07:52 Риясыз рух | ||
НӘПСІ ДЕРТІНІҢ ТҮРЛЕРІ Жан күйзелісін тудыратын нәпсінің дерттері 1. Уәсуәс (көкейге жаман ой салу, азғыру) Көкейге жаман ой салушы, азғырушы Құранда – «ханнас» деп сипатталған. Бұл – адамды артқа тартушы сипат. Демек, жаман ой не жаман ойға берілу – адамды артқа тартатын әдеттің бірі. Жалпы, адам жаман ойға берілуден немесе біреудің тарапынан жаман ойға азғырылудан сақ болғаны жөн. Өйткені адам – өз ойының құрбаны. Қалай ойласа, солай өмір сүреді. Жаман ойға берілу – бірінші кезекте адамның өзіне зиян. Адамды іштей азапқа салатын нәрсе. Жаман ойдағы адам қаншалықты кең әрі жайлы жерде өмір сүрсе де, өзін жақсы сезіне алмайды. Өйткені оның ішкі жан дүниесі таршылықта. Пиғылы теріс. Айналасына сенімсіздікпен, дұшпандықпен қарайды. Жаман ойдың кейбірі тіпті күнә. Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Ой атаулының көбінен аулақ болыңдар (яғни өзге адамдар жайлы, әсіресе, мүмін бауырларың жайлы түрлі (жаман) ойларға беріле беруден аулақ болыңдар)! Өйткені ой атаулының бір парасы (яғни өзгелер жайлы ойлаған жаман, яки арам ойлар) күнәға жатады» («Хужурат» сүресі, 12-аят) делінген. Ал жақсы ойда болу, керісінше, сауапты іске жатады. Пайғамбарымыз хадисінде: «Жақсы ой – ізгі ғибадат» деген. Мына мәселені де ұмытпаған жөн. Әрбір жақсылық – жақсы ойдан басталады. Сол секілді әрбір жамандық- жаман ойдың нәтижесі. Жаман ой әрдайым жамандық шақырып, өзіне жаман һәм теріс энергияны тартады. Адам жаман ойды дене мүшелері арқылы сыртқы әлемге шығарып, іс-әрекетке айналдырмайынша, өзі ғана зиян шегеді. Ал сыртқы әлемге шығарып, іс-әрекетке айналдырған жағдайда, өзге адамдарға да зиян береді. Алла елшісі (с.а.с.): «Үмбетімнің жаман ойы мен нәпсісі сыбырлаған нәрсесін Алла кешірді. Алайда жаман ой мен нәпсінің сыбырлаған нәрсесін (сыртқы әлемге шығарып) тілімен және басқа да дене мүшелерімен іске асыратын болса, күнә арқалайды», - деген. «Ханнанс» сонымен қатар – адамды азғырушы, көкейіне жаман ой салушы шайтанның бір есімі. Исламда шайтан – жамандықтың бастауы. Сол себепті оның азғыруынан және көкейге жаман ой салуынан Аллаға сиыну керектігі айтылады: «Адамдардың көкірегіне уәсуәса салатын (әзәзіл шайтанның кесірінен сақтай көр деп сиынамын деп айт), (Ондай әзәзіл шайтан) жыннан да, адамдардан да (шығады)» («Нәс» сүресі, 5-6-аяттар). Ислам ойшылдары «Уәсуәс – адамның ақылын тұмшалап, жүрекке жамандық ұялататын қараңғылық», - деген. Олардың айтуынша, уәсуәс адамның нәпсісіне араласып, оны былғайды. Сол себепті бара-бара адамның өзі уәсуәс жасаушыға, яғни біреудің, тіпті өзінің де көкейіне жаман ой салып, азғырушыға айналады. Дәлел ретінде Құранның мына аятын келтіреді: «анығында, адам баласын Біз жараттық, міне, сондықтан нәпсісінің оған үнемі не сыбырлап, көкейіне қандай ойлар салатынын жақсы білеміз» («Қаф» сүресі, 16-аят).
2. Күмән-күдік, құрғақ ой Бұлар – ақиқат пен жалған арасында құбылып тұратын нәпсінің дерттері. Бұл дерттен сақ жүру Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне: «Күмәнді нәрседен бойыңды аулақ салып, күмәнсіз болғанын таңда. Расында, шындық жан тыныштығына бөлейді. Ал өтірік көңілге күмән ұялатады», - деген. Ақиқат айқындалып, жалғанның ара-жігі пайғамбарлардың, ғалымдар мен әулиелердің шығуымен ажыратылған. Сол себепті ақиқат мәселесіне қатысты «мынау неге былай, анау неге осылай?» деген сынды қажетсіз ойлар мен сұрақтардан сақ болған жөн. Білмеген нәрсе болса, білім иелерінен сұрап, көңілді қанағаттандыру қажет. Құрғақ ойға берілудің иүкке тұрғысыз әрі бос нәрсе екендігін Құран былайша баяндайды: «Олардың бар білетіні – құрғақ ой мен құр болжалдың жетегінде жүру. Ал құрғақ ой мен құр болжал ақиқаттың қасында түкке тұрғысыз!» («Нәжм» сүресі, 28-аят). (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |