22:57
Орман отырғызудың ұлттық күні

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖЕЛЕКТЕСЕ ИГІ

Аптаның соңын ала келетін демалыс күні – жексенбіге қарамастан Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің һәм Қызылағаш ауылдық округі аппаратының ұжымдары қолдарына күрек, суқұйғыш, шелек алып, біпр адамдай атаулы мекемелер алдына Күн көтеріле жиналды. Күні бұрын ылди орналасқан орманнан, ауыл ішіндегі бұзып алынған үй орындарынан, жергілікті тұрғындар ауласынан өсімтал ағаш түрлерінің тамыр жайған түптері суға салынып қойылған еді.

Білектерін сыбанған білекті жігіттер белгіленген орындарда жер топырағын бетке шығарып, тиісті тереңдіктегі шұңқыршаларға тамыр жайған ағаш түрлерінің түптерін баппен отырғызды. Ал қолдарында суға толы суқұйғыштары, шелектері бар аяулы жандар жаңа ғана отырғызылған жас өскіндерге мейірімділік таныта су құйды.

Ұлы Отан соғысы жауынгерлер рухына тұрғызылған Даңқ орнын айнала қоршалған аумақта Қызылағаш ауылдық округі аппаратының бірлігі нық ұжымы өз алдына жас өскіндерді отырғызумен айналысты.

Осынау ұлттық деңгейдегі игі шараға бесқарағайлықтар да қомақты үлестерін қосудан аянып қалмады. Ендігісі – ұйымдаса-ұжымдаса жүзеге асырған істің жемісін көруге жауапкершілік танытылса болғаны. Жылдар жылжи әлжуаз балапандай жас өскіндер самал-леппен жас желектей желкілдер әлі. Ылайым солай болғай!   

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 778 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: