20:41
Ойлау және сөйлеу

СӨЙЛЕР СӨЗ ОЙДАН БАСТАЛАДЫ

«Ойлауы мен сөйлеуі қоса жетілген адам ғана жан-жақты жетілген адам».

(Жүсіп Баласағұни)

Адам баласын ерекшелейтін, оның өмір сүру бағыты мен жалпы көзқарасын анықтайтын бірнеше дейек бар. Бізді құрастырып тұрған тек сыртқы болмыс емес, ішкі әлемімізде біз туралы әлдеқайда көп ақпарат жатыр. Мән бермей, сыртымызды сәндей беретін сәттер көп. Бірақ ішкі әлем қуыс әрі бос болса, адамның негізгі құндылығы жоғала бастайды. Өйткені адамды басқа адамнан өзгешелеп, мінезі мен тәрбиесін оқшаулап көрсетіп тұратын басты фактор – адамның ойы. Не ойласаңыз, сол көзқарасты сыртқа сө құрап, сөйлеу арқылы жеткізесіз. Демек ойыңыздың тазалығы ғана емес, оның нақтылығы, дұрыс жеткізілуі өте маңызды. Ой – сөз туындатады. Ойланбай сөйлеген сөз кез келген істі қиындатады. Ойы жетілмеген адамнан дұрыс сөз шығуы екіталай. Ойды білім, тәжірибе, мінез, тәрбие құрайды. Білімсіздіктен адам қате сөйлейді, тәрбиенің дұрыс еместігінен мәдениетсіздікке жол береді, тәжірибе жоқ болса сөз де, әрекет те орынсыз, жүйесіз болады. Ал мінезде кінәрат болса, ол – тіпті адам жайлы толық мәлімет береді.

Айтар сөзді ойланып, іштей саралап барып жеткізу – білім ғана емес, адам мәдениеті мен тәрбиесінің көрінісі. Ал «мен ойымды тіке айтып үйренгенмін, бәрін бірден бетке айтамын» деген қасиет көп жағдайда адамды ыңғайсыздыққа қалдырады. Себебі көңіл деген құндылықты бұзып алуы әбден мүмкін. «Ауыр істің салмағы білекке түсер, ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» деген дана халқымыздың мақалында үлкен мән жатыр. Ендеше айтар сөзді алдымен топшылап, пішіп, өлшеп, пайымдап алған дұрыс. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» күйін кешпей, әр сөзді қолданудың әдебі мен орнын білген ешқашан артық етпейді.

Ой тазаланса, айтар сөз де түзеледі. Оған дәлел сіз сөйлемес бұрын айтар сөзді шамалап, ойланып аласыз немесе ойыңыз сізге белгі беріп тұрады. Ал асығыс, кәдімгі стандартты сөздермен сөйлеген күнделікті күйбең тіршілікте қолданылатын сөздер – біздің өмір сүріп, түсінісіп, қарым-қатынас орнатуымыз үшін ғана керек. Ол үшін ойланып жатпаймыз, бірден қалыптасқан, үйреншікті сөздерді қолданып, қажетімізді түсіндіру үшін оны сараптап та жатпаймыз...

Ал егер көпшілік алдына шығып маңызды мәселені мәлімдейіндеп тұрсаңыз алдын ала дайындаласыз ғой. Себебі сізден шыққан сөз – сізді сипаттайды. Қисық сөйлеп, қате ой білдіріп жатсаңыз айналадағы адамдар сіз туралы өздері қорытынды шығарып, сіздегі ойға баға беріп отырады. Сондықтан адамның білімі мен мінезі, тәрбиесі мен мәдениеті, жалпы тұтас болмысы бір-екі сөзден, іштегі ойынан-ақ байқалып тұратыны тағы бар...

Адамның сөйлеген сөзіне қарап көп дәйекті анықтауға болады. Мысалы, оның ортасын, қандай отбасынан шыққанын, білімін, тәжірибесін, тіпті адами құндылығын да сөйлеуі арқылы бағамдай аламыз. Ойы мен ниетінің көрінісін, өмірге көзқарасын, жеке қағидасы мен ішкі әлемін білу үшін айтқан әңгімесінен адам ұстанымын аңғарамыз. «Дұрыс сөйлеу» дегеніміз чол үшін де маңызды. Ойы әркез шашырап, абдырап, сөзінде жүйе болмаған адам – іске келгенде де сондай шорқақтық танытуы мүмкін. Сыртай көпшілік «екі сөздің басын құрай алмай отыр» дегенді жиі айтады. Мәселен, «оған сеніп жұмыс тапсырмаңдар, екі сөздің басын құрай алмай отыр», «сенімсіз адам сияқты, сөзі қисық», «сөзі көп екен, айтып отырған әңгімесі де жүйесіз» немесе «керісінше «шебер сөйлейді екен», «ойын жақсы жеткізді», «білімді екен, айтып отырған сөзінің жаны бар», «дәл айтты», «айтқан сөзінен ойы көрініп тұр» деген сияқты пікірлерді көп естиміз. Адамға осылай баға берілетіні өтірік емес...

Сол үшін сөйлеу, ойыңды жеткізу – өзара байланыс құралы ғана емес, ол тұтас сізді айшықтайтын негізгі фактор екенін естен шығармау керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 167 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: