22:47 Құндылық қадамы | |
СҮЙІСПЕНШІЛІК Әңгіме #1 Асқан асыл сыйлық Ілгері заманда бір шаһарда саудагер болыпты. Оның үш қызы бар екен. Күндердің күнінде саудагер алыс елдерге сауда жасауға аттанбақ болады да, үш қызын шақырып: - Ал, шырақтарым, мен алысқа сапар шеккелі отырмын. Сендерге не сыйлық әкелейін, қалауларыңды айтыңдар, - дейді. - Әке, маған бір тізбек ең асыл маржан әкелерсіз, - дейді үлкені. - Ал, маған, - дейді ортаншысы, - көйлектік ең әдемі жібек әкеліңіз. Екі қызының айтқанын тыңдаған әкесі енді кенже қызынан: - Ал, саған қандай сыйлық әкелейін? – деп сұрайды. - Жан әке, егер сіз аман-есен оралсаңыз, содан артық сыйлық болмас. Әкесі кенже қызының сөзіне дән риза болыпты.
#2 Алма толы шелек Адам өзіне жеміс ағаштары бар зәулім үй сатып алды. Үйдің жанындағы ескі үйде қызғаншақ көршісі тұратын еді. Ол үнемі жаңа көршісінің ауласына қоқыс төгіп, ренжітуге тырысты. Бір күні адам көтеріңкі көңіл-күймен сыртқа шықса, лас су толы шелек алдында тұр еді. Ол шелекті алды да, лас суды төгіп, шелектің ішін жарқыратып тазалап, ішін тәтті алмаға толтырып, көршісінің есігін қақты. Есік қағылғанын естіген көршісі «Қолыма түстің бе, бәлем!» деп жанжалдасатын оймен есікті ашқанда, адам қолындағы шелек толы алманы ұсынып: - Әркім өз жүрегіндегі байлығымен бөліседі! – деді.
#3 Адамды сүю – адамгершіліктің түп қазығы Бұл Сиэтлдегі олимпиада ойындары кезінде болған еді. Мүмкіндігі шектеулі тоғыз атлет жүз метрлік қашықтыққа жүгіруге алаңға шықты. Олардың толқулары көрініп тұрды. Олардың әрқайсысының жүздерінен жеңіске жеткісі келетіндей жігер көрініп тұрды. Белгі берілген сәттегі толқуларын жеңу оларға оңайға түскен жоқ. Көбінде ебедейсіз қимыл қиындық туғызса да, олар алға қарай ұмтылды. Ортада келе жатқан жас атлет кенеттен олдың шетіне сүрініп құлап, тұра алмай қалды. Ол мәреге жете алмағанына ызаланып, жылап жіберді. Стадионның үлкен мониторы құлаған спортшыны анық көрсетті. Өзге спортшылар ұзағырақ қашықтыққа кетіп қалған еді, экраннан көріністі байқап, тоқтады да, кейін қарай жүгірді. Даун синдромы бар қыз атлеттің жанына отырып, бетінен сүйді де «Тәуірсің бе?» - деп сұрады. Келіп жеткен спортшылар баланың тұруына көмектесіп, бәрі құшақтасып финишке қарай қозғалды. Стадиондағы көрермендер бәрі орындарынан тұрып, қол соқты. Стадион экранынан кез келген қиындықты жеңе алатын осы адамдардың бақытты жүздері барлығына анық көрініп тұрды. Бұл ерекше жандар ұлы даналықты таныған еді. Өмірде ең маңыздысы – өзіңнің жеңісін емес, өзіңнің қозғалыс бағытыңды өзгертіп, тоқтасаң да, өзгенің жеңуі үшін көмектесе алу екендігі. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |