09:32
Ұлы Даланың рухани жауһары

Б.СОҚПАҚБАЕВ / ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ   

Б.Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романы. Кітап үш бөлімнен тұрады: автор әрқайсысын бірінші дәптер, екінші дәптер, үшінші дәптер деп саралаған. Шығарманың композициясы жинақты, жұмыр. Әр дәптер өз ішінен шағын-шағын көріністерге бөлінген. Жалпы Б.Соқпақбаев стиліне тән ықшамдылық, жинақылық сипаттарын бұл туындыдан да айқын аңғаруға болады.

Романда кейіпкерлер саны көп емес. Қат-қабат қалың тартыс оқиғалар жүйесі де жоқ. Автор бір ауыл адамдарының тіршілігі, оның ішінде бір үйдің, тіпті бір адамның тағдыры арқылы ауыр кезеңдегі өмір шындығын танытуды мақсат еткен.

Дәстүр бойынша келер болсақ, шығарманың негізгі, басты қаһарманы – Еркін Мамырбаев дер едік. Онымен бірінші дәптерде 15-16 жасында танысамыз да, үшінші дәптердің соңында отызға шыққан кезінде қоштасамыз. Барлық оқиған Еркін атынан баяндалады. Жақсылық, жамандық атаулыға Еркін көзімен баға беріледі. Дәлірек айтқанда, роман өзегі – Еркіннің бастан кешкендері, қалыптасып жетілу жолдары. “Өлгендер қайтып келмейді” – жастық дәурені соғыс жылдарымен қабаттас болған ұрпақтың өмірі, тағдыры жайлы роман.

Алғашқы бөлімдегі Еркін – қазақтың көп қара домалақ ұлдарының бірі. Еті тірі, намысқой, пысық: шеше бауырында, аға аясында өсіп келе жатқан. Осы кезде соғыс оты лап етіп, ер-азаматты майданға ала бастайды. Еркіннің ағасы Сәрсебек енді ғана қосылған келіншегінің көзін жаудыратып, әскерге аттанды. Сол күннен бастап үй-ішінің ауыртпалығы, жеңгесін жат көзден, пәле-жаладан сақтау Еркін мойнына түскен салмақ.

Соғыс деген майдан шебіндегі қиян-кескі, ұрыс. өлім, өлтіру, окоп, мылтық, батырлық, жауыздық қана емес, бүкіл елдегі көп қарым-қатынастарды өзгерткен, неше түрлі қиыншылық, ауыртпалық тудырған алапат. Таршылық, тұрмыстағы жетіспеушілік үстіне сан алуан психологиялық проблемалар, моральдық қиын түйіндер пайда болған.

Өмірдегі осындай күрделі процестер Еркін секілді бала, жас өспірімнің жас тірлігіне ай-шайға қаратпастан, аяқ астынан килігеді. Бұл ұйпап-тұйпап келген соғыс жылдарының қаһарлы дауылы Жазушы Қазақстан жағдайында жиі кездескен келеңсіз көріністің біразын Нұралы бейнесі арқылы шенейді. Жас жігіттер, ортан қолдай азаматтардың майданға кеткенін пайдаланып, жетім-жесірлерге көз алартқан, оп-оңай төсек жаңғыртып, дәулет жинаған, тіпті байып алғандар болғаны бекер емес. Романшы өмірлік материалды сұрыптай отырып, қызықты көркем бейне жасаған. Нұралының дегеніне көніп, айдауына жүрмейтін, бетінен алып, беделін түсіретін Еркін секілді жігітті елден кетіріп, ФЗО-ға жіберуі – кейін осы екеуінің арасында ұзақ жылдарға созылған тартыстың басы.

Бұрын ауыл ішінен алысқа шығып көрмеген Еркін үшін енді ауыр, шырғалаңды жолдар басталады. Табиғатынан адал, ақ, шыншыл жігіттің әр түрлі қиын жағдайларға тап болуы соғыс кесірінен, ауыр кезең зардабынан екендігін жазушы сенімді бейнелейді. Соғыс кезеңіндегі ауыл тұрмысының көптеген қою суреттері Еркіннің көзімен беріледі. Майдан үшін күн-түн демей,  жан аямай еңбек еткен жандардың ішінде Еркін де жүр.

Тағы да Нұралымен арадағы тартыс салдарынан Еркін жұмыстан  шығып қалады.

Екінші дәптерде Еркін басынан бірқыдыру оқиғалар өтеді. Денсаулығына байланысты майданға жөнелтуге жарамаған Еркін  енді шалғайдағы Сарыбел ауылына барып мұғалім болады. Бұл жерде де тіршіліктің, соғыс кезіндегі ауыр өмірдің бірталай тәлімін алған.

Жас көңіл, балалық тазалықпен сүйген қызы Ғалиямен арадағы қатынас үзілгендей кезде, Еркін – Алтын қарым-қатынастары пайда болады. Кейбір сипаттары жөнінен қоймашы Сегізбай колхоз бастығы Нұралымен ұқсас. Екеуі ауыр уақытта қара бастарының қамын ойлаған адамдар. Екеуі де ретін, есебін тауып, төсек жаңғыртқандар. Сегізбайда айла, есеп молырақ. Еркін – Сегізбай – Алтын араларындағы қатынаста реалистік дәлдік, психологиялық сенімділік жақсы ескерілген.

Дәмді тамақ, тәуір киім, жақсы тұрмыс үшін шалға тие салған жас, сұлу, қызулы келіншек пен басы бос бойдақ, сезімі бастықпаған жігіт драмасы – соғыс жылдарының драмасы болып суреттеледі.

“Өлгендер қайта келмейді” романының сюжеті, негізінен, Еркін Мамырбаевтың өмір жолының ізімен өрбіп отырады. Барлық әрекет Еркін төңірегінде жүріп жатады. Бұл жайлар шығармаға тізбектеме - өмірбаяндық сипат берген.

Үнемі осылай болу кейбір кемшіліктерді тудырып, роман композициясында бірсарындылық пайда болған.

Студент Еркіннің өмірі – соғыстан  кейінгі ауыр жылдардағы студенттер өмірі. Оқуға қабылдауда, оқытуда, тұрмыс-тіршілікте күлкілі жайлар мол. Адамды ойлантатын, еріксіз күрсіндіретін халдерді жазушы көз алдыңызға әкеледі.

Жазушы пародия, гротеск, иронияны шебер пайдаланады. Астар, емеурін мол.

Елуінші жылдардағы мектеп тұрмысы романның үшінші дәптерінде  жан-жақты суреттелген. Институт бітірген маман Еркін мен оның әйелі Зағипа Қазақстанның орталықтан шалғай аудандарының біріне мұғалімдік жұмысқа келген. Олар әр түрлі жағдайларға тап болады.

Автор негізгі оқиғаға қатысы жоқ жанама кейіпкерлердің бейнесін қызықты жасаған. Басқа жақтан келгендерді жақтырмайтын, поезда кездескен кемпір, ру сұрайтын мектеп директоры, ленинградтық Маша мен Саша – бұларды ұмытуыңыз қиын.

Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің, оқу бөлімінің меңгерушілері Еркін мен Зағипаға барғаннан көмектессе, Жақыбаев, Ілиясовтар ертең білімді мамандар орнымызға тұрып алады деп қарсы болады.

Еркін мен Зағипаның ерлі-зайыпты өмірлерінің алғашқы қуаныш-күйініштері бар.

Тірліктен көп таяқ жеп, ерте есейген, өткен-кеткенге, ақ пен қараға  ойлана қарайтын, өзінше таразыға салып баға беретін қабілетті, табиғатынан әңгімеге өлеңге құштар Еркіннің жазушылық өнерге ден қоюы – оқырман үшін сенімді нәрсе.

Үшінші бөлімнің бірталай беттері Еркіннің шығармашылық барлау кезеңіне, әдеби ортадағы алғашқы қадамдарына арналған. Редакцияның күнделікті жұмысына, киностудия қызметіне байланысты дәл табылған детальдар, қызықты суреттер, сәтті персонаждар бар.

Көркемдік заңдарын ескеріп жазған романда автор кейбір өмірде болған адамдардың аттарын өз қалпында алмай, өзгертіп бергені дұрыс болатын еді. Еркіннің жазушылар ортасында түскен соң ішуі, бос жүруі тым көбейіп кетеді.

Жазушы қиындық, ауыртпалықтарды жеңіп, тіршіліктің кең жолына түскен жағымды қаһарман бейнесін жасаған.

Қызықты  бейнелері бар, тілі шебер, стилі ширақ роман жазушының қабырғалы қаламгер екендігін көрсетіп отыр: оның қаламынан туған көп қырлы, мол сырлы “Өлгендер қайтып келмейді” – қазақ прозасының елеулі туындысы.

Кітап стиліне зер салыңыз: ақ қағазға қара қарындашпен сызып түсірген суреттей айқын бейнелер көз алдыңызға келеді. Мағына тереңдігі, мазмұн тереңдігі бар. Шымыр тұжыру, нысананы дөп ату разы етеді. Соқпақбаев шындықтың қасықтай бояуын бір шелек суға тастап жіберіп, оқырманды алдарқататын жасандылықтан іргені аулақ салған. Кітаптағы негізгі қаһармандар – Еркін, Нұралы, Қайша, Ғалия, Дүйсен - әрқайсысы өз қалпында – біреуі тайша тулаған асау жүрегімен, біреуі өлімді жерде семірген қара жүрегімен, біреуі ерінен айрылған азалы жүрегімен, біреуі парықсыз жүрегімен, біреуі абзал жүрегімен сыр шертіп тұр. Ықшамдылық, төселген шеберлік бар.

Құрғақ фактілер дәлдігін, сырт сурет, жадағай көрініс сәйкестігін құнттайтын натурализм мен құбылыстың диалектикалық күрделілігін ашатын реализмді шатастырмау керек. Реализм – қат-қабат өмір қайшылықтарын көрсетуді, даму бағдарын айқындауды талап етеді. Жазушы осы биіктен табылуға күш салған. Еркіннің лагерьдегі өмірінің шолақ қайырылуы, Еркін мен Нұралы арасындағы тартыстың асқынып барып, жеңіл шешілуі – кітап кемшіліктері. Тұтастай алғанда, қазақ қырының соғыс кезіндегі қайғылы аспанын, азалы жерін, күрсінген адамдарын сенімді бейнелеген “Өлгендер қайтып келмейді” хикаятының арқалаған әлеуметтік салмағы, көркемдік-эстетикалық күші бұл шығарманың әдебиетіміздің соңғы жылдардағы бір олжасы екенін айғақтайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 63 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: