22:55 Құндылық қадамы | |
ЭМПАТИЯ Эмпатия. Оны дамыту әдістері Эмпатия – латын тілінен аударғанда өзгенің эмоциясын өз бойына қабылдау, сезіну, өткеру дегенді білдіреді. Эмпатия – бір адамның басқа адамдардың қайғысы мен қиыншылықтарын, психикалық жай-күйін өз басынан кешіргендей халге түсуі, олардың орнына өзін қою арқылы іс-әрекетіне түсінік танытып, сезімдерін қабылдауы. Эмпатияның болуы бізді барлық адамға бірдей көмектесуге міндеттемейді, дегенмен жақсылық жасауға негіз болатын құндылық.
Эмпатия түсінігіне қарама-қарсы қатыгездік, немқұрайдылық деген ұғымдар бар Қатыгездік дегеніміз – бір адамның басқа тірі жан иелеріне көрсететін адамгершілікке жатпайтын, дөрекі, ұнамсыз әрекеті болса немқұрайдылық – қандай да бір реакцияның (ұнатып-ұнатпау, жақсы көру/жек көру т.б.) болмауы. Осы мінез тән адамдардың араласатын ортасы да өзгеше болып келеді. жалғыздықта қалған адам – жаман нәрселерге үйіршек болады. Эмпатияның жоқтығы, яғни қатыгездік салдарынан жануарлар жойылып, адамдар арасында сенім, мейірім сезімдері сейіліп, соғыс оты өршуі мүмкін. Себебі адам баласы қанша жерден таза, жамандық атаулыдан хабарсыз болып туғанымен, қоршаған ортаның кері әсерінен жамандық ойлау, мейірімсіздік таныту, қаталдық секілді мінез-құлықтың жағымсыз әрекеттерін бойына сіңіреді. Байқағанымыздай, қатыгезденуге себеп бар, оның салдарымен күресуге болады. Ал ең қиыны – немкеттілік, немқұрайдылық. «Өзгелер туралы ойлана алмау, ойлануға да тырыспау – соғыстан да қауіпті» деген пікір осыдан шықса керек. Мұндайдың алдын алу мақсатында зерттеуші-психологтар эмпатияның генетикалық негіздерін зерттеп, адамдардың өз эмпатиясын шектепкөбейту арқылы басқаратынын анықтаған. Эмпатияны кез келген жаста дамытуға болады екен. Сол себепті мамандар қатегздік, немқұрайдылық ұшқындары байқалған оқушылардың жетілмеген эмпатиясын дамыту үшін төмендегі кеңестерді ұсынады: - Оқушының айналасындағы адамдарға деген қызығушылығын оятуға тырысу. «Сыныптас достарың нашар баға алғанда қандай күйде болады? Сүйікті ойыншығын сындырып алған інің неге жылауда?» деген сұрақтар қою арқылы баланың айналасындағы адамдардың эмоциясын зерттеуіне жол ашу керек. Дегенмен Стадс Теркель айтқан «емтихан алушы емес, қызықты сауал қоюшы бола білу» өте маңызды. - Қатарластары туралы таптаурын пікірден арылтып, оларды жеке тұлға ретінде қабылдауға шақыру. Бір баланың санасында, «жаман оқитын оқушымен дос болмау керек» деген түсінік қалыптасқан болуы мүмкін, немесе сыныпта денсаулығы әлсіз баланы өзгелер тарапынан шеттету, өздері секілді болмаған соң бөлектеу секілді жағдайлардың алдын алу үшін үнемі әр адам жеке индивид, ерекше тұлға екенін түсіндіріп отыру керек. Мысалы: үлгерімі әлсіздеу баланың спорттағы жетістіктерін сөз ету арқылы ол баланың өзге жақсы қасиеттеріне қызықтыру. Бұл тәсіл арқылы бала толеранттылықты да үйренеді. Толеранттылық – әр адамның бойында кездесетін әртүрлі мінез бен әдеттерді сабырмен қабылдау, шыдамдылық көрсету. Толерантты болу – өзгелердің өзгеше ойына, өзіндік өмір сүру салтына түсіністік таныту. Эмпатия тұлғаның жан дүниесіне үңілуден басталатын болса, толеранттылық адамдардың ерекшелігін сыйлаудан, құрметтеуден тұрады. Екеуінің де өлшем шеңберінен асып кетпеу өте маңызды. Себебі «толерантты боламын» деген адамның заң алдында жауап беретін қылмысқа немқұрайдылық танытып, қоғамдағы нормаларға сай келмейтін әрекеттерге жол беруіне болмайды. «Өзге адамның жағдайын қайтсем де түсінемін» деген шектен тыс эмпатия да күйзеліске ұшыратып, денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Осы себептен де әр құндылықтың ара-жігін ажыратып, межесін көрсету – болашақта жан-жақты жетілген, эмоционалдық интеллектісі толысқан тұлғаны қалыптастырудың алғышарты болып есептеледі. Бастауыш сынып оқушысының эмпатиясы өзгеше. Досының жылағанына ілесіп жылай салуы, «саусағымды ауыртып алдым» деген әпкесіне аяушылық сезіммен қарауы, көшедегі мысықтың мияулаған дауысын естіп, жанына жүгіріп баруы әбден мүмкін. Бұл баланың бейсаналы түрде өзгенің қиындық сезімдерін, халін көшіріп алуы. Дегенмен осы қасиеттерін мақсатты түрде дамыту керек. Мысалы: мектепте еден жуушы апайдың еңбегін бағалауымыз керек, балшық аяқ киіммен көп жүгірмеуге тырыс; досың төмен баға алып, көңілі түсіп отыр, көмек қажет пе екен, сұрайық; мысықтың қарны ашқандай көрінсе, үлкендерге хабар бер т.с.с., бағдарлар беру арқылы эмпатиясын саналы түрде шығаруға бағыттай аламыз. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
