19:28 Ойлау және сөйлеу | |
АДАМ МІНЕЗІНІҢ СӨЙЛЕУІНЕ ӘСЕРІ Мінез – адамның ішкі әлемін сыртқа танытатын, жандүниесінен хабар беретін қасиеттердің жиынтығы. Ол туабітті қалыптасқанмен, уақыт өте келе өзгеріп отырады. Адам мінезінің дұрыс-бұрыстығын айналасына, жалпы қоршаған ортасына танытқан реакциясынан байқаймыз. Мінез туралы ақпарат анықталған соң, оның сөйлеуіне қаншалықты әсері боларын байқайтын боласыз. Ол үшін Болат Бопайұлының «Қазақ мінезі» деген кітабындағы мына мысалдарға назар аударсақ: «...Көк асты, жер бетіндегі адамдардың мінезі екі үлкен күретамырдан бастау алып қалыптасады. Бірі – «тума мінез», енді бірі – «жұқпа мінез».
ТУМА МІНЕЗ ДЕГЕН НЕ? Қазақ жеті атадан жалғасқан қанды, генді, текті, тұтас туыстықты қуып тұтасқан, ата белінен ана құрсағына мәнни судан пайда болған, сүтпен біткен, сүйекке сіңген тума болмысынан қалыптасқан, дара табиғатынан дарыған, үлкен әулеттік меншікті мінезді «тума мінез» деп атайды. Тума мінез – бір адамның өзіне тән, басқаларға мүлде ұқсамайтын жеке бітімі, қимыл-қозғалысы, сыр мен сипаты, ісі мен әрекеті, өмірге көзқарасы, қоғамдық ортадағы тіршілік ету жолы, махаббат жарасымы, ар мен ұжданы, қажеті мен мүддесі, рухани көңіл-күйі, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, дүниетанымы, наным-сенімі, жалпы отбасыда қалыптастырып, қоғамдық-әлеуметтік ортаға алып шыққан жеке сыр-сипаты, өмір көріністері. Өнері, мәдениеті, білімі, ақылы, ары, ұяты – бәрі-бәрі де сол жеке өзіне тән көрінісі беріп тұрады. Болмысы да солай қалыптасады.
ЖҰҚПА МІНЕЗ ДЕГЕН НЕ? Әрбір пенденің бала күнінен бастап көрген-білген, көңіліне түйген, айналадан сезген, кітаптан оқыған, қоғамнан қорытқан, қоршаған ортадан алған, халықтан білген, жұрттан жұқтырған, әлеуметтік ортадан қалыптастырған жалпы білімі, әдеті мен әдебі, мәдениеті мен дүниетанымы, көркемдік талғамы, өнер-өресі, білім қабілеті, сөйлеу дағдысы, іскерлік пен шеберлігі, дамыған санасы, аңсаған арманы, тілеген тілегі, алға қойған мақсаты, махаббат жарасымы, төрткүл дүниеден қабылдаған жұғысып-жұқтырған, қызығып-қызғанып қабылдаған, еліктеген, соларға ұқсаған мінезі «жұқпа мінез» деп аталады. Демек, мінез адамның тек бір бағытта емес, жалпы өмір сүру қалыбында өте үлкен рөл атқарады. Туа біткен мінездің өзгеріске ұшырауы оп-оңай. Сондықтан адамның айналасының дұрыс болуы өте маңызды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады». Сөйлеу сөзіңіз – сіздегі мінездің ашық көрінісі. Біз, ең алдымен, адамды сыртқы болмысына қарап бағалаймыз, киген киімі, жүріс-тұрысы... Бірақ іші мен сыртын үйлестіріп тұратын да – адамның сөзі. Әдемі киініп алған екі адамның айтып отырған әңгімесі мен қарым-қатынасы – олар жайлы көп мәлімет береді. «Сөзіңді түзе» деген тегін айтылмаса керек, өйткені ол адамның ішкі болмысының айнасы ғой. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |