09:43 Риясыз рух | |
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРҒАНУ МЕХАНИЗМДЕРІ 2. Тәбрир (рационализациялау): Өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысу Өзін жақсы көрсетуге тырысу – адамның нашар әрі қабыл етілмейтін сезімдері мен іс-әрекеттерін жақсы бейнеде ортаға шығаруы арқылы көрініс табады. Адам өмірде түрлі жағдайға, түрлі қиындыққа тап болады. Адамдармен жақсы-жаман қарым-қатынасқа түседі. Біреуді алдайды, біреуді арбайды. Біреуге пайдасы тиеді, енді біреуге зұлымдық жасайды. Зияны тиеді. Біреуге дос болса, біреуге дұшпандық қылады. Жағымпазданады, тек көреді, кектенеді, ашуға беріледі, қызғанады. Өмірдің осындай кезеңдерінде адам әртүрлі айлаға да жүгінеді. Соның бірі – өзін жақсы көрсетуге тырысу (тәбрир) әдісі. Өзін жақсы көрсетуге тырысудың қалай жүзеге асатындығы Құранда баян етіледі. Мұнафықтар өдерінің іс-әрекетін жақсы көрсетуге осы әдісті жиі қолданған. Бұл олардың теріс мақсатынан туады. Олардың мақсаты – жер бетінде бұзғыншылық жасап, жамандықтың дәнегін егу. Бұл нәрсе олардың табиғатына сіңген дерт. Асылында, жаман пиғыл мен теріс әрекет әлеуметтік ортада жасырын түрде немесе әдемі бейнеде көрсетіліп орындалады. Бұл қашанда солай. Өйтпеген жағдайда бұған ізгі жандар мен қоғам тарапынан тосқауыл қойылатыны белгілі. Олар өздерінің бұзғыншылық әрекетін әдемі етіп көрсетуге тырысты және ең сорақысы – оны ізгі амал деп білді. Бұл оларда ауыр рухани дерттің бар екендігінің айғағы. Құран мұны бізге ашық баян етеді. «Әрі оларға: «Жер бетінде (немесе бұл елде) бүлік шығарып, бұзақылық жасап (елдің шырқын бұзбаңдар)», - делінген сайын, олар: «Біз бар болғаны (қоғамды, елді) түзетіп, жөнге келтірушіміз», - дейді». Аяттан көретінімз, олар өздерінің бұзғыншылық әрекетін «біз жер бетін жақсартуды қалаймыз, ниетіміз дұрыс, бар болғаны осы» деп ақтап алғысы келді. Осылайша арам пиғылы мен бұзғыншылық әрекеттерін жақсы етіп көрсетуге тырысты әрі өте шебер орындады. Бі қарағанда ақылға қонымды, қабыл етуге тұрарлықтай көрінгендіктен, көп адам олардың осы айтқандарына сеніп қалды. Психологиялық қорғану механизмдері – бейсаналы түрде жүзеге асатын іс-әрекеттер. Мәселен, адам рухани дерт пен жан-дүние күйзелісін басқадан деп білу (исқат) себепті, өзіндегі дұшпандық сезімді қарсысындағы адамнан көреді. Бірақ ол сезімнің өзінен екендігін білмеуі немесе білсе де іштей мойындамауы мүмкін. Кейбір адам тіпті мұны мойындауға қорқады. Өйткені ар-ұжданымен бетпе-бет келуді қаламайды. Сол секілді өзін жақсы көрсетуге тырысу (тәбрир) жағдайында да, адам бұл әрекетін жаман деп ойламайды. Керісінше, оны пайдалы әрі ізгі істердің қатарынан деп біледі. Бұл саналы ойлаудың әлсіздігі және надандықтың көрінісі. Бұған шектен тыс эгоизмнің де әсері бар. Ондай адамға біреу ескерту айтса, ол мұны тек ізгілік мақсатында және жер бетін жақсарту үшін орындап жүргендігін айтып ақталады. Құран мұнафықтардың табиғатын баяндау арқылы өзін жақсы көрсетуге тырысудың бейсаналы түрде жүзеге асатындығын көрсетеді: «Анығында, нағыз бүлікшілдер, жер-жаһанды лаңдап жүрген бұзғыншылар – солардың өзі. Бірақ өздері соны сезбейді» («Бақара» сүресі, 12-аят). Аяттағы «...Бірақ өздері соны сезбейді» сөзі кейбір адамдардың өзі қылып жүрген істің парқында еместігін көрсетеді. Мұның себебі – жүрек дертінің асқынғандығы. Ондайлар – өздерін адамзат ішіндегі ең мейірімді, ең қамқорымыз деп санайды. Соның нәтижесінде қандай зұлымдық әрекетке барса да, оны ізгілік, қамқорлық және мейірім деп біледі және солай көрсетуге тырысады. Бұл жекелеген адаммен қоса «жер бетінде бейбітшілік пен тәртіп орнатамыз» дейтін кейбір алпауыт елдерге де тән дерт. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |