10:54 Риясыз рух | |
ҚЫЗҒАНЫШТЫ ЖЕҢУДІҢ ЖОЛДАРЫ Адам мынаны білгені жөн. Қызғаныш – өмірдің мақсаты емес. Сондай-ақ, қызғаныш – адамға бақыт әкелмейді. Жан дүние тыныштығын сыйламайды. Адамға өзіне деген сенім бермейді. Денсаулығын жақсартпайды. Табысына – табыс қоспайды. Керісінше, адамның санасы мен жан дүниесін мазалап, алтын уақыты мен энергиясын босқа шашады. Рухани дертке шалдықтырады. Әлеуметтік қарым-қатынасын тас-талқан етеді. Бірақ бір қызығы, осыны кейбір адам саналы түрде өзі таңдап алады. Қызғанышты, яғни хасад деңгейіндегі қызғанышты жүректен алып тастау үшін адам мына мәселені ескеруі тиіс. Қызғаныштың бұл түрі адамға бұ дүниеде де, ақыретте де зияннан басқа еш нәрсе әкелмейді, сондай-ақ, қызғаныштың бұл түрі сөз бен іс-әрекетке ұласпаған жағдайда, қызғанылған адамға да зиян емес. Екі ортада бойындағы барлық энергияны бос нәрсеге сарп етіп, қасірет ішінде қалатын қызғанған адамның өзі ғана. Ол қызғанышы себепті, өзінің психологиясы мен рухани дүниесін ойран етеді. Ал қызғанылған тарапқа сөзі немесе іс-әрекетімен зиян тигізетін болса, мұнысы зұлымдыққа айналады. Яғни одан бетер бейшара халге түседі. Асылында, біреуді хасад дәрежесінде қызғану арқылы адам – Алланың әділдігіне, әлгі адамға берген нығметіне, тағдырына риза емес екендігін білдіретін хәлге енеді. Қызғаныштың сауаптарды отын секілді жағып жіберуі де осыдан болса керек. Сонымен қатар қызғаныш адамды өзіне берілген нығметтерді көруден тосады. Біреудің жетістігін өлердей қызғанатын адам өзінің артықшылықтарын, жеткен жетістіктерін әлгі адамдікінен төмен санайды. Сол себепті мазасыз күйге енеді. Өз істеріне ризалық танытпайды. Мұндай адам қызғанышы себепті, өзінің жеткен жетістіктерінен ләззат та ала алмайды. Қарап отырсаңыз, қызғаныш – адам өмірін астаң-кестең ететін өте қауіпті дерт. Сондықтан да адам әрдайым біреудің өмірімен өмір сүруді тоқтатып, оның жетістігін аңдымай, өз өмірін ретке келтіріп, өз қолындағы нығметке шүкір ете білгені жөн және үнемі өзін дамытып отыру тиіс. Адам өзін дамытуды тоқтатқан кезде, жүректегі рухани аурулар асқына береді. А деңгейіндегі қызғанышты жүректен алып тастауға көмектесетін келесі бір тәсіл – адам өзінің бұл өмірде белгілі бір уақыт қана тұрақтайтындығын ұмытпауы тиіс. Өмір – біреуді қызғануға жұмсау үшін тым қымбат әрі қысқа. Әбу Дәрда (р.а.): «Адам өлімді ойлап, бұл өмірде мәңгі емес екенін есіне салып тұрса, қызғанышы азаяды» деген. Қызғаныштан арылудың тағы бір тәсілі – адамның өзіне жоғары баға беруі. Адам өзін біреуді қызғану секілді төмен деңгейге түсіруден саналы түрде ұялуы қажет. Адамның қадір-қасиеті қызғаныш секілді дерттеп әлдеқайда жоғары. Осыны ұмытпаған жөн. Бұл жерде құр ой жеткіліксіз. Қосымша іс-әрекет қажет. Адам өзін жоғары бағалай алу үшін білім алып, өзін жан-жақты дамытуы тиіс. Жалқаулықты жеңіп, еңбек етіп, іс-әрекет қылуы керек. Орынды харекет өзі де адамды қызғаныштан құтқаратұғын нәрсе. Өйткені ұлы мақсат қойып, соған сай харекет қылып жүрген адамның біреуді қызғанып отыруға уақыты да болмайды. Адам өзіне ұлы мақсаттар қойып, өмірде жетістікке жеткен сайын, өзіне деген сенімі де арта түседі. Өзіне деген сенімі артқан сайын адамға біреуді қызғану – жиіркенішті нәрсеге айналады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |