09:23 Озық педагогикалық тәжірибе | |
Жаныңда жүр жақсы адам
ІСКЕРЛІКПЕН БІРЕГЕЙЛЕНГЕН ШЕБЕР ҰСТАЗ
Абылғазинова Құралай еңбек жолын 1994 жылы бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастады. 1998 жылдан қазақ тілі мен әдебиетінен Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде сабақ береді. Еңбек жолын бастаған кезден мұғалім үнемі ізденіс үстінде, қазақ тілі мен әдебиетіне деген оқушылардың қызығушылықтарын арттырып, шығармашылық қабілеттерін, ынталарын арттыруға көп көңіл бөледі. Оқушылардың қызығушылықтарын ілгерілетудің тиімді әдіс-тәсілдерін, ойлау әрекетін, тіл мәдениетін, сөйлеу әдебін арттыруда, қазақ тілі мен әдебиеті теориясын бір тұтастықта танытудың ұтымды жолдарын, көркем әдебиет туындыларды қисындық талдау технологияларын өз сабақтарында, сыныптан тыс іс-шараларда үйлесімді пайдалана біледі. Сонымен қатар әдебиет сабақтарында Қанипа Бітібаеваның әдістемесін, қазақ тілі сабақтарында Оразақынованың әдістемесін, сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегияларын орынды қолданады. Жаңа инновациялық технологияларды қолдану нәтижесінде оқушылардың білім сапасының артқандығы байқалады. 2005 жылдан бастап осы күнге дейін қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқитын сынып оқушыларымен қызу еңбек етуде. Білім сапасы әрдайым жоғары деңгейде. Құралай Ғазизқызы өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Білікті ұстаз көптеген сайыстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, өз мамандығының нағыз майталманы екенін жан-жақты танытты. Айталық, 2004 жылы аудандық сынып жетекшілер сайысына қатысып, жүлделі І орынға ие болды, 2005 жылы аудандық «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, І орынды иеленді. 2007, 2008, 2009 жылдары аудандық пән олимпиадаларға қатысып, жүлделі ІІ орындарды иеленді. 2005, 2006 жылдары Құралай Ғазизқызының шәкірттері ҰБТ-де қазақ тілі пәнінен жоғары көрсеткіштер көрсетіп, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Құралай Ғазизқызы жыл сайын аудандық көркемәдебиеттік оқуларға қатысушыларды дайындайды. Оқушылары жылда жүлделі орындарды иеленеді. 2007 жылы 7-қазақ сынып оқушысы Жүнісова Әлия аудандық пән олимпиадасында ІІ орын алды, 2008 жылы 6-қазақ сынып оқушысы Тілектес Әйгерім олимпиадада І орынға ие болды. 2007 және 2008 жылдары 8-қазақ сынып оқушысы Жүнісова Әлия аудандық Абай оқуларында ІІ орын алды, былтыр Жамбыл мектебінде өткен Мұқағали оқуларында 9-қазақ сынып оқушысы Темірғалина Ақмарал ІІ орынға ие болды. 2008/2009 оқу жылы 8 - қазақ сынып оқушысы Жүнісова Әлия аудандық Абай оқуларында 1-орынды иеленіп, облыстық Абай оқуларына қатысты. 2009/2010 оқу жылында 9-қазақ сынып оқушысы Жүнісова Әлия Абай оқуларында аудан бойынша 3 орынды иеленді. Оқушылардың білімдерін тексеру, пәнге қызығушылықтарын арттыру мақсатында түрлі шығармашылық кештер мен сайыстар ұйымдастырады. Жылда оқушылармен «Әдебиет көшбасшысы», «Алтын сандық», «Тіл білімінің көшбасшысы» зияткерлік ойындарын өткізеді. Мұғалім сабақтан тыс жұмыстарға да көп көңіл бөледі. Оған дәлел оқушылар арасында өткізілген «Абай – дара, Абай – дана» сынып сағаты, «Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ», «Шәмші әндері» атты кештерді жоғары дәрежеде өткізді. Мектептің қоғамдық өміріне белсенді түрде қатысады.
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
| |
|
Всего комментариев: 0 | |