18:06
Құндылық қадамы

ӘДЕПТІЛІК

Қысқа мерзімді іс-шара

#5

Атауы: Кім болғым келеді?

Уақыты: 30 минут

Түрі: ойын

Орындалуы: Мектеп ойын өтетін кезде қалаға айналдырылады. Онда «пошта», «дүкен», «кинотеатр», «стадион» болады. Ойнаушылар қалада кім қандай қызмет атқаратыны жөнінде рөлдерді өзара бөліседі. Ойынға қатысушылардың бәрі «қаланың тұрғындары» болады, олардың бір бөлігі жұмысшылар мен қызметкерлердің міндетін атқарады. Бұлар «сатушылар», «шеберлер», «киномеханиктер», «кассирлер», «бақылаушылар» т.б. Әр ойыншының «ақшасы» мен қатырма жетондары болады, олар «қаладағы» тәртіп ережесі бұзылған жағдайда қайтып алынады.

Ойынның басталғаны туралы белгі берілісімен «қалада» барлық «мекемелер», «стадион», «дүкендер» ашылады. Мысалы, кішкене «Жасұлан» кинотеатрын ұйымдастырып, онда да фильмдер көруге болады. Бұл үшін сеанс басталғанға дейін келіп, билет сатып алып, өз орнына барып отыру керек. «Ойыншықтар фабрикасында» бір топ жұмысшылар жартылай фабрикаттардан (қағаз, желім, қылқаламдар) дайын бұйымдар жасайды. «Поштада» хат жазып, бір-біріне сол жерде жөнелту керек, «хат тасушы» оларды көрсетілген балаға табыс етеді. «Дүкеннен» белгілі бір затты сатып алу қажет, т.б.

Барлық жерде сыпайылық ережелерін орындау, ұрысып-керіспеу, ұйымшылдықпен жұмыс істей білу, достарына бөгет болмау, басқаларға көмектесу қажет. Кімде-кім сыпайылық пен жолдастық ережелерін бұзса, ондайлар «айыппұл» төлейді (қатырма қағаз эетонын қолынан береді). Ойын аяқталғаннан кейін, мұғалім сыпайылық ережелерін бірде-бір рет бұзбаған балалардың есімін атайды.  

Қорытынды: Оқушылар әдепті сөйлеуге, тыңдарманның көңілін табуға, қарым-қатынас құруға, қарсы тұрған адамның не күтіп тұрғанын түсінуге үйренеді. Қоғамда қалыптасқан әдеп ережелерін сақтауға тырысады.

 

Ұзақ мерзімді іс-шара

#1

Атауы: «Әдептілік ережесі»

Уақыты: 1 ай

Түрі: тәжірибе

Қажетті материалдар: тақтайға әр оқушыға арнап қалташалар жасау, жұлдызша белгісі бар және қуаныш белгісі бар әр оқушыға екі тақтайша, қызыл және сары бірнеше ескерту қағаздары

Орындалуы: Мұғалім оқушылармен бірге сыныптың ұстануы қажет әдептілік ережесін құрастырады. Бұл ережелерді оқушылармен ақылдасып ойластырады. Мысалға келесі ережелерді келтіреміз: сыныптағы кезекшілікті уақытылы атқару, сыныпты таза ұстау, асханада жүгірмеу, рұқсатсыз біреудің затына тиіспеу, сыныптастарымызды ренжітпеу, жағымсыз сөздер айтпау, дауыс көтеріп сөйлемеу т.б. Әдептілік ережесін қадағалау үшін мұғалім әрбір оқушыға тақтайшаға қалташалар жасайды. Ол қалташалар бір жұлдызша тақтайшасы және бір қуанышты білдіретін тақтайша салынады. Егер бала бір рет ереже бұзса мұғалім жұлдызша орнына сары түспен белгіленген қағаз салады, бұл – ескерту белгісі. Егер де бала екі мәрте ереже бұзса, қуаныш белгісі бар тақтайша орнына қызыл түспен белгіленген қағаз салынады, бұл – мұғаліммен әңгімелесу белгісі. Осы арқылы мұғалім балалардың іс-әрекеттерін бақылап, түзету жұмыстарын жүргізіп отырады.

Қорытынды: Бұл ереже бойынша бала бір ай бойы өзін әдептілікке тәрбиелеп жүреді және арнайы жасалған қалташалар арқылы өз іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік алады. Сыныптастарының ішінен әдепсіз оқушы атанбауға барынша тырысады.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: