17:15 Абай әлемі | |
«ТАЛАЙ СӨЗ БҰДАН БҰРЫН КӨП АЙТҚАНМЫН...» Абайдың 1895 жылы жазған өлеңі. 4 тармақты 3 шумақтан тұрады. 90-жылдар Абайдың ақындық қуатының барынша толысып, поэзиясында халықтың қамын жеген азаматтық сарын күшейе басатған тұс болатын. Бұрын ақын өлеңдерінде махаббат, табиға туралы, тіршілікте кездесіп қалатын кейбір келеңсіз құбылыстарды сынау басты тақырып болып келсе, енді ел өмірінің келелі мәселелері басым сипат ала бастайды. Өз халқын шын сүйген, оның бойындағы мерездерді дәл көре білген ақын оған қарсы барынша күресе де білді. Ақынның бұл өлеңінен халқы үшін жаны шырылдаған адамның үні естіледі. Өлеңнің негізгі идеясы – ештеңемен ісі жоқ, ертеңгі күнін ойламай қамсыз жатқан қалың елді келешекке көз салып, «түзу жолға шығуға» үндеу. Ол үшін еңбектену, ғылым іздеу керек, ал қазір «Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» деп налиды. Абай «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп, халықтың ең бір елелулі мінін дәл ұстап, аяусыз мінейді. «Сөзі ұзын» тіркесі өзгеше өрнек тауып, айтар ойдың әсерлілігін, бейнелілігін арттырып тұр. Абай бұдан бұрын да осындай – халықтың қамын жеген «сөздерді көп айтқанмын», әлі де айта беремін дегенді ескертеді. «Іштің мұзын» көздің жасы, жүректің қаныменен, ерітуге болмайтынын біле тұра ақын «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, ойланшы» деп, халқын парасаттылыққа шақырады. «Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін» деп, айтылған ойлы сөзге құлақ салуға, ойлануға үндейді. «адасып алаңдамай», бір жерде ұйлығып «қамалмай», өнерлі өзге жұрттар секілді білім, өнер іздеп, еңбек ет, сонда ғана дұрыс жолға түсесің дегенді өлеңнің өн бойында қайта-қайта қадай айтады. Өлең «ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» деген күйінішті сөздермен аяқталған. Өлеңнен «елім» деп еңіреген, «халқым» деп жүрегі қарс айрылған азамат ақын Абайдың жан-жүрек лүпілі сезіледі. Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |