07:57
Ұлы Даланың рухани жауһары

К.АХМЕТБЕКОВ / ҚАСІРЕТ

Ахметбековтің бұдан бұрынғы “Ақдала” романында түбегейлі көтеріп, ашына жазған тақырыбына қайталап соққан жерлері ұтымды. Өмір, уақыт өзгерісін әдіпті өреді. Кәрібайдың туған жер жөніндегі толғанысы; жердің бей-берекет жыртылып, құнары қашқаны, мыңғырған мал өсіретін аймақтың амалсыздан “астықты алқапқа” айналғаны жайындағы жан күйзелісін ақаиқат емес деп кім айтар?!

Романдағы орталық кейіпкердің бірі Жолымбет ақсақалдың жекеменшік малды бағудың аса қиындап кеткенін ойына алған тұстары да уақыт үні іспетті. Оның ойы көкейде жүрген көптің сөзі, көптің жүрек қыжылы. Жекеменшік малға өріс тарылған, жазға жайылым етіп отырған ауыл іргесіндегі өзен аңғарын да жыртқызып, пысықтар егін салдырған. Аз ғана жылдың аралығында осындай қыспақ көріп, тіршілігі тарылған ауыл адамдары жан-жаққа бытырай бастаған. Кешегі түтіні түзу ұшқан ауылдар қаңырап бос қалып, онда кір жуып, кіндік кескен атамекендерін қимаған, кәрі-құртаң кемпір-шалдар ғана отыр. Міне, бұл қазіргі кездің қасіреті емей, немене?!

Кешегі колхоздарды ірілендіру, оның совхозға айналуы, сол тұстағы қыруар қазақ ауылдарының оты сөніп, аты өшіп, жоғалып кетулері – біздің ұрпақтың көз алдында өткен жағдай. Аты түгіл, заты қалмаған сол бір сорбақ өңірлер тағдыры кезінде атқамінер – басшысымақтарды тіпті де толғандырмағаны да рас. Қазіргі қайта құру заманында ашық айтылып, қайта көтеріліп жатқан мәнді, ұлттық әлеуметтік мәселенің қаламгер назарына ілігуі әрине құптарлық жағдай. Бір ауыл тағдыры арқылы автор барлық қазақ ауылдарының көкейкесті мәселелерін көтерген. 

Жазушыны ұлттық тұрмыс-салт, ауылдағы жақсы дәстүрлердің құрып, жойыла бастауы да қатты толғандырады. Бүгінгі ауыл адамдарының арақатынасының суысып кеткені, бұрынғы бауырмалдық сезімнің жоғала бастауы да қаламгер қабырғасын қайыстырмай қоймайды. Бұл, әрине, оқушыға ой салатын көріністер.

Романның өне бойы толы өмірлік – қоғамдық-әлеуметтік маңызы бар мәселелер. Шығарманың оқиғалар түзілісі, сюжет желісі, композициялық құрылымы, кейіпкерлерінің өмірлік позициялары, адамгершілік мұраттары, қилы-қилы тарихи кезеңдердегі адамдар тағдыры – міне, осының бәрі қосылып, жазушының ел мен жер, халық тағдырын тереңнен толғап, өткеніне бүгінгі  күннің көзімен  қарап, тиісті бағасын беруге бағышталған. 

Тәжірибелі қаламгер күні кешеге дейін жоғарыдан жоспарлаудың, шырғалаңына ұшыраған шаруашылықтағы болған керітартпалықтарды да орынды сын тезіне іліктіреді. Әуелі арпа-бидай, жүгері, сосын темекі, одан соң қызылша егуге көшкен колхоз тіршілігінен не үміт күтуге болады? Міне, осылайша, көпшілік өңірлерде не дақылын тапқан жер жоқ, не кәсібін тапқан ел жоқ, не түрен тісі тимеген елді мекен жоқ. Осының бәрі жазушы шымбайына қатты батады.

Романның үшінші тарауынан бастап оқиға желісі өзге бір өзекті арнаға түседі. Автор орталық кейіпкерлердің жастық шағы, өткен өмірлеріне шегініс жасап, ел басына күн туған отыз екінші жылғы ашаршылық азабын, отыз жетідегі ойранды, күні кешеге дейін біле тұра жұмған аузымызды ашпай келген – халық көрген қорлықты, нағыз нәубетті суреттеуге ойысқан. Жеке адамдар – қатардағы қарапайым адамдар тағдырымен шебер шендестіре баяндалған сол бір келмеске кеткен қилы кезеңдер көрінісі оқушысын сан сұмдықтар, сорақылықтарға жүздестіріп, жан сезімдерін теңіздей толқытып, ашынтады, опынтады. Сондай-ақ соншама тағдыр тауқыметін тартса да сынбаған, өмір үшін өлімді жеңген, бүгінгі бақуат заман үшін күрескен қайсар да қайырымды, жігерлі де жасампаз, жайсаң да жомарт кейіпкерлерді кездестіріп, олардың адалдығы мен адамгершілігіне басыңды иесің. Өзіңнің де сол адамдарға бүйрегің бұрады, олармен бірге қуанып, бірге қиналасың. Міне бұл, сайып келгенде, біріншіден, шығарма шындығының әсері болса, екіншіден; жазушы шеберлігінің, яғни, өмір құбылысын өнерде суреттеп көрсетуге қаламгер қаламының жүйріктігінің белгісі. Бұл ретте біз Ошақбай, Ескермес, Қарашаш, Қалдықыз, Жолымбет, Тәңірберген сынды кейіпкерлердің тағдырларына таңдана, таңдай қаға қараймыз, жақын тартып, жақсы көріп кетеміз.

Романның соңғы – бесінші баяны басқа арнаға ауысқан. Онда әңгіме желісі өзгеріп, қайтадан бүгінгі күннің оқиғасына ауысыпты. Жастар – ерлі-зайыпты қойшылар Қайым мен Ағзия тағдырлары да қызықты, тәлімді. Осы жаңа арнаға түсу арқылы автор ел басынан кешкен қайғы-қасіреттің өзі пайымдаған сабақтарының сырына терең үңіліп, өз көңіліне түйген жағдаяттарды жаңа қырынан көрсетуге қадам басқан сыңай танытады.

Бірінші кітап ел естімеген сұмдық бір оқиғаны баяндаумен аяқталған екен. Оқыған адам оқиға енді қалай жалғасар екен, кейіпкерлердің кейінгі тағдырлары не болар екен деп елеңдесіп, жалғасын асыға күтері хақ.

Романның қайсыбір тұстары публицистикалық сарында жазылған. Бұл – қазір одақ, оның ішінде орыс әдебиетінде қалыптасқан жаңа дәстүр. Өмірлік, өткір көкейкесті мәселелер қозғаған сәтте жазушы көбінесе көркемдіктен гөрі публицистикаға көбірек қамшы басып жібереді. Дегенмен ондай жерлері онша көп емес. Бұл – біздіңше, Кәрібайдың “Ақдалада” көбірек орын алған кемшілігінен мейлінше арылғанын көрсететін, шығармашылық шеберлігінің кемелдене түскендігінің басты белгісі.

Қаламгер тілге жүйрік, ойға бай. Сол себепті оқиғаны баяндаса да, суреттесе де жорғадай тайпалта жөнеледі. Әрі қоғам өмірінің маңызды, мәнді, мақсатты мәселелерін дер кезінде қозғап отыр.

Өзге жұрттар жаппай сонау бір қилы замандар шындығын жазып, жариялап жатқан кезде қазақ қаламгерлері де қарап қалмасы хақ. Мына шығарма соның бір жарқын мысалы. Ахметбеков бұл тақырыпқа бүгінгі ұлы дүрмекке қосылуды көздеп емес, нағыз жанын жегідей жеп жүрген, енді айтпаса жүрегі жарылатындай шындықты айтуды аңсап барып қолына қалам алғанын аңғартады.

Шығарманың өне бойында арнайы тоқталып айтатындай, қадала қазбалайтындай кемшілік байқалмаған соң, тырнақ астынан кір іздеуді мақсат тұтпадық.

Біз ұзақ жылдар бойы тағдыр тақсыретін көп тартқан туған халқымыздың өткендегі өмірін көркем әдебиетте қанша жаздық десек те, нағық ақиқатты айта алған жоқпыз... Көрсек те көрмегенсіп, білсек те білмегенсіп, жалаң саясат, жайдақ идеологияның дегенін істеумен дымымыз құрып келді. Енді, міне, сол солақайлықтың, сол олқылықтың орнын толтырар сәт туды. Жазушы К.Ахметбековтің романы осы реттен алғанда айы оңынан туған туынды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 91 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: