22:55
Мемлекеттік тіл - ұлттығымыз һәм елдігіміздің күретамыры

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАДІРЛІ ҚҰДІРЕТІ

Әлбетте, тіл – қай ұлттың болмасын тарихы һәм тағдыры, тәлімі һәм тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде. Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі Қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет тана сүтімен кірмейді. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс – соның айғағы. ХХ ғасырдың ұлы жемісі – Қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ.

О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде... Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – Қазақ тілі. Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деген кезінде қазақ ақыны Қадыр Мырза Әли атамыз.

 Анамның тілі – ардақтым менің. Адамның атасы, әкесі мен шешесі сенсің. Сен менің кішкентай кезімде әкем болып мойныңа отырғызып қуандың, ат үстінде алдыңа алып, мені көкке секірттің. Жел болып кекілімнен сипадың. Тілім, ана тілім менің, адамзатымның тілі, сен менің анам болған кезіңде көкірегіңе жабысып, төсіңнен ақ сүтіңді емдім. Сен менің ағам, інім, әпкем, қарындасым, бауырларым болған кезіңде мен сені одан әрмен түсініп, ұғынғым келді. Адамзаттың Абай мен Мағжан сынды асқар алыптарын туғызған, әкелері мен аналары болған ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім. Бірақ, менің терім “туған тілім” сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен үшін ғана өрілсін! Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады.

Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы. Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ тілі қасиетті Қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады. Ана тілі – бұл әкенің тілі, туған халықтың тілі. Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешемізден, әжеміз бен атамыздан біле бастаймыз. Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңеді. Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадыр-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумағында салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды. Еліміз Қазақстан Республикасы егемен ел атанғалы қашан. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл туралы заң қабылданды. Президентіміздің 2003 жылғы 15 қарашадағы жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні ретінде атап өтіліп келеді. Тіл – адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді. Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз, қалаған мамандықты игереміз. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. “Өнер алды – қызыл тіл” деген осыдан шыққан болар. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.

Қазақ тілі осы мемлекеттің түпкілікті тұрғындары қазақтардан басқа Қытай, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты мемлекеттерінде тұратын қазақтардың да ана тілі. Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, қырым татары, қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Қазақ тілі – өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Оның қалыптасуға бет алуы ХІ-ХІІ ғасырлардағы Түрік қағанатының пайда болу кезеңінен басталып, ХV ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен  қазақ тілі – ежелгі таза қалпын тұтас сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тілінің ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті сияқты екі қайнар көзі бар. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл. Ана тілімізде әдеби шығармалар, ғылыми-бұқаралық, техникалық, құқықтық, педагогикалық, саяси, өнертанушылық әдебиеттер жарияланады. Тіліміз еліміздегі азаматтардың өзара қарым-қатынас тілі болумен ғана шектеліп қалмайды, оның мұрағаттық, ақпараттық қасиеттері де мол. Қазақ тілі бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады. Қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың объективті себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің бірнеше сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, Жоңғар шапқыншылығының халқымызға тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың тілдеріне қысым жасап келгені белгілі. 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған "Тіл туралы” Заңда "Тіл – халықтың ұлы жетістігі  әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі” делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында "Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады” деп жазылған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық.

Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды. Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю.

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деп қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлап өткен. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: "Өнер алды – қызыл тіл”, "Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, "Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар” сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Абайдың даналығына, Махамбеттің батылдығына, Бұқардың ақылгөйлігі мен халқына деген жанашырлығына, Абылайдың данышпандығына, Бөгенбай мен Қабанбайдың ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз.

Асылында, мемлекеттік мәртебеге ие болғанына жиырма бес жыл толып отырған қазақ тілінің туы өрлей де биіктей желбірей берсін.
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 935 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: