22:58
Мерейлі отбасы

ҚҰРМЕТ-ҚАДІРЛІ ҚАПАНОВТАР

Әлбетте, отбасы – «қоғам» атты алып ұяның маңызды һәм бірегей ұяшығы. Бұл қағидат тұрақты заңдылыққа ие болғаны да бүгін емес. Заманның қандайма аумалы-төкпелілігіне, тағдырдың бірде олай, бірде бұлай ирелеңдеуіне және тағы басқа қисынына қарамастан, көтерген шаңырақтың шайқалуына ешбір мүмкіндік бермейтін, асыл дәстүрлерді адамгершілікпен пір тұтатын үлгілі отбасыларға деген алғыста шек жоқ қой.

Күн артынан күн, ай артынан ай жылжып өтіп жатқан биылғы жылы екеуара шаңырақ көтеріп, отасқандарына елу жыл толып отырған мерейлі Қапановтар отбасы жайында әңгімелеудің сәтін сәтімен сабақтап көрейік. Оның үстіне алтын той иелеріне деген құрмет-қадірдің өскелең ұрпақ үшін берер үлгісі болсын деген қарапайым ниет.

Осыдан жарты ғасыр бұрын заңды түрде некелерін қиып, отау тігіп, шаңырақ көтерген Тілектес және Ләззат Қапановтар үш ұл мен төрт қыздың ата-анасы болды. Жылдар өте өздері мәпелеп өсірген балаларынан алты немере һәм он жиен сүйіп отыр қазіргі таңда.

Алпыс сегіз жастың үстіне шығып отырған отағасы Тілектес ақсақал өз саналы ғұмырын Бесқарағай ауылының шаруашылығын өркендетуге арнады. Атап айтқанда, 1964 – 1977 жылдар аралығында механизатор, ал 1977 – 1999 жылдарда бес аспапты бригадир қызметтерін абыроймен атқарып, осыдан бес жыл бұрын құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Отанасы Ләззат әже алпыстың жетеуін бағындырып отыр. Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарында Бесқарағай ауылына қарасты әжептәуір бөлімше болған Подпускідегі Бірінші май негізгі орта білім беретін мектебінде техникалық қызметкер ретінде бақандай он екі жыл жалықпай-талмай еңбек өтеген екен.

Қашанда сабыр-салмақты Тілектес ақсақал мен тағылым-өнегелі Ләззат әжеден тараған үрім-бұтақ та бұл күндері өмірдің асу-белестерін бағындырып келеді. Үлкен ұл Қуаныш Қарлығашпен отау құрса, ортаншы ұл Бауыржан Гүлнармен шаңырақ көтерді, ал кіші ұл Бейбіт Ғалиямен өз алдына жанұя құрды. Осылайша «ата көрген, оқ жонар» ұлдары өз ұяларына қонып, ата-анасын Дана, Айгерім, Ернұр, Ельнура, Алдияр, Нұрай есімді немерелердің таусылмас қызығына бөлеп отыр.

Адамға игі асыл дәстүрлерді бойына жинаған шаңырақта «ана көрген, тоң пішер» Жанар, Жансұлу, Меруерт, Арайлым қыздары қияға ұшып, басқа үйдің босағасын оң аяқпен басып, барған жерлеріне «тастай батып, судай сіңіп», киелі үлкен жанұяны Алманбет, Ерсін, Бауыржан, Юрий есімді күйеу балалармен толтырды. Тұрмыс құрған қыздардан Серік, Қуан, Дастан, Ернар, Думан, Әділет, Тимур, Арлан, Нұрсая деген тамаша есімді жиендер «ата-әжелеп» еркелеп жүр осы күндері.

Ұл-қыз, келін, немере-жиендердің бағындырып жүрген белестері өз алдына бір төбе. Айталық, жеке өмірге әлдеқашан қанат сермеген Жансұлу, Меруерттей қыздары, Гүлнар атты келіні педагогикалық қызметтің жілігін шағып, майын ішіп отырған білікті мұғалімдер болса, қыздың кенжесі Арайлым тегеуріні мықты аудандық маслихаттың білдей бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді. Ал ұлдың кенжесі Бейбіт ел игілі жолында аудандық өрт сөндіру бөлімінде маман ретінде нанын тауып, оның қызығын өз жанұясымен көріп жүр.

Ол ол ма, қазіргі таңда Тілектес ақсақал мен Ләззат әженің Айгерім есімді немересі еліміздің бас қаласы Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетіндегі халықаралық қатынастар факультетінің аймақтану мамандығы бойынша таудай талапты студенті болып табылады. Осынау биікке жетер жолда Айгерім он бір жыл бойы Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде кілең «үздік» бағаға оқып, үкілеп үміт артқан «Алтын белгісін» асқан абыроймен дәлелдеп, бүкіл ауданымыздың атын өз алдына мәртебеледі. Осындай асыл немерені бағып-қағуда әкесі Бауыржан мен анасы Гүлнардың көрсеткен тәрбиесімен бірге ата-әжесінің де тағылым-өнегесі телегей-теңіз. Сонымен қатар Қуан есімді жиені биыл Павлодардағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетті дене шынықтыру мұғалімі мамандығы бойынша сәтті тәмамдаса, Дастан есімді жиені Павлодардағы музыкалық колледждің студенті. Осындай талапты немере-жиендердің өкшелеп келе жатқан кейінгі толқын да жас өскіндей ойы да, бойы да өсіп келеді.

Алтын той иелері Тілектес пен Ләззат Қапановтардың мерейлі отбасы – ауылдағы басқа да жанұяларға асыл өнегенің бірегей үлгісі.        

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 964 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: