15:25
Мемлекеттік саясат даңғылы

МҮМКІНДІКТІҢ ШЕКТЕУЛІГІ ШЕК ЕМЕС

Елбасы және Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халнына арнаған биылғы Жолдауында: «...мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады.

Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек. ...Мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдірген жөн,» – дегенінің маңызы қазіргі таңда мемлекеттік саясат тұрғысынан сондай пәрменді. Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамның әлсіздеу бөлігі саналып келсе, ендігі кезекте олардың әлеуметтік-қоғамдық әлеуетіне жан кіріп, қан жүгіре бастады. Еліміздің ірілі-ұсақты елді мекендерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, қоғам тірлігіне белсенді түрде тарту атты абыройлы іс ілгерілеу үрдісінде. Ең бастысы сол – бұның барлығы мемлекеттің тікелей назары мен бақылауында. Ал бұны бұлжытпай орындау – тиісті жауапты мекемелердің тікелей азаматтық парыз-міндеті.

Ертісті жар басынан жанай орналасқан Бесқарағай ауылында екінші топтағы мүгедектігі мен мүмкіндіктің шектеулілігіне қарамастан ел игілі жолында аянбай қызмет жасап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтың бірі Б.Аркенов болып табылады. Соңғы төрт-бес жылда бүкіл ауылды қысқы және жазғы сумен қамтып отырған да осы Бауыржан Қабдоллаұлы ғой. Өз ісіне деген тиянақтылығы мен асқан жауапкершілігі арқасында ауыл тұрғындарын ауыз сумен жылдың төрт мезгілінде, ал бау-бақшалы жаз мезгілінде жазғы сумен қамтудың өзі оңай шаруа емес әсте. Аталмыш қызмет үшін халықтан жиналатын қаржымен су жүретін әбден ескірген құбырларды жөндейді, жалдамалы түрде жұмысқа алған еңбеккерлерге тиісті жалақысын төлейді. Бір сөзбен айтқанда, Бауыржан Қабдоллаұлы қажырлы іскерлігі арқасында кейбір он екі мүшесі сау адамдардың өзінен асып түседі.

А.Мағауин де екінші топтағы мүгедектігіне және мүмкіндіктің шектеулігіне қарап отырған азамат емес. Қолдан келер талпынысымен өзін жұмыспен қамтып, нәпақасының қызығын өз бала-шағасымен көріп отырған абзал жандардың қатарынан табылады. Айталық, ауыл тұрғындарының шөбін шауып, артынша тиісті орындарына үйіп, тасып береді. Сонымен бірге ауылдың санитарлық тазалығын сақтау жолында қыс бойы жиналып қалған күл-қоқысты тасымалдап шығарумен айналысады. Трактордың құлағында ойнайтын Амангелді Социалұлының ауыл тұрғындары үшін жасап отырған іс-қайраткерлігі әрдайым үлкен абыройға кенелуде.

Қызылағаш ауылдық округі әкімшілік аппараты және аудан орталығы Аққудағы «Аяжан» мүгедектер қоғамдық бірлестігі тарапынан Бесқарағайда тіркелген мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық көмек көрсету қызметі жүйелі жолға қойылған. Айталық, С.Ибраимова мүмкіндігі шектеулі бес азаматқа қарайласса, К.Омарованың қарамағында мұндай жандардың қатары екеу, ал «Аяжан» мүгедектер қоғамдық бірлестігі қатарындағы З.Саттарова бірден алты мүмкіндігі шектеулі жанды бағып-қағады. Қарап тұрсақ, бесқарағайлық мүмкіндігі шектеулі азаматтар әрдайым әкімшіліктің назарында. Адамгершілікті сауаптан тарылып қалмасақ болғаны.    

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 788 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: