10:19 Құндылық қадамы | |
ӘДІЛДІК #1 Әділдік Ауыл әкімінің терезесінің түбіне келіп, екі жаман киімді тіленші: - Өтінеміз, қайыр беріңіз, - деді. - Берерім жоқ, барыңыз, - деді әкім. - Неше күннен бері нәр татпадық, - деп жалынды екеуі. - Ей, тіленшілер, енді басымды ауыртпай кетіңіз, - деп ашуланып, әкім оқып отырған кітабын жерге атып ұрды. - Әкім мырза, бейшарашылыққа бір нәрсе берсеңші, - деп тіленшілер кетпей, жылап тұрды. Сонда әкім ыза болып, ұшып тұрып, жұмыскерлерін шақырып бұйырды: - Мынау бір-екі қыдырындыны зынданға тастаңыз, - деп. Бірақ ол арада тіленшілер жоқ болып кетті. Осыдан үш күн өткен соң, әкімге көп қонақтар келіп, той болды. Әкімнің үйінің іші жарқыраған алтын, шамасыз сәулет, өзі терезесін ашып, сол терезе түбінде жолдасымен әңгімелесіп, көзін Бағдат қаласына салып отыр екен, сол уақытта терезе тұсына анакүнгі екі тіленші тағы келді. - Қуаныштарыңыз қайырлы болсын, әкім мырза, осы қуаныш үстінде бізді де бір нәрсе беріп қуантыңыз, - деп жылап тұрды. Сонда әкім қасындағы жолдасына айтты: - Осы екі қыдырынды тіленшілер екінші рет келіп мазамды алды, патшамыз осындайларға жаза бұйырмайды. Сөйтсе де, бұл жолы бұйрықсыз да болса, осы екі тіленшіні ұстатып кісендетемін, Бағдаттай қаланың сынын бұзып, қыдырып жүрмесін, - деп, адамдарын шақырды. Сол уақытта екі тіленшінің өздері үйге кіріп келіп, үстіндегі ескі киімдерін тастап, біреуі айбатты дауыспен ақырды: - Әй, әкім, мен сені әкім қойғанымда жұртқа қайырлы, байға, жарлыға бірдей, ақ-сарағат би болар ма екен деп үміт етіп едім, жаңылысыппын. Жапар! Мынау оңбаған құртты алып, әділдікпен жазасын бер, жұртым көріп-білсін патша құрығы ұзын екенін, ерте ме, кеш пе қылған жамандық патшаға білінбей қалмайтынын, білінсе үлкен-кішілікке қарамай, жаза тартатынын, - деп. Жиылған қонақтар бұларды танып, аяқтарына құлап жығылысты. Тіленші болып келіп жүрген осы елдің патшасымен Жапар деген уәзірі екен. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
