кісіні жәннатқа лайық қылған қандай амалы?!» екен деп, өзара сұрастыра бастайды. Мұның себебі: есіктен кіріп келген ансарлық сахаба басқа сахабалардан тақуалығымен, білімімен, артық құлшылығымен ерекшеленбейтін. Көп ұзамай Амр ибн Ас мұның сырын білу мақсатында сылтау тауып әлгі адамның үйінде үш күн қонақ болады. «Жәннатқа лайық қылған қандай амалы екен?» деп, әлгі кісінің іс-әрекеті мен құлшылығын мұқият бақылайды. Бірақ ешқандай ерекшелік байқамайды. Сөйтіп ансарлық сахабаға өзінің қонақ болудағы негізгі мақсатын айтып: - Алла елшісі бізден: «Жәннаттық адамды көргілерің келе ме?» деп үш мәрте сұрады. Үшеуінде де сені көрдік. Мұның сырын білу мақсатында үйіңде үш күн қонақ болдым. Бірақ артық құлшылық пен іс-әрекетіңді көрмедім, - де йді. Әлгі сахаба: - Байқағаныңдай, менің асып бара жатқан құлшылығым жоқ. Сендерден кем болмасам, артық емеспін, - дейді. Амр ибн ас кетуге ыңғайлана бергенде әлгі сахаба: - Менің ешкім білмейтін бір амалым бар. Бәлкім, сол шығар. Мен ешбір мұсылман бауырыма жүрегімде қызғаныш, жаман ой, реніш, жеккөрушілік, ыза-кек сақтаған емеспін. Өзіме не тілесем, өзгеге де соны тіледім. Біреудің жетістігіне өзім жеткендей қуандым, - дейді. Мәселенің сыры осында екенін түсінген Амр ибн Ас: - Сірә, сені жәннатқа лайық қылған осы бір қасиетің. Бұл – біздің жасай алмай жүрген ісіміз, - дейді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |