22:56
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ш.МҰРТАЗА / ҚАРА МАРЖАН

Жалпы автор қандай тақырыпты немесе қандай тартысты алмасын, оны қалай суреттемесін, бәрібір түптің түбінде басты назар, негізгі арна кейіпкер табиғатына, кейіпкер іс-әрекетіне тірелетіні белгілі. Сондықтан да, өндіріс мәселесіне шығарма жазғанда, сол өндіріс тетіктерін, сол өндірісте болып жатқан әр түрлі, сансыз қосалқы эпизодтарды болсын-болмасын, келсін-келмесін жіпке тізіп, сағызша  соза бергенше, қайта сол еңбек үстінде жүрген бір кейіпкердің болса да бірегей тұлғасын сомдауға, соның қайталанбас характерін ашуға тырысу керек. Яғни кейіпкердің ішкі жан дүниесіне тереңдей үңілу, олардың іс-әрекеттерінің, ой-сезімдерінің, мақсат-мұраттарының моральдық-әдептік негіздерін терең ашып көрсету қажет. Осы орайда “Қара маржан” романының жаңашыл, ерекше елеп айтар қасиеті оның кейіпкерлерінің қайталанбас кейбір көркемдік қасиеттеріне байланысты. Әсіресе, романның орталық кейіпкері Нариман – күрделі, тартымды образ. Ол бар болмысымен, бүкіл іс-әрекетімен өмірдегі күрделі мәселенің, яғни қоғамдық, рухани, әлеуметтік маңызы үлкен адамгершілік проблеманың бүгінгі өмірімізге сәйкес, соның рухына сай келетін әділ шешімін іздеу үстінде толғанады, өседі, күреседі, жеңеді. Образдың табиғи түрде өсуіне, дамуына, күрделенуіне автор баса назар аударған. Сондықтан да Нариман образын кейінгі жылдары өндіріс тақырыбы бойынша жарық көрген шығармалардың айта қаларлықтай табысы ретінде бағалауымызға болады.

Сонымен бірге жазушы кейіпкер мінезін даралап, оның ішкі жан дүниесінің қалтарыстарын, иірімдерін тереңірек ашу мақсатында оқыс эпизодтар мен жанама оқиғаларды көркемдікпен, өте ұтымды пайдаланады. Осы стильдік ерекшелікті, біріншіден, жазушының шеберлігіне тән өзіндік қолтаңбасы десек, екіншіден, шығарманың эстетикалық құнын көтеріп тұрған көркемдік компоненттердің бірі ретінде де қарауымызға болады.

Мысалы, осындай ұтымды эпизодтардың бірі ретінде шығармадағы асыранды арқар туралы оқиға мен “Домалақ ана туралы” аңыздың айтылатын тұстарын алып, соған назар аударсақ, анық байқаймыз. Осындағы асыранды арқар, оның ойламаған жердегі өкінішті өлімі туралы оқиға Жарас Хамзин бейнесін толығырақ ашуға, әсіресе осы кейіпкердің ішкі жан-дүниесін, адамдық қасиеттерін, моральдық келбетін нақты және типтік жағдайда көрсетуде үлкен көркемдік қызмет атқарып тұр. Аң аулау кезіндегі  немесе асыранды арқарды атып алғаннан кейінгі Ақырап пен Жарас арасындағы диалогке және осы кейіпкердің ой ағымы мен сезім-күйлеріне көңіл аударыңызшы. Немесе Жарас Хамзиннің арқар атып алар алдындағы – аң атуға дайындалып жатқан тұсындағы Ақыраптың айтатын сөздерінде терең астар бар. Ал осы уақытта екінші бір кейіпкер Нариманның не ойлап, неге толғанып отырғанын байыптап көрелікші. Ол (Нариман) табиғат сұлулығына сыймайтын іс-әрекетке бастайын деп отырғанын, қала берді одан зорғысына да барып, бейкүнә табиғат перзенттеріне үлкен қиянат жасап, марал атайын деп отырғанын есіне түсіреді. Ал осы өзі жасырынып отырған жердің бір кезде көне тарихи оқиғаларға куә болған киелі жер екендігін, осы жер аттарының өзі де бір түрлі қызық, бір түрлі оқыс сезім, ойламаған түсініктер тудыратынын ойлап отырады да, мынадай тұжырымға келеді. “Біз сонда Қанды асудың бас жағында отырмыз-ау. Бір заманда бабаларымыз дәл осы шатқалда осы тау үшін, осы жер үшін, мынау аспан асты үшін қас-жауымен арпалысып, қасық қанын төккен. Мына қына, мүмкін, сол соғыста шейіт болған бабаның жүрегінен тамған қан шығар? Ал, біз болсақ сондай киелі тастарға мылтық сүйеп қойып, тасыраңдап отырмыз. Арқар атпақшымыз. Арқар атуға тыйым салынған. Бірақ өкіметтің сол әділ заңын бұзбақшымыз. Аңғал-саңғал алып тауда бір-ақ қорықшы бар. Ол қай жағына жетеді? Адамдардың қомағай тесіктерінің қайсысына тығын болады? Заң бұзылмас үшін арқарға әркімнің ар-ожданы қарауыл болса керек”.

Иә, аға ұрпақтың қан төгіс майданда қорғап, жеңіп алған әдеп заңын бұзбас үшін әрбір азаматтың ар-ожданы болуы керек екен. Ол қандай заң, жоғарыда кейіпкер аузымен айтылғандай тек қана арқар атпау заңы ма екен? Жоқ, ол ғана емес. Бұған біз ой көзімен, парасат биігінен қарасақ, ол заң деп отырғанымыз кең ұғым, тамыры тереңде жатқан ұғым. Ол заң ата-бабамыздан бермен қарай қалыптасып, жалғасып келе жатқан бүкіл адам баласының адамгершілік дәстүрі екен, ол – қала берді, өмір салты тәрбиелеп, қалыптастырған азаматтық парыз, қоғамдық мүдде, моральдық тазалық. Осының барлығының жиынтық атауы ар-ождан болып табылады.

Күрделі өндіріс, ірі кәсіпорын басшысына тән қасиет – жаңалыққа құштарлық, қоғам дамуын, уақыт ерекшелігін, мезгіл бедерін дәл танып, анық көре білу, қажет жағдайда шұғыл, әрі батыл шешімдер қабылдай алу қабілеттілігі, әрдайым істің көзін тауып, инициатива көтере білу және осы мақсатта көпшілікті үйіріп әкетер іскерлік пен белсенділік көрсету болып табылады.

Осы қасиеттерді романның бас кейіпкері, Нәртас кенішінің бас инженері Нариман Данаев тұлғасынан табамыз. Оның өндіріс ұйымдастырушысы ретіндегі әлеуметтік белсенділігі, Нәртас кенішінің өндірістік көрсеткіштерін жоғарылату, бекітілген жоспарды ойдағыдай орындап шығу мақсатында, яғни руданы мол әрі, үздіксіз өндіру үшін жаңа технологиялық әдіс – жаппай жарылыс идеясын ойлап тауып, соның орындалуына білек түре, бел шеше кірісуі осының белгісі болса керек. Әрине, осы инженерлік әдістің, технологиялық үрдістің өндіріс өмірінде аса маңызды, өте прогресшіл ғылыми-техникалық жаңалық болмауы мүмкін, және руданы көп өндірудің табылған тиімді әдісіне де жатпас, мүмкін ол бұрыннан бар, бұл күндері ескі әдіске айналған құбылыс болуы да ғажап емес. Бірақ романдағы көтерілген негізгі мәселе мұнда емес. Жалпы көркем шығарма ешқашан өмірдің көшірмесіне айналмайды, олай болса романдағы осы оқиғаға байланысты эпизодтардың көтерер көркемдік салмағын, характер ашудағы көркемдік қызметін және жалпы шығарманың тақырыптық-идеялық концепциясын айқындап тұрғанын айрықша атар едік. Олай болса, романға ана бір оқиғаны, мына бір эпизодты неге кіргізген, немесе кейіпкердің мына іс-әрекетінің қажеті қанша еді деудің орнына, соның қай-қайсысы болсын көркемдік қызмет атқарып тұр ма, әлде жоқ па, соған зер салған ләзім.

Сонымен, түйіндей айтсақ, “Қара маржан” романындағы “жаппай жарылыс” желісін авторлық мақсат пен негізгі кейіпкерлердің характерлік даралығына, тұтастығына алып келген тиімді әдіс және ұтымды көркемдік шешім деп бағалаймыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 105 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: