15:26 Мемлекеттік қызмет қазанында | |
БІЛІГІМЕН БАҒАЛЫ АЯУЛЫЛАР Былтырғы жылдың маусым айының үшінші онкүндігінде еліміз бойынша тұңғыш рет мемлекеттік қызметкерлердің кәсіптік мерекесін салтанатты түрде өткізу қолға алынған болатын. Тәулік бойы асқан жауапкершілікті һәм тиянақтылықты талап ететін осынау саладағы қызметкерлер арқалаған жүк жеңіл емес. Бұл сала мамандары, анау айтқандай, тек жылы кабинет, ондағы былғары жұмсақ орындық, соны үлгідегі компьютер алдында телмірумен ғана шектелмейді әсте. Үңіліп қарағанда, олардың қызметтік аясы әлдеқайда кең де ауқымды. Мемлекеттік қызметкер болу мен атану да оңай шаруа емес әлбетте. Бұл саланы таңдаған адам үлкен жауапкершілік, ел алдындағы азаматтық парыз сыңайлы мән-маңызы биік түсініктерді өз қабырғасымен кеңескеннен соң ғана елеп-екшеп, түпкілікті шешім қабылдайды. Одан қала берді білім-білік-дағды үштағанын құрайтын құзыреттілігін қисыны қиын тест тапсыру сынағы елегінен өткізеді. Бабы да, бағы да үйлескен тұста мемлекеттік қызметкер ер-тоқымын тақымдайды. Өз алдына түтінін түтетіп отырған Бесқарағай елді мекеніндегі Қызылағаш ауылдық округі аппаратында да абыройлы еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер бар. Осынау кәсіптік мереке күніне орай өз ісін ұршықша иіріп жүрген аяулы жандар хақында әңгімелеуді жөн санадық. Мемлекеттік қызметте осымен тоғыз жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан Ж.Оспанова ауылдық округтің әкімшілік аппаратында бухгалтерлік саланың бас-қасында жүрген бас маман қызметінде. Жиырма тоғыз жылдық еңбек өтілі бар Жансәуле Ерланқызы кезінде Павлодар гуманитарлық колледжін салық инспекторы мамандығы бойынша тәмамдады. Ал есепші-кассир ретінде әкімшілік аппаратқа қабылданыпты. Қазіргі таңда Қызылағаш ауылдық округі аппаратында мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны уақтылы игеруін, дұрыс болжам жасауды, қызметкерлерге жалақыны барлық талаптарға сай есептеуді, көктем-жаз мезгілдеріне шақталған ауылды көріктендіруге һәм абаттандыруға, санитарлық жағдайды реттеуге, қыс мезгілінде ауыл ішіндегі жолдарды қалың қардан тазалауға деп бағытталған мемлекет қаржысын нақты бөлуді асқан абыроймен реттеп келеді. Қажырлы еңбегі үшін Жансәуле Ерланқызы Лебяжі ауданы әкімінің және Лебяжі аудандық маслихатының Алғыс хаттарымен марапатталған екен. Ш.Аққазенованың Қызылағаш ауылдық округі әкімшілік аппаратында әлеуметтік саланың жетекші маманы ретінде жұмыс істеп жатқанына жарты жылдың жүзіне айналып отыр. Бұған дейін Қазы ауылдық округінде еңбек еткен Шолпан Петровнаның мемлекеттік қызметте жүргеніне он бір жарым жыл екен. Ал жалпы еңбек өтілі отыз үш жылды құрауда. Кезінде Павлодар гуманитарлық колледжін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша тәмамдаған арнаулы орта білімді маман қатарында. Бұл күндері Бесқарағай ауылының абаттандыру ісімен, жергілікті кәсіпкерлермен жұмыс жасаумен, мемлекет тарапынан балаларға бөлінетін жәрдемақының дұрыс беру ісімен, жұмыспен қамту орталығында тіркелген азаматтарды қоғамдық жұмыстарға тартумен білек сыбана айналысу үстінде. Қашан көрсең Шолпан Петровна ауылдың тұс-тұсында қоғамдық жұмыскерлер ортасынан табылып отырады. Бойында белсенділігі арқасында айналасын қызу жұмысқа бірден тартып әкетеді. Елбасы әрі Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев өз Жолдауларында, басқа да маңызды мемлекеттік мінберлерде мемлекеттік қызмеркерлерге деген назарын айырықша тігіп отырады. Қисыны қиын еңбектеріне қарай олардың жалақысын арттырып отыру да жүйеленген. Соңғы кезде мемлекеттік қызмет саласын реформалау бағдарламасы да өз қомақты жемісін беріп келеді. Сайып келгенде, мемлекеттік қызметтің сапалылығымен ғана елдің әлеуметтік-қоғамдық әлеуеті ілгері қарай жылжымақ, өзгелерге үлгі боларлық деңгейде ғана дамымақ. Мемлекеттік қызметкерлердің абыройлы еңбегі ел игілігі жолында әрқашан жарқырай берсін. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |