10:40 Құндылық қадамы | |
КІШІПЕЙІЛДІЛІК Әңгіме #1 // Көрші қыз Көршілерді есіктері қарама-қарсы. Есік алдында екеуі жиі кездеседі. Біреуінің қабағы ашылмайды, көршісін көрмегенсіп өте шығады. Ал екінші көрші күлімдей қарап, амандаспақшы болып ұмтылады да, оның қатулы қабағынан тосылып қалады. Бірде ақжарқын кісінің немересі қонаққа келеді. Ол ешкімді жатырқамайтын, көңілді бала болатын. Күлімсіреген көздері өте сүйкімді. Қабағы қату, тұнжыраған көршінің алдынан шыққан балақай: - Сәлеметсіз бе? – деді қуана дауыстап. Көрші мұндайды күтпеген еді. Оған мөлдіреген қап-қара тұнық көздер қарап тұр еді. Сүйкімді, бейкүнә көздерден қатал кісі сасып қалды. Ол көршілермен, балалармен сөйлесуді білмейтін еді. Мұрнының астынан міңгірледі де, есік алдынан күтіп тұрған машинасына қарай асыға жөнелді. Машинасына мінген тәкаппар кісінің соңынан кішкене қыз қол бұлғады. Көрші тұнжыраған күйі оны байқамаған күй танытты. Олар жиі кездесетін болды. Сәбидің жарқыраған жүзінде ылғи да әдемі күлкі үйіріліп тұратын еді. Сол бір арайлы сәуледен көршінің жүрегіне бір жылу ұялайтын болды. Кішкентай қыздың сәлемі ұнай бастады.
#2 // Тәкаппарлық Вениямин Франклин деген даңқты білім иесі, Америка жұртының кісісі, он сегіздегі жас күнінде Медера деген қаланың бір қарт адамына қонақ болып, шығар уақытта қарт ішкергі бір есіктен шығарып салуға алып келіпті. Франклин бұл кісіге сөйлесіп келе жатып, алдында не барын аңғармай, есікке жақындағанда қарт дауыстапты: - Еңкей, еңкей. Есік аласа екен, маңдайшасына Франклин маңдайымен тарс ете түсіпті. Сонда қарт күліп айтты дейді: - Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар; ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдында, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнан да артық неше соққылардан құтыларсың. Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтушы еді. - Сол қарттың ақылы маған көп пайда болды. Және көзіммен көрдім. Басын жоғары көтерген тәкаппарлардың нешеуінің әлек болғанын, - дейтін. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
