22:48
Риясыз рух

УАЙЫМ-ҚАЙҒЫ және СТРЕСС

Сабыр, қиындық себепті пайда болған алдағы тұман мен қараңғылықты сейілтіп, адамға жарық әрі жылу сыйлайды. Демек, стреске себеп болатын екі жағдай.

Бірінші, сыртқы фактордың әсері. Мәселен, өмірде орын алатын проблемалар. Біреулер үшін бұл қарапайым болмашы бір нәрсені жоғалту да болуы мүмкін. Сондай-ақ, басқа түскен қиындық немесе қатты қалаған істің жүзеге аспай қалуы, біреумен ренжісу, бір жерден екінші жерге көшу т.с.с. факторлар.

Екінші, ішкі фактордың әсері. Мәселен, уайымға салыну, ұйқысыздық, шаршау, әлсіздік, ұмытшақтық, ашушаңдық, ренжігіштік секілді т.б. факторлар.

Әлемге аты әйгілі дәрігерлер ауруханаға түскен науқастардың көпшілігі әртүрлі ауруға уайым мен стресс себепті шалдыққандығын айтқан. Асқазан мен жүрек, жүйкенің жұқаруы, диабет т.с.с. көптеген аурулардың бірден-бір себебі осылар.

Негізі, адам баласы тіршілік иесі болғандықтан уайымдамай тұра алмасы анық. Бірақ уайымды тереңдетіп алмау адамның өз қолында. Сол себепті қиындықтың шешімін табуды адам асқазаны мен ж.регіне немесе жүйкесіне емес, өз қолына алуы тиіс.

Стресс пен уайымға салыну адамды уақытынан бұрын қартайтып та жібереді. Бұл бетке түрлі жаралардың шығуы немесе беттің әжімге толуына да бірден бір себеп. Көпшілігі бұған мән бере бермейді, алайда бұл – ескеретін мәселе.

Абу Зайд әл-Балхидың айтуынша, эмоциялық тұрғыдан зиянды болған барлық симптомдардың бастауы – стресс пен уайым. Бұл – барлық негатив сезімдердің қайнар бастауы және күшейткіш құралы. Мәселен, адам қатты ашуға берілмей тұрып ең әуелі уайым мен стресті бастан кешіреді. Одан кейін барып ашуланады. Қорқыныштың да бастауы – уайым мен қауіптену және абыржу. Заманымыздың психологтары стресті негізгі үш категориямен байланыстыра отырып қарастырған. Олардың айтуынша, уайым мен көңіл-күйдің бұзылуына себеп болатын стрестің негізгі үш компоненті бар. Олар: фрустрация, конфликт және шиеленіс.

Уайымнан ішкі тұрақтылық пен рухани тыныштықты сақтай білген адам ғана құтыла алады. Ондай жандар да өмірде жоқ емес. Айтса адам нанғысыз қиындық пен кісіні қабірден бір-ақ шығаратын ауруға душар бола тұра, уайымын жеңіп, бақытты өмір сүруді жалғастырған адамдар бар. Тіпті қан майданда жүріп те уайымның құрсауынан шыға білген жандар жетерлік. Демек, уайыммен күресіп, оны жеңе білу адамның өз қолында.

Құран уайым-қайғыны көптеген аяттарда қорқынышпен бірге баян етеді. Бұл – қорқыныш пен уайым-қайғының өз шегінен шыққан жағдайда адам өмірін лайлап, санасына мазасыздық әкелетінін көрсетеді. Егер адам шектен тыс қорқыныш пен уайым-қайғыға салынатын болса, бұл оның өміріндегі айқындықты бұлыңғыр қылып жібереді. Яғни адам жарқын болашаққа деген үміт сәулесінен айырылып қалуы мүмкін. Ал үміт жоғалған жерде өмір тамұққа айналады. Өмірде орын алып жатқан стресс, депрессия, суицид секілді дерттердің де бір себебі осы. Құран сондай-ақ қорқыныш пен уайым-қайғыдан құтқаратын себептің ең ұлысы – Аллаға деген иман мен тақуалық жолын ұстану және ізгі амалдар жасау екендігін баяндайды.

«Біз пайғамбарларды тек сүйіншілеуші һәм ескертуші ретінде ғана жібереміз. Ендеше, кімде-кім иман келтіріп, өз-өзін (яғни сөзі мен ісін) түзесе, ондай жандар үшін (әсіресе ақиретте) ешқандай қорқыныш жоқ һәм олар әсте мұңаймайды» («Әнғам» сүресі, 48-аят).

Аятта иман келтіріп, ізгі істер атқару арқылы саналы ғұмыр кеше білген адамның өмірде, әсіресе, ақыретте уайым-қайғыға салынбайтындығы баяндалған. Мұндай адам өмірде өзінің негізгі уәзипасын тапқандықтан орынсыз уайым-қайғыға берілмейді.

Психологтардың зерттеуі бойынша, өзіне сенімді және ісіне тиянақты, сондай-ақ адамдарға қолынан келгенше жақсылық жасауға тырысқан адам уайым мен стреске көп ұрына қоймайды. Ұрынған күннің өзінде одан тез құтылады. Мұның себебі – ондай адам өзгенің өмірімен өмір сүрмейді. Ойы мен іс-әрекетін ең әуелі өз әлеміне бағыттайды. Көңілін кең ұстайды. Сондықтан жан дүниесі тыныш, көңілі жайдары жүреді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 11 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: