23:43 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
Қ.ШАБДАНҰЛЫ / ҚЫЛМЫС Қажығұмардың тағдыры - ХХ ғасырдағы қазақтың тағдыры. Алла Алашты Азаттықпен алқағанға дейінгі бодандықта өткен рухы биік ұлттың бар өмірі қай жағынан алсаңыз да Қылмыс саналды. Отарлаушы орыс қазақты бұратана атандырып, бұтарлап құртпақ үшін не істемеді. Орыс үшін қазақтың жер бетінде жүруінің өзі Қылмыс еді. Демек, Қажығұмар Шабданұлының әйгілі «Қылмыс» романы - қанқұйлы ХХ ғасырдағы тұтас ұлттың аянышты да, аяулы тағдыры. «Қылмыс» атты алты томнан (кітаптан) тұратын романы. «Шынжаң халық баспасы» жағынан 1982 жылы «Қылмыс» романының 1-томы, 1986 жылы 2-томы жарық көрген. 3-томы баспадан жинап алынған. «Қылмыстың» бірінші кітабы кейін Қазақстанда да басылады (Шабданұлы Қ. Қылмыс. Бірінші кітап. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2004). Кейіннен аталған ұйым жағынан (2009 жылы) «Қылмыстың» 6 томдығы тұтастай жарық көрді. Романның арқауы – Қазақ даласына Кеңес өкіметінің орнауынан басталып, 1930-1940 жж. Шығыс Түркістандағы ұлттық азшылықтардың азаттық қозғалысына дейін тарихи және күнделікті оқиғаларды баяндайды. Шығарманың тілі уытты саяси әжуа мен мысқылға толы. Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» бақандай алты кітап. Қытайда Шынжаң халық баспасы жағынан І томы 1982 жылы, ІІ томы 1985 жылы жарық көрген. ІІІ томы 1986 жылдың соңында басылып-таратылып жатқанқа жинап алынған. Қазақстанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан 2004 жылы «Пана» атты тарихи романы жарық көрсе, 2005 жылы «Қылмыстың» бірінші кітабы басылым көрді. 2009 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан бұрынғы басылып шыққан бірінші томды құрамына алып 6 томдық еңбек болып тұтастай жарық көрді. 2000 жылы Қ. Шабданұлына «Қылмыс» роман-эпопеясы үшін Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Роман-эпопеяның жазылған тарихи жағдайына келсек, 1966 жылы бүкіл Қытайда «Мәдениет төңкерісі» аталған кері бағыттағы қозғалыстың болғандығы көпке мәлім. Мұнда нақақ жала жабу барынша етек алып, қазақ зиялыларына «ұлтшыл», «халық жауы», «шетке байланған» дегендей ат қойылып, айдар тағылды. Қажығұмар Шабданұлы да осы жаланың құрбаны болып, 1967 жылы түрмеге түсті. Оның «көзге шыққан сүйелдей» болуының да өзіндік себептері бар. 1. Алты томдық «Қылмыс» романының авторы Қажығұмар Шабданұлы Қытай империясының жауы атанып, қырық жыл абақтыда, бес жыл үйқамақта отырады. Жазушы 1932 жылғы ашаршылық кезінде жұртпен бірге Шәуешекке кетуге мәжбүр болған. Ол кезде небәрі жеті жаста еді. Бұл туралы романның бірінші бөлімінде кеңінен жазылады. Бір адамның басынан өткен оқиғада бүкіл ұлттың қасіреті бейнеленген. Жазушы тұрмыстың тапшылығын көп көріп, өлместің күнімен есейген шағында түрмеге қамалады. Бірақ, оған тағылған айып – нақты белгісіз. 2. «Қылмыс» көп томды романы әлемдік рекордтар кітабының қатарына енуге әбден лайық. Жарты ғасырды түгелімен қамтитын бұл шығарма темір тордың ар жағында қағазға түседі. Романның алғашқы екі бөлімі қаламгер бостандыққа шыққанда жазылған. Бірақ, оның алдында Қажығұмар Шабданұлы жиырма жыл абақтыда отырады. Демек романның концепциясы жазушының жүрегінде, миында жиырма жыл дайындалған. Қалған төрт тарауы таза түрме қабырғасында туындады. Адамзат тарихында бұл сирек құбылыс, жанкешті еңбек. 3. Қытай империясының «жауы» атанған жазушының романы өз кезегінде көп қастандыққа ұшырайды. Оның үшінші бөлімі абақтыда түгелімен өртеліп, қайтадан жазылып шыққан. Романның қолжазбасы астыртын Қазақстанға жетіп, белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің қайраткерлігімен оқырман қауымға жол тартады. 4. «Қылмыс» романы жанр жағынан мемуарға жатады. Бірақ, бұнда бір адамның басынан өткені ғана емес, жалпы қазақ халқының трагедиясы суреттелген. Орыстың классик ақыны Анна Ахматова «Мен мемуарды әдеби жанрға жатқызбаймын. Ол жерде фальш өте көп. Мемуарда мойындалатын тұлғалардан гөрі әдебиетте мойындалмайтын тұлғалар артығырақ» - деген екен. Мүмкін, Анна Ахматова «Қылмыс» сияқты романның жазылатынына сенбеген шығар. Әйтпесе, бұл пікірін толығымен теріске шығаратын еді. Қажығұмар Шабданұлы мемуардың эпопеялық романның жүгін арқалай алатынын дәлелдеді. 5. Романның әр бөлімі «Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!» - деп басталады. Осы форма арқылы ғана, жазушы қытайдың сол кездегі озбыр саясатын ашық көрсеткен. Бұл шығарманы оқып отырып, қытай халқының психологиясына, ішкі дүниетанымына терең бойлауға болады. Қытай жұртының кескін-келбетін білу үшін Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның шығармашылығынан кейін, «Қылмыс» романын оқу керек. 6. «Қылмыс» романы ағылшын, француз тілдеріне аударылса өте көп оқылуы мүмкін. Себебі, әдебиет тарихында әлемде мемуарлық, шытырман оқиғаларға толы романдар көп оқылады. Оның үстіне бұл романның тарихи шындығы адамзат тарихындағы үлкен геноцидті әшкерелейді. Көп жағдайда, Нобель сыйлығы осындай, болған оқиғаға құрылған шығармаларға берілген. 7. «Қылмыс» романы - адамның өмір үшін бәріне бара алатын жігерлі екенін дәлелдеген туынды. Мәселен, романның бірінші бөлімінде басты кейіпкер Биғабілдің отбасынан үш адам екі тоқаш үшін Қытайдың жол салу зауытында қызмет атқарады. Кешкісін тапқан екі тоқашты алты адам бөліп жеп, жан сақтайды. Енді бірде Биғабіл мал соятын ұйғыр қасапшыға жалданып, еңбекақысына қойдың қанын алады. Ұйыған қанды қазанға қақтап, бір отбасы жан бағады. Романда бұндай жан түршігерлік эпизодтар бастан асады. 8. «Қылмыс» романы 1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылықты алғашқы болып әшкерелеген туындылардың бірі. Ол қаншама жыл кітап болып басылмай, қолжазба күйінде жатып қалды. 9. «Қылмыс» романында қазақтың үлкен саяси қайраткерлерінің аты-жөндері өзгертілмей берілген. Қазақтың басын біріктіру мақсатында империяға қарсы күрес жүргізген атақты Оспан батыр мен данышпан Жағда Бабалықұлы осы романда бейнеленеді. Сол кезде қазақтың қамын ойлаған текті азаматтар бірігіп, алып қытайдың үрейін туғызған. Бұл тұлғаларды Алаш қайраткерлерімен қатар зерттеу керек. 10. «Қылмыс» романының соңында: «Дүниеде өз отанынан айырылудан өткен үлкен қылмыс жоқ екен» - делінген. Қажығұмар Шабданұлы 1932 жылдан кейін елдің бетін көрген жоқ. Қытай тарапынан қатаң тыйым салынды. Туған жердің топырағына жетуді өмір бойы армандап, өкінішпен дүние салды. Қаламгердің көзі болып қалған мол мұраны игілігімізге жаратып, әлем назарына ұсыну – біздің ар алдындағы парызымыз болмақ. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |