07:39
Ұлы Даланың рухани жауһары

М.ДӘУЛЕТБАЕВ / ҚЫЗЫЛЖАР

Мәжиттің проза саласындағы еңбегінің биігі – “Қызылжар” романы. Роман әуелде үш кітап ретінде жоспарланған екен. Жазушы оның бір-ақ кітабын аяқтаған. Екінші кітаптың жеке үзінділері ғана жарияланған.

Роман Октябрь революциясының қарсаңындағы және революция жылдарындағы Қызылжар (Петропавл) қаласындағы оқиғаларға негізделіп жазылған. Онда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен февраль революциясы дәуірінің, қазақ даласында социалистік революцияның жеңуі кезеңінің, азамат соғысының шындықтары мол қамтылады.

Роман басты патшалық Ресейдің отарына айналып, жергілікті байлар мен орыс чиновниктерінің екі жақты қанауына, зорлығына тап болған халықтың ауыр өмірінен мол хабар береді. Ақпандағы ақырған қыспен жүдеу елді қабаттаса қысып жатқан әкімдер, сәудегерлер мен байлар озбырлығы шектен шыққанын көреміз. Осындай бір кезеңде қалалық полиция бастығы Медведев шанаға жорға жегіп серуенге аттанады. Жорғаның шабысын көруге құмартқан жұрт көшеге толып кетеді. Олардың арасында жүрген ауылдан келген аңқау жігіт Атымтай қызып, ілгері, топтың алдына шығады. Тымағың ат үркітеді деп, полиция бастығы оның бас киімін тартып алып, өзінің итіне кигізіп қояды. “Бойня” жұмысшыларын әбден зәрезап қылған Бұқпан бай қылықтары өзгеше бір сала. Мал сойған жерде ет ұрлайды деп аңдып ол “Бойня” ішінен шықпайды және жұмысшыларға тыным бермейді. Мұндай әділетсіздіктер кірпіш, тері заводтарында да кездеседі.

Осындай оқиғалар арқылы жазушы роман геройларының қақтығысын белгілеп, оларды таптық көзқарас тұрғысынан жүйелейді.

Қаладағы жұмысшы табы өкілдерін біз кірпіш заводының жұмысшысы Қылыштың үйлену тойында көреміз. Петр Громов, Мақсұт, Балта, Кәрім, тағы басқалар әр ұлттан (орыс, қазақ, татар) шықса да, таптық тілектестік, мүдделестік табыстырған жандар болып суреттеледі. Той үстіндегі әңгімелердің өзінен-ақ жазушы олардың үстем тапқа наразылығын байқатып тастайды.

Роман уақиғасын ілгері дамытушы негізгі күш – осылар. Өмір азабы ашындырып, кекті күреске алып келген бұл топ әр тұста-ақ өздерін қанаушылармен бетпе-бет келіп қалады. Бұқпан байды байқамаған боп сойылған малдың қан-жыны толып тұрған қамбаға құлатып жіберетін де осылар. Автор еңбекші бұқара тобының біріккен қимыл-әрекетіне саяси бағыт бере суреттейді. Олар күрес, тартыс үстінде ширап, шыныға түседі. Қызылжар жұмысшылары бірігіп бір орталық құрады. Оған Бакудегі саяси көтеріліске қатысқан большевик Петр Громов басшылық жасайды, ел адамдарынан Балта ұйымдастыру жұмыстарына белсенді араласады. Құпия жиындар көбейді, листовкалар таратылады.

Жұмысшылар ынтымағына бөгет жасамақ болған полиция әрекеті оны басу орнына, өршіте түседі. Осындай жағдайда майданға алынған жігіттер оралады, соғыстан қашқан солдаттар көбейеді, елдегі езілгендер, қалада азап шеккендер табыса түседі.

Патшаның тақтан түсуі күрестің тереңдей түсуіне мүмкіндік туғызады. Есі шығып, жан ұшыра ескі тәртіпті сақтап қалмақ болғандарға қарсы жұмысшылар қызыл отряд құрады.

Саяси топтар көбейеді: эсерлер, меньшевиктер, ұлтшылдар революцияға қарсы бірігеді. Чех әскерлерінің көмегімен олар жергілікті жұмысшылар өкіметін құлатады, біразын тұтқындайды, көп адам күрес үстінде құрбан болады. Романның уақиғалық жүйесі осылай аяқталады. Революцияға қарсы топ уақытша жеңіске жеткенмен, халық күшінің тегеуірінді екені, күрестің тоқтамайтыны аңғарылады.

Роман уақиғасының желісі қаланың күнделікті өмірімен толысып, шындықты кең қамту планында өрбиді. Сол арқылы ұнамды, ұнамсыз геройлар дараланып, олардың іс-әрекеті нақтыланады.

