23:25
Риясыз рух

НӘПСІ ДЕРТІНІҢ ТҮРЛЕРІ

Жан күйзелісін тудыратын нәпсінің дерттері

3. Үмітсіздік, түңілу

Өмірдің мәні мен жақсылықтарын тұмшалап, адамға айналасын қара түнек, мейірімнен жұрдай етіп көрсететін нәпсі дерттерінің бірі. Ойшылдар үмітсіздік пен түңілудің адам бойында тудыратын сезімдерін былайша сипатайды:

- Айнала тұнан қатыгездік;

- Бар нәрсенің бәрі жаман;

- Өмір тек қана күрестен тұрады;

- Жоқ болу – бар болудан жақсы;

- Өмірдегі ауртпалық пен қиындық – рахат пен ләззаттан әлдеқайда басым.

Үмітсіздік пен түңілу – аты айтып тұрғандай адамның бар жақсылықтан үміт үзуі.

Асылында, бұл – қауіпті дерт болуымен қатар, үлкен қателік. Мәселен, діни тұрғыдан алсақ, үмітсіздік – Алланың шексіз нығметін қадірлемеу және шексіз Мейірім Иесі деен көркем есімін ескермеуден туындайтын қателік болып саналады. Мінез (ахлақ) тұрғысынан алатын болсақ, бұл – адамның өз нәпсісіне жасаған дұшпандығы мен зұлымдығы.

Үмітсіздік дертінен оңай құтылу үшін адам белгілі бір саланы меңгергені секілді, қиындықты қабылдауды, қабылдай отырып, санасын сол қиындықтың ауыртпалығынан босатуды, қуана білуді, өзін еркін сезінуді де үйренуі тиіс. Сондай-ақ қиындық пен сәтсіздік өткеннің жазасы емес, керісінше, болашақ жеңістер үшін келіп жатқан сынақ екендігін жадында ұстағаны жөн.

Үмітсіздік – құрдымға кетудің және қолдағы мүмкіндіктерден айрылудың алғашқы баспалдағы.

Ислам діні адамға үмітсіздікке салынуға жол бермейді. Әсіресе иман келтірген адамды қандай қиындық болмасын немесе қандай күнә жасаса да үмітсіздікке бой алдырмауға шақырады. Үмітсіздік пен түңілудің емі ретінде, оған қарама-қарсы тәсіл, яғни әрдайым емдеу тәсілін Ислам ғалымдары, оның ішінде әл-Кинди, ибн Хазм сынды Ислам философтарының бірқатары қолданған. Құранда үмітсіздікке берілмеу керектігі жайында баяндалған аяттардың бірінде: «Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!» («Зүмәр» сүресі, 53-аят) делінген.

Құран аяттары бірнеше жерде адамға алдағы күннен, жарқын болашақтан әрдайым үмітті бол дейді. Үмітсіздік нәпсінің қатерлі дерті болғаны себепті, соңы стресс, депрессия және суицидпен аяқталуы мүмкін. Қазіргі таңдағы статистикалық мәліметтер де осыны айғақтайды. Статистикалық мәліметтерде депрессия мен суицидтің басты себептерінің қатарында біз айтып отырған үмітсіздік, өмірден түңілу, жарқын болашақты көре алмау секілді нәпсінің аурулары тұр.

Кейбір адам айналасынан түңіліп, тіршіліктен үмітін үзіп, өмірден мән таба алмаған жағдайда, өлімнен мән іздей бастайды. Осыдан барып суицид орын алады.

Ислам діні мұны қатаң ескергендіктен, адамды үмітсіздікке жеңдірмеуге тәрбиелейді. Көптеген аят-хадистерде қиындықтың артынан үлкен жеңілдіктің болатынны, өмірдегі барлық нәрсе өткінші әрі сынақ екенін, тіпті өмірдің өзі өткінші екенін, сондай-ақ адам баласының құрметті етіп жаратылғанын, қандай күнә жасаса да Алла тағаланың оны кешіретіндігін, шексіз мейіріміне бөлейтіндігін, сансыз нығметтерге кенелтетіндігін айтып сүйіншілейді. Тіпті дінді түсіндіргеннің өзінде адамдарды қорқытпай, қуандыруды, сүйіншілеуді, ауырлатпай, керісінше, жеңілдетуді бұйырады.

 

4. Жан дүниенің қысылуы

Өмірде адамның жан дүниесінің қысылуына түрткі болатын бірнеше себеп бар. Олар:

- Нәпсі қалауларын жүзеге асыруға деген ұмтылыс пен сәтсіздіктер арасындағы арпалыс;

- Орын алған қиындық пен проблемадан қашу;

- Болашақтың белгісіздігінен қорқу;

- Дұғасына жауап берілетіндігіне қатысты кәміл иманның жоқтығы;

- Мақсаттың, өмірлік жүйенің, жоспардың жоқтығы,

- Тәуекелдің аздығы;

- Шектен тыс мазасыздыққа салыну, уайым мен қайғыға берілу;

- Болмашы нәрселерге бола ашулану;

- Мақтауды шектен тыс жақсы көріп, сыннан қашу;

- Жасап жүрген күнәлі істі немесе қылмысты, айтқан өтірік сөздерді, бойдағы кемшілік пен әлсіздіктерді өзгелердің біліп қоюынан қорқу.

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 79 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: