21:33 Риясыз рух | ||
НӘПСІНІ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ 3. Адамның өзін бақылауы және бақылаудан екенін білуі (мурақаба) Сұхбат (әс-сұхба). Ізгі жандармен бірге болу (мурақаба) Адамға өзін рухани тұрғыдан бақылауға көмектесетін әдістің бірі – ізгі жандармен болған имани сұхбат. Мұны Исламда әс-сухба деп атайды. Әбу Ыдырыс әл-Хаулани әзірет Муғаз ибн Жәбәлдан (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла тағала: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер, Мен үшін бас қосқаңдар, Мен үшін бір-бірін зиярат еткендер, Мен үшін бір-біріне жұмсағандар (мал дүниесінен, уақытынан, басқа да артықшылықтардан); бұларға Менің сүйіспеншілігім уәжіп», - деп үкім айтты. Хадистегі «Мен үшін бір жерде бас қосқандар...» деп аударылған «мужәләсә» сөзі «мәжіліс құру» дегенді білдіреді. Яғни Алланы еске алу немесе Алланың разылығына себеп болатын мақсат үшін жиналу деген сөз. Жунайд әл-Бағдади оңашада құлшылықпен отырғанда, қасына ізгі жандар келеді. Ол кісі орнына тұрып (яғни қылуетті тастап), әлгі кісілерге барып: «Сендермен имандасып, өзара білім мен тәжірибе алмасып бірге отырғаннан басқа да қайырлы іс болғанда, жандарына келмей, сол іспен шұғылданар едім. Алайда бауырлармен һәм халықпен бірге болудың жүрек тыныштығына толықтай жетуде әрі ілімі жаюда ерекше әсері бар» деп, ізгі жандармен болған имани сұхбаттың қаншалықты маңызды екендігін көрсеткен. Асылында, ізгі жандармен болған имани сұхбат – рухани азық әрі рухани бостықты толықтырып отыратын ерекше күш. Бұл адамға ауадай қажет және бұған ерекше маңыз беріп қараған жөн.
Өзінің де бақылауда екенін білу (мурақаба) Өзін бақылау (мурақаба) толыққанды жүзеге асу үшін адам өзінің де Алла тарапынан бақылауда екенін терең сезінуі тиіс. Бұл принцип Құранда: «Шүбәсіз, Раббың үнемі бақылауда» («Фәжр» сүресі, 14-аят) деген аятта көрсетілген. Өзінің бақылауда екенін білу – жүректегі әртүрлі нәзік сезімдердің оянып, жүрек амалдарының жүзеге асуына негіз болады. Бұл сезімдер адамның жасырын және жария хәлінде, сондай-ақ, барлық іс-әрекетінде де тек жақсылық тарапты таңдауға жәрдемші. Өзінің бақылауда екенін сезінген жүрек сонымен қатар Алладан именіп қорқу (хушуғ) хәлін бастан кешіре алады. Бұл – жүректің биік мәртебесі және адамдағы терең рухани хәлдің көрінісі. Өзінің бақылауда екенін түсінген адам мына мәселеге жауаптылық танытқаны жөн. Ол – қандай да бір іс-әрекетке ниеттенген уақытта ішкі әлеміне үңілу. Қолға алған істі нәпсінің қалауы үшін ба, жоқ әлде Алланың ризалығын көздеп орындағалы жатыр ма? Осы мәселе руханият пен санада нақты белгілі болуы қажет. Егер ниеттенген ісін нәпсі қалауы үшін орындағалы жатса, өзін бақылау мен өзінің бақылауда екендігін сезінуі (мурақаба) әлі де тереңдеуге мұқтаж. Алайда өзінің бір істі нәпсі қалауы үшін орындағалы жатқандығын сезіне алудың өзі – адамның мурақаба мәселесінде тереңдей бастағандығының айғағы. Ішкі әлемге үңіліп, ондағы ақиқатты анықтау кейде тақуа ұстаздың тәлімі мен насихатын да қажет етеді. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||
|
Всего комментариев: 0 | |