09:44 Риясыз рух | |
МОТИВТЕР АРАСЫНДА ОРТА ЖОЛ мен ӨЗАРА ҮЙЛЕСІМДІЛІКТІ САҚТАУ Мотивтердің қақтығысы көп жағдайда адамның дүниелік және тән қалаулары мен рухани қалаулары арасында орын алады. Дүниелік һәм тән қалауы адамды мына дүниенің ләззатына, ал рухани қалаулары ақыреттің ләззатына қауыштыру үшін өзара арпалысқа түсіп, бірінен-бірі үстем келуге тырысады. Адам қай қалауына басымдық берсе, сол жеңеді. Төмендегі хадис бұл мәселені екі адамды өзара салыстыру арқылы ашып береді. Адамның біріншісі – ақылды, бойсұнғыш, тәндік және нәпсәни қалауын тежей білетін, сезімдерін басқара алатын және ақырет үшін ізгі істер атқарушы адам. Ал екіншісі – ақылын дұрыс қолданбайтын рухани әлсіз, тәндік және нәпсәни қалаулары мен сезімдерін басқара алмайтын кісі. Хадисте: «Нағыз ақылды – әрдайым өз-өзін есепке тарта отырып, ізгі істер жасап, өлімнен кейінгі өмірге қамданған адам. Ал нағыз бейшара – тойымсыз нәпсінің қалауына ерік беріп, соған қарамастан (о дүниеде ізгілермен бірге болармын деп) Алланың мейірімінен үміт еткен адам» делінген. Алла Елшісі (с.а.с.) үмбетін дүниенің және нәпсінің құлы болудан, бойдағы әлеуеттің бәрін тек осы мақсатта ғана жұмсаудан сақтандырып: «Сендер үшін ең қатты қорқатыным дүниеге беріліп, нәпсінің құлы болуларың және үлкен қарын мен бүлікке түсулерің», - деген. Бүгінгі таңда психологтар мотивтер арасындағы өзара қақтығысты зерттей келе, бір-біріне қайшы мотивтердің қайсысына басымдық берілсе, сол мотивтің екіншісінен үстем келетіндігіне тоқталған. Адамдағы бір мотивтің екіншісінен үстем келуінің шарты – оған басымдық беру деген. Бұл басымдық адам тарапынан іштей немесе сырттан әсер етуші фактордың көмегімен жүзеге асады. Мұндай кезде адам іштей немесе сыртқы ортаның әсер етуі себепті басымдық берген мотивке бой алдырады. Себебі мотивтің бірі күшейсе, екіншісінің жүзеге асуына мүмкіндік бермейді. Бұл күнделікті өмірде де орын алуда. Мәселен, студент ертеңгі емтиханға дайындалу үшін түннің біраз бөлігін ұйықтамай өткізуді жоспарлады делік. Ал дәл сол уақытта футболдан оның сүйікті командасы ойнайды немесе көптен күткен киносы я бағдарламасы жүргелі жатуы мүмкін. Осы кезде студенттегі мотивтер қақтығысы орын алады. Ол емтиханға дайындала ма, жоқ әлде сүйікті командасының ойынын көре ме не істейді қайсысын таңдайды? Мұндай кезде жоғарыдағы шарт, яғни мотивтің біріне үстемдік беру принципі жүзеге асады. Сол себепті адам мотивтің біреуін таңдайды және сол мотивті жүзеге асырады. Бұл – адамның іштей белгілі бір мотивке басымдық беруі. Ал сыртқы фактордың әсеріне тоқталсақ, мәселен, оған емтиханға бірге дайындық жасауға зиярат етіп досы келуі мүмкін. Мұндай уақытта адам қанша жерден сүйікті командасының футбол ойынын көргісі келіп тұрса да, әлгі досы оған ертеңгі емтиханның маңыздылығын айтып, оны бұл райынан қайтарып алады. Сөйтіп, емтиханға дайындалуды ниет еткен мотиві іске көшеді. Ал келген досы да футбол ойынын көруді қаласа, емтиханға дайындық ниетіндегі мотив жайына қалады. Бұл – өмірде күнделікті іс-әрекетімізде орын алатын мотивтер. Жоғарыда айтып өткеніміздей, адамда физиологиялық және рухани тіршілікті қамтамасыз ететін мотивтер бар. Егер қақтығыс физиологиялық және рухани мотивтер арасында орын алып, адам біреуін ғана қанағаттандырса, санасы мен ішкі жан-дүниесі мазасызданады. Мәселен, адам физиологиялық тіршілікті қамтамасыз ететін ас, су, ұйқы, тамақ т.с.с. мотивтердің ғана қажетін өтесе, рухани бостыққа ұрынады. Рухани әлемі тарылып, өзін бақытсыз сезінеді, депрессияға шалдығады. Құран бұл рухани жағдайды мына аяттар арқылы суреттеп береді: «Ал кімде-кім Мені еске алудан бас тартып, Кітабымнан сырт айналса, оның дүниедегі тіршілігі таршылық пен қиындыққа толы болады әрі қиямет күні оны көрсоқыр етіп тірілтіп, махшарға да су қараңғы соқыр күйінде келтіреміз». Дәл сол секілді рухани мотивтердің қажетін өтеп, физиологиялық мотивтерді қараусыз қалдырса, өмірін жүйесіз халге түсіреді және бұл нәрсе қоғамдағы табиғи тәртіптің бұзылуына әкеліп соғады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |