09:46
Ұлы Даланың рухани жауһары

Б.МҰҚАЙ / ӨМІРЗАЯ     

Жүз елу жылдық (екі жүз елу емес) отарлық кеп, әсіресе, оның екінші жарымы – орыс-совет кезеңі туған халқымыздың ұзақ шеру тарихындағы ең ауыр заман болды. Ашық, көпе-көрнеу жүргізілген геноцид – 1916 жылғы сүргін, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық. 1941-1945 – орыс-герман майданында алдыға салып, ажалға айдаған қырғын, одан соңғы, ел аман, жұрт тыныш кезеңдегі атомдық апат - өз заманында байтақ жеріне сай ордалы жұрты болған қазақ халқының табиғи өсімін кері шегереді, жер басып жүрген жұртын екі еседен артыққа кемітіп, болашақ межесін төрт-бес есеге төмен түсірді, нәтижесінде, 1898 жылғы бүкіл Ресейлік санақта әпсі Түркістан қауымының негізгі бөлігін құраған, яғни, жалғыз өзі өзбек, тәжік, түркімен, қырғыз, қарақалпақты түгел қосқандағыдан үш-төрт есе көп болған қайран қазақтың сирағы қырқылып, қанаты сынды, бір кезде осыншама ұлан-байтақ жерге лықып отырған ұлы халқымыз селдіреп, жетім, жалбағай күйге түсті. Бұдан жүз жыл бұрын, өзбек 727 мың, тәжік 350 мың, түркімен 281 мың, қырғыз 202 мың болған кезде 4 миллион 84 мыңға жеткен қазақ қазір қанша болатын еді деп ойлаудың өзі жүрегі бар азаматты қияли қылар еді. Кем дегенде отыз миллионға жетер едік. Тіпті, басқа ағайындар сияқты он, жиырма есе өспей-ақ қояйық, небәрі төрт-бес есе көбейген болсақ, қазіргі орыс-орманын қосып есептегенде он бес миллионға жетпей жатқан республикамызда кемі жиырма миллион қазақ отырар еді ғой. Тіпті, он төрт-он бес-ақ болсыншы. Алшаң басып жүрер едік. Өзіміз де басқа, ісіміз бен сөзіміз де басқа...

Бұл – қазақ мәселесінің аса мәнді бөлігі, әйтсе де, бір ғана жағы. Отарлық жүйе өндіршегіңді үзіп, өркеніңді қиюмен ғана шектелген жоқ. Ғайыптан тірі қалған, жер басып жүрген әрбір кісіңнің санасын да улады. Сені ұлттық кейіптен ғана айырып қойған жоқ, адамдық атаулыдан аластады. Сені тарихы болмаған, мәдениеті дамымаған, өзіндік қасиеттен ада хайуан дәрежесінде көрсетуге тырысты. Отаршылдық – игілік деп жарияланды. Құлдық тәртіп – бақыт болып шықты. Басқаша ойлағандар, өзінің адамдық тұрғысына ұмтылғандар, яғни, біз де кісіміз, біздің де тарихымыз, мәдениетіміз болған деп дәлелдеуге тырысқан, бас көтерген азамат тікелей жазаға тартылды. Бірте-бірте отаршылдың жарғысы бұлжымас заңға айналды, отаршылдың тәртібі әдет-ғұрыпқа айналды, отаршылдың ой-жүйесі талассыз ақиқатқа айналды. Құлдық қамытындағы жұртыңыз өзінің құл екенін сезінбейтін жағдайға жетті, мазақ пен қорлық әдепкі өмір қағидасы болып көрінді. Отаршылдықтың тікелей геноцидке жалғас ең үлкен зардабы – рухтың езілуі екен.

Танымал жазушы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы осы құлдық сана, рухтың жанышталуы турасында. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа серпін, соны құбылыс дер едік.

Жалпы жұрт, тіпті жазарман қауым ортасында бүгінгі әдеби үрдіс туралы теріс ұғым қалыптасып отыр. Кері кеткен сияқтымыз, құлдырап кеткен сияқтымыз, елеулі ештеңе жоқ сияқты. Расында да, кітап шығару ауырлады, атауы азайды, таралымы шектелді, жұртқа жетуі қиын болды, т.т. Шын мәнісінде осының бәрі сандық көрсеткіш қана. Әрине, сан деген жақсы. Оған кімнің таласы бар. Бірақ әдебиет қашанда сапамен өлшенбек. Көркемдік сапа ғана емес. Шынайылық деңгейімен, қоғамдық өмірдің терең қатпарларын қопарған ауқым, қуатымен. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қаламгер – қазақта жүз елу жылдан бері болмаған, тіпті, орыстың ұлы әдебиетін жасаған Толстой мен Тургеневтің өзінің еншісіне бұйырмаған толық еркіндікке жетіп отыр. Ауыз өзіңіздікі, қаламыңыз азат! Ұлттың тәуелсіздігі, Қазақ мемлекетінің қайта құрылуы ең алдымен қазақ Жазушысына еркіндік берді. Әуелгі жемісін көзбен көріп отырмыз. Бұрын айтылмаған шындық, ақтарылмаған кесапат – халқымыз өткерген, әсіресе, советтік кезеңде бар қияметін көрген зобалаңдар қағаз бетінде көркем таңбаланып, жарияға шыға бастады. Бұл ретте мен марқұм Бекежан Тілегеновтің ғасыр соңы, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының үздік табысы  саналуға тиіс «Қара жел» , “1986 жыл” романдарын, Қабдеш Жұмаділовтің ғасыр шежіресі деп атауға лайық «Таңғажайып дүние» атты естелік кітабын, Тұрысбек Сәукетаевтың  қазақ қажырын рухани кейіптеген «Ай қараңғысы» романын алдымен атар едім. Теріп, түгендей келсек, тақырыбы соны, тұрпаты бөлек тағы қаншама шығарма табылмақ. Бүгінгі сөз – осы қатардағы “Өмірзая” романы турасында.

Әдетте, жадағай сын әлдебір шығарманы көтергісі келсе, қызғылықты, жеңіл оқылады, тартып әкетеді деп атап көрсетеді. Баққожа романының тартып әкететіні рас. Бірақ өте ауыр оқылады. Мен тура бір аптада әрең бітірдім. Бүге-шігесін қадағалап, айшық, бедеріне ден қойғаннан ғана емес. Баққожа сипаттап отырған өмірдің зіпбатпан ауыр салмағынан. Сол өмірдің нақпа-нақ, шынайы қалыпта таңбалануынан. Қандай өмір десеңіз... – советтік шындық дер едім.

«Советтік шындық» – біз запы болған сөз. Бояма, жалған. Жәреуке, жандайшал. Қисық айнадан қарасақ, бәрі керемет. Ал шын мәнісінде, қазақ халқын қырған, жойған, кембағал қалыпқа түсірген, өркенін қиып, өскінін тапаған – осы советтік, коммунистік жүйе емес пе! Ендеше, “советтік шындық” ұғымы өзінің нақты мағынасын алуы керек. Сол мағынаның көркем бір көрінісі – «Өмірзая» романы екен.

Отарлық кеп қандай халықты болмасын зағип, кембағал жағдайға келтіреді. Ең ауыр салмақ ұлттың намысы бар, санасы бар, кеудесі бар абзал азаматтарының басына түспек. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаев не үшін күресті, басын неге жойды. Күреске жетелеген – ар, намыс, бүгінгі болмыс, келешек ұрпақ қамы, басын жойған – отарлық қанды тәртіп. Біз ең үлкен арыстарымызды атап отырмыз, атаққа шықпаған, бірақ дәл осы орайда шәйіт болған асқаралы азамат неше мың. Аяусыз қанды қырғыннан соң ұлттық рух жер болып жанышталды, бірақ өлген жоқ. Күрестің басқа бір, дәл осы кезең үшін ұтымды тәсілдерін қарастырды, бұрынғыдай қуатты, бұрынғыдай көп болмаса да, ұлттық қайраткерлердің жаңа бір толқыны, жаңа ұрпақ, жаңа төл күреске шықты. Ұлттық сананың қайта жаңғыруы 1960 жылдардың орта шенінен басталса керек. Баққожа романы ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы қазақ идеясы турасында. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 74 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: