22:10
Риясыз рух

АДАМНЫҢ ӨЗІН ШЕКТЕН ТЫС ЖАҚСЫ КӨРУІНЕН ТУЫНДАЙТЫН НӘПСІНІҢ ДЕРТТЕРІ

1. Мақтаншақтық, мақтан сүйгіштік

Мұның түп негізі менмендік пен дандайсуға барып тіреледі. Мақтаншақ әрі мақтан сүйгіш адам – нәпсінің қатерлі ауруына шалдыққан адам. Бұл – оның өз бойындағы әлсіздік пен кемшілікті жасырудан пайда болған кесел. Яғни мақтаншақ адам өзіндегі әлсіздікті немесе кемшілікті не болмаса қолының қысқалығын жасыру мақсатында, өзінде жоқ нәрселермен мақтанып, оны бар қылып айту немесе көрсету арқылы, адамдардың алдында өзін жоғары ұстағысы келеді. Осы жолда мал шашады, энергиясын жұмсайды, қажет болса харам іске барудан да тайынбайды. Мұның асыл негізі – иманның әлсіздігі. Иманы берік адам өмірдегі жетістіктер мақтануға емес, шүкір етуге жетелейтіндігін, ал бойдағы әлсіздік пен кемшіліктер жалған бейнеде жақсы көрсетіліп, керемет қылып айтылуды немесе көрсетілуді емес, жоюды және олармен күресуді қажет ететіндігін жақсы біледі.

Асылында, мақтаншақ адам – өте әлсіз адам. Ол қолы жетпеген бір істі немесе жетістікті; оған қол жеткізу үшін еш әрекет қылмастан, құр қиялдың жетегіне еріп, өзін соған қол жеткізгендей сезініп, одан кейін өзгелерге мақтанады. Мақтанып қана қоймай, сол жалғандығынан уақытша ләззат алады. Алайда бейсаналы түрде оның жалған екенін білгендіктен, адамдар ерте ме, кеш пе, бұл жалғандығын біліп қоятындығынан қорқып, жан дүниесі мазасыз күй кешеді. Өйткені оны мақтануға жетелеген әу бастағы нәрсе – адамдар алдында әлсіздігін жасырып, өзін күшті әрі жетістікке жеткен адам ретінде көрсету еді.

 

2. Тәкаппарлық

Тәкаппарлық – адамдарды менсінбеу және ақиқатты қабылдамау. Тәкаппар адам өзін басқалардан білім, мал-дүние, сұлулық, туысқандық, нәсілдік ерекшелік (ақ, қара, қызыл түс) секілді себептер нәтижесінде артық санайды. Бұл нәрселермен тәкаппарлану – адамдағы рухани дерттің айғағы. Олай дейтініміз, егер шариғи көзқарас тұрғысынан алып қарасақ, мұның бәрі адамға Алла тарапынан берілген нығмет. Демек, адамның менікі деп тәкаппарлыққа салынатындай еш нәрсесі жоқ. Мұны хакім Абай өзінің бір өлеңінде тамаша түсіндірген.

Адам ғапыл, дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда, ойла, болады не сенікі?

Ислам көзқарасында тәкаппарлық – Алланың ашуын және адамдардың ызасын тудыратын кесел. Құран аяттарының бірінде: «Шүбәсіз, өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты Алла жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 36-аят) делінген.

Құран бізге тәкаппар адамға тән үш түрлі сипатты атап көрсетеді. Олар: адамдарға мұрын шүйіріп қарау; жер бетінде кердең қағып жүру; адамдарды төмендету немесе қорлау мақсатында әдейі айқайлап, дауыс көтеріп сөйлеу. Бұлар аятта былайша баяндалады: «ешкімге мұрныңды шүйірме, жер бетінде кердеңдеп жүрме! Сөйлегенде, дауысыңды қатты көтерме! Біле білсең, ең сүйкімсіз дауыс – (өңеші жыртылғанша ақыратын) есектің дауысы» («Лұқман» сүресі, 18-19-аяттар).

Хадистерде тәкаппарлық сипаты Аллаға ғана тән екендігі айтылған.

Тәкаппарлық – барлық кемшілік атаулыдан пәк әрі қандай істі қаласа да және орындаса да айыптаушысы жоқ Ұлы Құдіретке тиесілі. Ал мұқтаждығы көп, табиғатына кемшілік тән болған әрі қателікке бой алдырғыш адамға тәкаппарлық мүлдем жараспайды. Осыған қатысты Хасан Басри бір сөзінде: «Кедейлік, ауру, өлім болмағанда, адам тәкаппарлық дертінен құтылмас еді» деген.

Хакім Абай да өлеңінде:

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы, - деп, адамның тәкаппарланатындай ештеңесі жоқ екенін ұқтырады. Осы себепті де, адам тарапынан болған тәкаппарлық Ислам дінінде қатты айыпталады. Алла тағала құдси хадисте: «Айбындылық, ұлылық – Менің изарым. Асқақтық (тәкаппарлық) – Менің шапаным. Кімде-кім Менімен осы екеуінің біріне таласса, оны аямай азаптаймын», - деген. (жалғасы бар)

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 82 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: