11:08 Риясыз рух | |
СТРЕСТЕН АРЫЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫ Стресс кез келген адамның басына келетін құбылыс. Бұдан ешбір адам тысқары қала алмайды. Сондай-ақ стрестен түбегейлі арылу мүмкін емес. Ол да Алланың жаратқан жаратылысы. Алайда адам өзіндегі стресті азайтуға және басқаруға қауқарлы. Созылмалы әрі ауыр стреске түспеудің он тағаны бар. Олар: Сенім, білім, сабыр, үміт, харекет, кешірім, жомарттық, өзгеден ештеңе күтпеу, махаббат және денсаулық. Адам өз бойында осы қасиеттерді жақсы дамыта алса, стрестен оңай құтылады. Сенім. Мұсылман ретінде Аллаға және ақырет күніне, сондай-ақ, тағдырға иман келтіру; Жазмыштан озмыш жоқтығын, өмірде кезігетін қиындық пен ауыртпалықтың, тіпті өмірдің де уақытша екендігін сенім арқылы қабылдау; Алла тағаланың әрдайым сізбен бірге екендігін естен шығармау. Білім. Білімді шыңдап, әрдайым жетілдіріп отыру қажет. Адамның білімі артқан сайын таным-түсінігі де молая түседі. Дүниетанымы мен ойы, көзқарасы өзгереді. Таным-түсінігі артады. Көкжиегі кеңейеді. Сындарлы ойлау және анализ жасау қабілеті артады. Білім адамға қараңғыда жол көрсететін нұр. Кез келген жағдайда дұрыс шешім табуға көмектесетін адал дос. Сабыр. Үмітті болу. Үмітсіздікке салынбау. Үмітті болу адамда оптимистік көзқарас қалыптастырады. Үміт – шарасыз күйге түскенде адамға күш береді. Франклдың еңбектерінде «трагедиялық оптимизм» деген ұғым бар. Бұл – қандай қиындық болса да төтеп беру. Берілмеу. Қиындық себепті өмір мәнін жоғалтып алмау. Мақсаттан ауытқымау. Тіпті өлімнің өзінде мән бар екендігін саналы түрде ұғыну. Өмірге пессимистік көзқараспен қарауды доғару. Логотерапияда «таргедиялық триада» мәселесі тілге тиек етіледі. Ол: Өлім, кінә және ауру. Бұлар адамға ең ауыр келетін құбылыстар. Бірақ Франкл осының өзінде үмітсіздікке салынбауға және өмір мәнін жоғалтпауға шақырған. Харекет. Үнемі пайдалы іспен шұғылданып, харекет қылып, еңбек ету қажет. Адамның іздеген жауабының көбі іс-әрекетпен келеді. Харекетсіздік – «дұрыс әрі пайдалы» деп білген нәрсені жүзеге асыруға, ал «теріс және зиян» деп білген нәрседен тыйылуға кедергі. Мәселен, біз дұрыс әрі өзіміз үшін пайдалы не нәрсе екендігін жақсы білеміз, бірақ оны орындауды дағдыға айналдырып, әдет қалыптастыру үшін әрекет етпейміз. Сол секілді теріс және зияндыны да білеміз, бірақ одан тыйылу үшін амал қылмаймыз. Харекет еткен адам қылған еңбегіне қарай соның жемісін көреді. Құранда: «Әр адам өз еңбегінің ғана қарымын алады» («Нәжм» сүресі, 39-аят), - деп баяндалады. Харекет етіп, еңбек қылмақ – материалдық және рухани тұрғыдан жетістікке ұмтылған адамның бойынан табылуы тиіс сипаттар. Кешірім. Ғалымдар адамдағы реніштің де оны стреске душар ететіндігін айтқан. Кешірімді болу адамға көптеген мүмкіндіктердің есігін ашады. Мәселен, іштегі өзін мазалаған артық жүктен құтылады. Рухани жеңілдейді. Санасын мазалаған жаман ойдан арылады. Кешірген адамына жылы қабақ танытып, басқаша көзбен қарайды. Арадағы қарым-қатынасты ретке келтіреді. Абыройы артады. Хадисте. «Алла кешірімді құлының абыройын арттырады» делінген. Бұл жерде мына мәселені де ескерген жөн. Кешірімді болумен қатар, кешірім сұрау білу де өте маңызды. Кейбір адам кешіре алғанымен, кешірім сұрай алмайды. Енді бірі кешірім сұрай алғанымен, кешіре алмайды. Сол себепті өмірде ешкімге ренжімеуге және ешкімді ренжітпеуге тырысқан жөн. Бұл сіздің өмірлік қағидаңызға айналсын. Кешірімділік (Ғафур, Ғаффар, афуун, Тәуәәб) – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Пендесі қандай күнә жасап, шалыс басса да Алла тағала ол пендесінің тәубесін қабыл алып, кешіреді. Кешіріп қана қоймай, мейіріміне бөлейді. Пенделеріне де өзара кешірімді болуды бұйырады. Алла – Алла бола тұра пенделерінің қате-күнәларына кешіріммен қараса, жұмыр басты пенденің бір-бірін кешіре алмауы қаншалықты орынсыз?! Осының өзі түсінген адамға көп нәрсені ұқтырса керек. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |