09:32 Құндылық қадамы | |
ӘДЕПТІЛІК Дастарқан басындағы әдептілік Халқымыз қуанышты да, қайғыны да дастарқан басында бөліскен. Өсиет айту, бата беру, достасу – бәрі де дастарқан басында шешілген. Сондықтан халық дастарқанды «Құттыхананың берекесі» деп қасиет тұтатды. Дастарқан күнделікті отбасының тамақтануына, үйге келген адамға дәм таттыруға, той-тамаша, ас-су беруге жайылады. Осындай қастерлі дастарқанның әдебін білу және сақтау – әр адамның міндеті. Дастарқанға отырмас бұрын сырт киімді шешіп, қолды жуып келуге мұқият болған дұрыс. Бұл – әдептілікпен қатар тазалықтың нышаны. Дастарқанға адамдар жасына қарай отырады. Үлкен кісілер төрден орын алса, үйдің балалары қонақпен жағаласып төрге шықпаған. Әйтсе де қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оны әрдайым төріне отырғызып келеді. дастарқан басында айтатын әңгімелер әдептен аспауы керек. Ас алдында орынсыз әңгімелер мен лас сөздер қолданылмаған. Тәбет қашырар әзілдер айту, қарқылдап күлу, жиіркенуге себеп болар оғаш қылықтардан аулақ болған жөн. Тамақты ауыз қуысына салған соң, әңгіме айтып, сөйлеу не күлу әдептілікке жатпайды. Сөйлеу барысында шайналған ас өңешке емес, тыныс алу жолына кетіп қалса, өмірімізге үлкен қауіп төнеді. Тамақты асықпай жеу де ас әдебінен. Тамақты қасыққа толтырмай ауызға сыятын мөлшерде ғана салып, ұзақ шайнап барып жұту асқазанның қорыту жұмысын жеңілдетіп, денсаулыққа оң әсер етеді. Қонақта отырғанда тамақты тауыса алмайтыныңызды аңғарғанда, алдын-ала азырақ салуды өтіну керек. Себебі асты ысырап етпеу де ас әдебінің үлгісі. Жемісті жеу барысында, жемісті біреумен бөлісудің де өзіндік әдебі бар. жемісті екіге бөліп үлкен әрі жақсы бөлігін екінші адамға ұсынып, өзегі немесе сүйегі бар жағын өзіңізге қалдырған жөн. Тамақтанып болған соң дастарқан басындағы ең үлкен әрі құрметті адам асқа бата береді. Ас қайырылып, үлкеннің батасын алғаннан кейін тұру да әдептілік болар. Тамақ ішіп болған соң майлықпен ауызды сүртіп, қолды жуу маңызды. Балаларды әуелі үлкендердің қолына су құйып немесе жуып болған соң оларға қолорамал ұсынып, үлкендерге жол беруге дағдыландырған дұрыс. Дастарқан басында «Асыңыз дәмді болсын, дайындаған асыңыз өте дәмді болды, рақмет» сөздерін айтуды әдетке айналдырған дұрыс. Қазақ халқында «Бір күн дәмдес болғанға – қырық күн сәлем» деген мақал бар. үйге келген адамды қонақ етіп, төрге шығарып, дастарқаннан міндетті түрде дәм алғызған. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