Автор ұнамды геройлар әрекетін тәптіштеп әңгімелеп, олардың бойынан көрген жақсы мінез-құлықтарын үлгі етіп отырады. Олардың ішінен, әсіресе, Петр Громов пен Балтаны күрес ұйтқысы етіп көрсетеді.

Петр Громов – Қызылжарға сырттан келген саналы күрескер. Революциялық саналы күрестен алыс қауымды ол біртіндеп сендіріп, күрес жолына тартады. Қимылында сергектік, ісінде сенімі мол адам. Көзқарасы жағынан – интерноционалист. Түрмеде де өзін ер ұстайды. Медведевтің сұрақтарына батыл, өткір жауап береді. “1905 жылғы көтеріліс – ол баласы ғана, оның әкесі алда тұр”, - дейді ол полиция бастығына. Жазушы оның жер аударылуының өзіне шыңдалу мектебі ретінде қарайды.

Балта бойында қазақ халқының гуманистік, ерлік табандылық әрекеттері жинақталған. Өз ортасының озық өкілі ретінде Балта көзқарасы, ұғымы тұрақты адам болып суреттеледі.

Ұнамды бейненің бірі – Атымтай. Жазушы бұл арқылы ауылда өскен, қала тәртібінен тыс адамның өмір талқысына түсіп, біртіндеп күреске келгенін нанымды көрсетеді. Жетім ақысын көп жеген ауылдғаы қатыгез ортадан кеткен Атымтай әуелде қалада әділдік бар деп ұғады. Бірақ ол зорлықтың үлкенін қаладан көреді. Медведев, Бұқпан бай, Бейсенбай қажы қай-қайсысы болса да, Атымтайды бір қағып өтеді, оны адам қатарына алмайды. Қала жұмысшыларымен табысып, жөнін түсіне бастаған жас жігітті 1916 жылғы көтеріліс кезінде Бейсенбай қажы біреудің орнына жасын өзгертіп солдатқа беріп жібереді. Майданның қара жұмысын атқару кезінде ол орыс офицерлерінің оларға қалай қарайтынын көреді. Февраль революциясынан кейін қайтқан Атымтай қызылдар отрядына кіреді. Бейсенбай қажыны тұтқындап, Бұқпан байдан кек алады. Бұқпанның жас тоқалына үйленеді.

Романның ұнамсыз геройларын Мәжит тәп-тәуір жасаған. Олардың ең елеулісі – бай Бұқпан Көпеев. Автор оны дүниеге көзі тоймайтын, қанағатсыз, сараң бай етіп көрсетеді. Бір кәдеге асады деп ол көшеде кездескен жүн-жұрқа, темір-терсекті жия жүреді. Мал сойғанда аңдып қасында тұрады. Сәудегерлікпен байыған ол пайданың жаңа түрін жақсы түсінеді. Жазушы Бұқпан мінез-құлқын суреттеуде әсірелеуді көбірек пайаланады. Оны сырт бейнесінің өзін ұсқынсыз етіп, кір киіміне дейін қазбалап жазады. Портрет жасауда оған лайық теңеулердің өзін малдан іздейді (“Ешкі сақалды, түйе табанды, есек құлақты” деген сияқты).

Бейсенбай Бұланов қажы, Сұқсұр Арамқанов бейнелерінде сатқындық, опасыздық қылықтар көбірек байқалады. Бейсенбай қажылықты халықты алдап, патшаға оның әкімдеріне жағыну үшін пайдаланады. Арамқанов – ұлтшыл. Екеуі де бір мақсаттың адамдары. Олардың мүдделестігі революцияны жақтаушы адамдарды қуғындауда анық танылады. Ақыры олар Мақсұт, Кәрім сияқты күрескерлерді қазаға ұшыратады.

Медведев – романда әуелде патшаның қолшоқпары, отаршылдықтың өкілі ретінде көрінсе, кейін революцияның саналы жауына айналады.

Қызықты романның әлі де өңделуге тиісті жерлері де аз емес еді. Образдарды сомдай түсуде, оқиғалар тізбегін характерлер тартысымен тығызырақ байланыстыруда, күрес пен революционерлер бейнесін тереңдетіп дамыта түсуде жазушы алдында бірсыпыра міндеттер де тұрды. Романның кейінгі кітаптарын жазу үстінде оған көңіл бөлуге Мәжиттің творчестволық мүмкіндігі де мол еді. Бірақ жазушы өмірі қысқа болды. Соған қарамастан, “Қызылжар” – халық тарихында үлкен мәні бар әлеуметтік күрес уақиғаларын көтерген және шыншылдықпен бейнелеген қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдарының бірі.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 93 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: