10:48 Риясыз рух | |
МОТИВТЕРДІҢ АУЫТҚУЫ Қазіргі уақытта адамдар арасында жыныстық мотивтің ауытқу процесі көп таралуда. Солардың бірі, мәселен, гомосексуализм. Бұл дерт әсіресе батыс елдерінде кең тараған. Еркек пен еркектің ашықтан-ашық аймаласып тұруы, жыныстық қарым-қатынасқа түсуі, тіпті үйлену оқиғалары орын алып жатқандығы жасырын емес. бұл негізінен үлкен азғындық. Гомосексуализмге қатысты Эрих Фромм: «Ер мен әйелдің арасында махаббат орнаумен, ол екеуі жаңа туғандай күй кешеді. Ал гомосексуалдық ауытқу болса, ер мен әйел секілді екі табиғаттың бірігуіне қол жеткізудегі сәтсіздік. Сондықтан гомосексуал әрдайым өзі үшін түсініксіз жалғыздық азабын шегеді», - дейді. Құран ауытқуға ұшыраған жыныстық мотивтің осы түрінің азғындық екенін Лұт (а.с.) пайғамбардың қауымын мысалға келтіру арқылы баян етеді. «Сендер әйелдерді былай қалдырып, нәпсіқұмарлықпен еркектерге барасыңдар! Сендер, шынында, (арсыздық пен азғындықта) шектен шыққан қауымсыңдар...» («Ағраф» сүресі, 81-аят). Хадистер де ауытқуға ұшыраған жыныстық мотивтің бұл түрлеріне ишарат етеді. Алла Елшісі (с.а.с.) мұсылмандарды мұндай дерттерден сақтандыру мақсатында: «Лұт (а.с.) қауымының жасаған азғындығына түсе ме деп, үмбетім үшін қатты қорқамын», - деген. Алла елшісі (с.а.с.) сондай-ақ мұсылмандарды хайуанмен болған жыныстық қатынастан сақтандырып былай дейді: «Хайуандармен жыныстық қатынасқа түскенді Алла лағынеттеді. Лұт (а.с.) қауымының жасаған азғындығын қайталаған адамды да Алла лағынеттеді». Сонымен қатар Алла Елшісі (с.а.с.) әйелдердің еркектерге, еркектердің де әйелдерге ұқсауға тырысуына қатаң тыйым салды. Хадисте: «...әйелдерге ұқсауға тырысқан ерлер мен ерлерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты» (яғни ондайлардың Алланың рақымы мен мейірімінен мақұрым қалуын тіледі). Басқа бір риуаятта: «Пайғамбарымыз (Алла берген табиғи болмысына разылық танытпай, сөзі мен іс-қимылында) өздерін әйелдерге ұқсатқан еркектер мен өздерін еркектерге ұқсатқан әйелдерге лағынет айтты» делінген. Әйел – әйел болып жаратылған соң өзіне тән табиғатын сақтағаны жөн. Өз табиғатына тән нәзіктігін еркекке ұқсаймын деп әйдейі өзгертуге хақысы жоқ. Бұл оның Алла берген табиғи болмысын менсінбегендігін білдіреді. Дәл сол секілді еркектердің де Алла берген табиғатын өзгертіп, әйелге ұқсауға тырысуына шариғатта қатаң тыйым салынады. Бұл жерде ескеретін бір мәселе. Кейде әйел кісі сөйлеген сөзінде, жүріс-тұрысы мен іс-қимылында тумысынан еркекке, ал ер адам әйелге ұқсауы мүмкін. Бұл олардың қалауынан тыс нәрсе. Яғни бұл жерде әйел кісінің еркекке ұқсауы немесе ер адамның әйелге ұқсауы әдейі орын алмағандықтан, Алла қаласа, ол үшін жауапты болмайды. Хадисте айтылған екі топ – өз табиғи болмысын өзгертуге тырысқан және сол үшін өздерін қинап, тіпті сол үшін арнайы тәжірибе жинаған адамдар. Өйткені хадисте: «...әйелдерге ұқсауға тырысқан ерлер мен ерлерге ұқсағысы келген әйелдер...» - деп, нақты айтылып тұр. Қорыта келе айтарымыз, адам әрбір мотивті өз мақсатына сай қолдануы тиіс. Өйтпеген жағдайда рухани азғындық пен психологиялық және физиологиялық ауытқулар орын алады. Сондықтан адам мотивтерді негізгі мақсатына сай басқаруы тиіс. Мотивтер адамды басқаратын болса, адам өз табиғи болмысынан ауытқып, өмірге келудегі негізгі уәзипасын лайықты түрде атқара алмайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |